Жаңалықтар

Көкшетауда отбасылық құндылықтардың өзекті мәселелері талқыланды

Көкшетауда отбасылық құндылықтардың өзекті мәселелері талқыланды
14.02.2019 12:28 2508

Көкшетау қаласындағы «Арқа ажары» газеті редакциясындағы дөңгелек үстел барысында спикерлер бүгінгі қоғамда аса өзекті саналатын отбасылық құндылықтардың маңыздылығы, жастар тәрбиесіндегі қазақ халқының дәстүрлері, қазіргі кездегі отбасы мен қоғамның рөлі, рухани-адамгершілік тәлім-тәрбиені сіңіру сынды сұрақтарға жауап іздеді.

Іс-шара модераторы – облыстық «Арқа ажары» қоғамдық-саяси газеті директоры Жабал Ерғалиев қазақстандық жастардың құндылықтар жүйесіне қатысты өзекті сұрақты көтерді. Қатысушылар назарын жастардың рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесінің айрықша мәнге ие екендігіне аударды.

Әкенің отбасындағы рөлін арттыру, әке тәрбиесі, ерте жастан бастап балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлеріне араластыру жөнінде өз пікірін облыстық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ақмола облысы бойынша Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының төрағасы Дуанбай Ыбырай айтып өтті. Ол дөңгелек үстел қатысушыларының назарына «Бүгінгі жастар әкенің рөлін атқаруға қаншалықты дайын», - деген сауал тастап, оған жауап іздеуді ұсынды.

Зере Қиықова жетекшілік ететін ҚХА-ның жанындағы Аналар кеңесінің қызметі туралы баяндай келіп, кеңес бастамасымен Көкшетау қаласы білім беру орындары жандарында және аудандарда құрылған қыздар клубтарының сапалы жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді. Қыздар клубтары өз жұмыстарында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін үйреніп қана қоймай, болашақ отбасы ошағының сақтаушылары есебінде де көптеген дағдыларды меңгеріп, білім алады. Зере Қиықованың әңгімесін одан әрі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, Көкшетау қ. №21 ОМ оқытушысы Қайниза Қайредденова да қолдады.

«Жас жұбайлар арасында ажырасу неліктен көбейіп кетті, азаматтық неке деген не, неліктен жас жұбайлар оған басымдық береді, жұбайларға некелерін қалай сақтап қалуға болады? Осы және өзге де сұрақтарға Көкшетау қалалық АХАЖ бөлімінің өкілдері жүйелі жауап беруге тырысты.

Отбасылық тәрбие, әке рөлін арттыру, жастарды отбасын құруға дайындау, отбасылық құндылықтарды сақтау сынды мәселелерді көтерген «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» ҚҚ директоры Берік Рақышевтың сөзі ерекше ықыласқа ие болды. Өз отбасында 13-інші бала саналатын Берік Ұзақбайұлы көпбалалы отбасының қызық-қуанышы мен қиындығы қатар жүретін өмірі туралы жақсы біледі. Белсенді өмірлік ұстанымы бар азамат бүгіндері отбасыларға психологиялық, медициналық-әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен айналысады. «Мен, өз қызымның сыныбындағы ата-аналар комитетінің мүшесі ретінде мектеп оқушыларына рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыру істеріне көмектесемін. Егер әрбір әке немесе ата дәл осылайша өз балалары, немерелерінің сыныптарындағы кеңестеріне араласып, әкелердің рөлін арттыру жұмысын сапалы жолға қоюдың үлгісін көрсетсе, жақсы болар еді», - деп өз ойымен бөлісті Б. Рақышев. Оның отбасы институты мен мектеп психологтарының мәртебесін көтеру қажеттігі жөніндегі ұсынысын дөңгелек үстел модераторы ерекше назарға алды.

«Отбасы арқылы, оны қолдау және  жұмыс істеу арқылы қазақстандық қоғамның ауыр және кең ауқымдағы рухани-адамгершілік, мәдени, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын іске асыруға болады. Жас ұрпақ үшін отбасы – бұл өмірдегі басты құндылықтардың бірі», - деп кездесуді қорытындылады Ж. Ерғалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға