Жаңалықтар

Кәкiмжан НАУРЫЗБАЕВ: "Абайдың ескерткiшiн алып тастауға дейiн барды"

Кәкiмжан НАУРЫЗБАЕВ, мүсiншi, Қазақстанның Халық суретшiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, профессор:
31.07.2014 06:35 3931

Кәкiмжан НАУРЫЗБАЕВ, мүсiншi, Қазақстанның Халық суретшiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, профессор.

Кәкiмжан НАУРЫЗБАЕВ: "Абайдың ескерткiшiн алып тастауға дейiн барды"

– Ciз қазақтың ақыл-ой алыбыҰлы Абайдың шынайы бейнесiн сомдаған мүсiншiсiз. Дала данышпанының ескерт-кiшiн соғу кiм-көрiнгеннiң маңдайына жазыла бермейтiн бақ. Мұндай үлкен сенiмге қалай ие болдыңыз?

– Ұлы Абайдың өзi себепкер болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннiң өзiнде хакiм Абайдың өлеңдерiн жатқа бiлетiнбiз. Оның қара сөздерiнен нəр алып, рухани өсiп-өндiк. Ұлы ақынның көзiн көрмесем де мен өзiмдi онымен қатар өскендей сезiндiм. Себебi не? Өйткенi оның бүкiл ғұмыры, шығармалары, алып тұлғасы, бет-бейнесi маған темiрқазық болды. Мен оған елiктеп өстiм. Абайдың өзi: «Болмасаң да ұқсап бақ, бiр ғалымды көрсеңiз» демеп пе едi?!

Бұл ендi Ciздiң рухани дайындығыңыз iспеттi ғой. Ал ескерткiштi жасауға тапсырысты қалай алдыңыз?

– 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толу қарсаңында оның алып тұлғасын сомдауға байқау жарияланыпты. Мен ол кезде Өскеменде жүр едiм. Ол байқау туралы мен суретшi достарым Қанафия Телжанов, Сабыр Мəмбеевтер салған жеделхаттан құлағдар болдым. Бұл – менiң үлкен арманым едi. Барлық жұмысымды жинастырып қойып, Алматыға жеттiм. Келсем, Үкiмет басшылары Абай ескерткiшiн екiншi Алматы темiржол бекетiнiң алдындағы алаңға қоятын болып ұйғарым жасап, сол жерге үлкен тас қойыпты. Байқаудың талап-шарттары өте қатаң болды. Оған Ресейден, Белоруссиядан, Татарстан мен Қазақстаннан – бəрi 57 марқасқа мүсiншiлер қатысты. Осы сындарлы сында мен екiншi орын алдым.

Ал бiрiншi орынды кiм алды?

– Ол орын ешкiмге бұйырмады. Сөйтiп жүргенде, ескерткiштi соғуды кейiнге қалдыру туралы Үкiметтiң Қаулысы шықты. Өйткенi ол кезде халықтың тұрмыстық-əлеуметтiк жағдайы төмен едi. Елдiң көбiсi жертөледе тұратын. Соларды баспанамен қамтамасыз ету, басқа да тұрмыстық-əлеуметтiк ахуалын көтеру қажет деп ойлапты.

Сонда əлгi байқаудың əдiрə қалғаны ма?

– Солай болып тұр ғой. Содан үш жыл өткен соң тағы да жабық байқау өткiзiлдi. Бұл дегенiңiз – қатыссаң да қатысасың, қатыспасаң да қатысасың деген сөз ғой. Iрiктеуден өткен мүсiншiлердiң жұмысы Үкiмет назарына ұсынылды. Сонда менiң мүсiнiм сол кездегi ел басшысы Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың көңiлiнен шығыпты. Сөйтiп, Ұлы ақынның ескерткiшiн соғу мəртебесi маған бұйырды.

Ол ескерткiштi қазiргi тұрған тұғырына орнатудың өзi аян арқылы болған тiрлiк деп естимiз. Сол əңгiменiң анық-қанығын өз аузыңыздан естiсек...

– Жоғарыда айтқанымдай, Үкiмет басшылары ескерткiштi қоятын жердi алдын ала белгiлеп қойған. Ол жер менiң көңiлiмнен шыға қоймады. Өйткенi темiржол бекетiнде кiмдер жүредi? Əрине, жолаушылар. Олардың бiрi дiттеген жерiне жетуге асықса, ендi бiрi қайтуға асығады. Ондай көңiлiнде алаң бар адам ескерткiшке мəн берiп қарап, оның бағасына жете қояды деп əсте ойламаймын. Осы пiкiрiмдi Мұхтар Əуезовке бiлдiрдiм. Ол кiсi Димекеңе айтқан екен. Димаш ағамыз кемеңгер кiсi едi ғой. «Онда ол орынды Наурызбаевтың өзi тапсын» дептi. Содан мен Алматының төрт бұрышын түгел кездiм. Ұлы Абайға лайықты орын iздедiм. Сөйтiп, қазiргi тұрған орынға тоқтадым. Ол кезде Көктөбенiң етегiнде ақ шаңқан киiз үйлер көп болатын. Бейнебiр Абайдың ауылы iспеттес əсер қалдыратын. Қазiргi Республика сарайы тұрған жерде базар болушы едi. Оны кейiн сарай салатын болып сүрiп тастады ғой.

Оған Ciз қуанған боларсыз? Қанша дегенмен базар болған соң, ескерткiш аяқ асты болып қалмай ма?

– Қуануын қуандым ғой. Бiрақ одан да күрделi мəселе туын-дады. Тiптi, Абайдың ескерткiшiн алып тастауға дейiн барды.

Кiмдер?

– Кiмдер дерiң бар ма?! Ленин сарайын салатын авторлар құрамы. Олар Дiнмұхаммед Ахметұлына Абай ескерткiшiн алып, оның орнына Лениннiң ескерткiшiн қою туралы ұсыныс жасаған. Димекең олардың бұл ұсынысын қабылдамайды. Сосын олар сол кездегi Бас хатшымыз Леонид Ильич Брежневке хат жолдайды. Сонда ол бұрыштамаға былай деп жазыпты: «Уважаемый Динмухаммед Ахметович! Прошу, разберитесь в этом деле. Мне кажется пахнет шовинизмом» деп. Содан көп кешiкпей, əлгi авторлардың бəрi жоқ болып кеттi. Оларға қан-дай шара қолданылғаны маған əлi де жұмбақ.

Жаңағы аян туралы айтпадыңыз ғой.

– Иə, ол түстi мен Абайдың мүсiнiн соғып жүрген кезде көрдiм. Шығармашылық адамы болған соң күндiз-түнi сол туындың туралы ойланасың. Күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалдым. Қатты уайымдадым, қам жедiм. Ол кезде мен Калинин көшесiндегi № 83-үйдiң 34-пəтерiнде тұратынмын. Пəтер төрт бөлмелi болғанымен, оның екi бөлмесiнде мен, ал қалған екеуiнде басқа бiреулер тұрды. Жатын бөлмемдегi кереует терезеге қарайтын. Бiр күнi түнгi сағат үш-төрттердiң кезiнде терезеден Абай кiрiп келдi. Оны анық көрдiм. Өз-өзiме сенбей, көзiмдi уқалап қоямын. Сенбейiн десем, перде кəдiмгiдей қимылдап тұр. Сосын зайыбымды оятып, мəн-жайды айттым. «Əлде маған солай көрiндi ме?» деген күдiгiмдi де жасырма-дым. Сонда ол: «Олай болса, көз дəрiгерiне барайық» дедi. Сөйтiп, түн ортасында 8-март көшесiндегi көз аурулары емханасына бардық. Дəрiгер мұқият тексерiп, көзiмде ешқан-дай кемшiлiктiң жоқтығын айтты. Сонда барып оның аян екендiгiне көз жеткiздiм.

Қазiр кең байтақ елiмiздiң облыс орталықтары мен тарихи қалаларында халқымыздың бiртуар ұл-қыздарына ескерткiштер қойылуда. Əрине, бұл жақсы нышан. Бiрақ солардың кейбiреуi кейiпкер тұлғасын аша алмай жатады. Мəселен, Астана қаласындағы Абай ескерткiшi төңiрегiнде келеңсiз əңгiме əлi бiр толастар емес.

– Қайдам, мен ол ескерткiштi арнайы барып көрген жоқпын. Бiрақ суреттерден көзiм шалды. Ол мүсiннiң халықтың көңi-лiнен шықпайтындай себебi бар. Өйткенi қазiргi мүсiншiлер ескерткiштi кейiпкердiң суретiне қарап соға салады. Ондай мүсiнде қандай жан болсын! Абайдың ескерткiшiн сомдау үшiн мүсiншi оны өте жақсы бiлуi керек. Оның терең тарихына бойлап, кемел ойына шому қажет. Керек десеңiз, тек Абайды ғана бiлiп қоймай, оның туған жерiн, елiн, оның өскен ортасын, тiптi жұтқан ауасына дейiн бiлуi шарт. Онсыз Абай – Абай болмайды.

Түркiстан қаласындағы əл-Фараби ескерткiшi мен Атыраудағы Сұлтан Бейбарысқа арналған мүсiннiң ара-сында еш айырмашылық жоқ. Екеуi де үстiне шапан киiп, басына сəлде ораған. Бiр қуанарлығы, мүсiншi олардың аты-жөндерiн өзгертудi ұмытпапты. Мұндай сорақылыққа ұстаз əрi маман ретiнде не айтар едiңiз?

– Ендеше, ондай ескерткiштiң астына «Иванов» деп те қою-ға болады. Барлық мəселе осында жатыр. Егер мүсiншi халық алдындағы жауапкершiлiктi сезiнбесе, осындай сорақылыққа барады. Ескерткiш дегенiмiз не? Ол – мəңгiлiк дүние. Ендеше, ондай кез келген мүсiн өз заманынан сыр шертiп тұруы тиiс.

Сонда əлгi ескерткiш қай заманнан тiл қатпақ? Əл-Фарабидiң бе, əлде Сұлтан Бейбарыстың ба?

– Оны сол мүсiннiң авторынан сұрау керек. Менiңше, ол мү-сiншiге ел алдындағы жауапкершiлiк пен өзiнiң ар-намысынан гөрi, қаламақы көбiрек керек болған сыңайлы. Сосын бұл жерде сол ескерткiштi қоюға атсалысқан ұйымдастырушылардың арасында да бiр шикiлiктiң болғаны байқалады. Ұят-ақ болған екен.

– Iлгерiде ҚазҰУ қалашығының студенттер алаңында əл-Фараби бабамыздың еңселi емес, еңсе түсiретiн ескерткiшi тұрушы едi. Университеттiң 70 жылдығына орай оны алып тастап, оның орнына басқасын қойды. Жаңа бiр сө-зiңiзде: «Ескерткiш мəңгiлiк дүние» деп қалдыңыз. Егер ескерткiштердi əрбiр мерейтой сайын ауыстыра берсек, одан қандай қадiр-қасиет қалады?

– Ұлы ұстазға арналған алғашқы ескерткiш менiң де көңiлiмнен шықпаушы едi. Оны алып тастағаны орынды болған.

Ал қазiргi ше?

– Оны да алып тастау керек.

Неге?

– Ол ескерткiш емес, карикатура. Мəңгiлiк ескерткiш деген ондай болмайды. Əл-Фараби кiм? Ол – бүкiл түркi дүниесiнiң тарихы, түрiк халықтарының бет-бейнесi. Ондай тақырыпты игеру үшiн мүсiншiде энциклопедиялық бiлiм болуы қажет.

Ал Ciз сол Ұлы бабамыздың мүсiнiн сомдап көрдiңiз бе?

– Жоқ.

Оған не қолбайлау болды?

– Өйткенi мен оған əлi дайын емеспiн. Оның үстiне, маған ешкiм тапсырыс та берген жоқ.

Егер тапсырыс берiлсе ше, жасар ма едiңiз?

– Бiрден жасай алмаймын. Ол үшiн жүз ойланып, мың толға-ну қажет. Ана – өмiрге сəби əкелу үшiн 9 ай, 9 күн толғатады ғой. Бұл да сол сияқты.

Шеберханаңызда Қаныш Сəтбаевтың ескерткiшi тұр. Оны қай уақытта жасап үлгердiңiз? Ол неге өз тұғырын таппаған?

– Мен – Қанышпен жақын араласқан адаммын. Оның өмiрдегi жəне бiлiм мен ғылымдағы жолын өте жақсы бiлемiн. Бұл ескерткiште Қаныштың жоғары оқу орнын бiтiрiп, тау-тас кезiп, кен iздеу iсiне ендi араласа бастаған кезi бейнеленген. Аяғына етiк киiп тұрғаны да – сол. Егер бiреу бұл ескерткiшке тапсырыс берiп, алар болса, онда мен оның тау маңында, өте биiкте тұрғанын қалар едiм. Өйткенi мүсiннiң өзi соған сұранып тұр. Оның үстiне, өзiм де ол мүсiндi сондай таулы аймаққа ар-нап соқтым. Ол ескерткiштi Қаныш Сəтбаевтың 100 жылды-ғы қарсаңында жасаған болатынмын. Сол күйi əлi тұр. Ешкiмге керек емес сияқты. Сосын мен де үндемей жатырмын.

Жалпы алғанда, Ciз Абайдың неше мүсiнiн жасадыңыз?

– Екi мүсiнiн жасадым. Оның бiрi – осы Алматыда тұрса, екiншiсi – Қарауылға орнатылған.

Тағы қандай тарихи тұлғалардың бейнесiн сомда-дыңыз?

– Амангелдi Иманов пен Əлiби Жангелдиннiң қатар тұрған жəне жеке ескерткiшiн соққаным бар. Олар Торғайда тұр. Сосын мынау Ғылым Академиясының алдында тұрған Шоқан Уəлихановтың мүсiнiн жасадым. Оны жұрттың бəрi жақсы бiледi. Ал Жамбылға арнап соққан екi ескерткiшiмнiң бiрi – Алматыда, екiншiсi – Жамбылда тұр. Мəселе – олардың санында емес, сапасында ғой.

Өзiңiз тəрбиелеген шəкiрттерiңiз бар ма?

– Бар ғой. Бiрақ сол шəкiрттердiң iшiндегi таланттысы – Тiлеубердi Бинашев. Оның болашағынан мол үмiт күтемiн. Сондықтан ол алдағы уақытта өз еңбегiн халыққа көрсетуi тиiс.

Жалпы, бiздiң елде мүсiншiлердiң қалыптасқан мектебi бар ма?

– Қазақстанда мүсiн өнерiн ең алғаш қалыптастырған – мен. Бұл – мақтанғаным емес. Бiрақ мақтансам да болады. Оған ешкiм қарсы дау айта қоймас. Осы орайда мына əңгiменi айта кеткiм келiп отыр. 1947 жылы Алматыға атақты мүсiншi Евгений Викторович Утетич келдi. Ол Бауыржан Момышұлының жақын жолдасы болатын. Сол Баукеңнiң мұрындық болуымен Евгений Викторович сол кездегi Орталық алаңға Лениннiң ескерткiшiн жасап қойды. Сондай бiр күндерi Баукеңнiң үйiнде қонақта отырған болатынбыз. Ойымда ештеңе жоқ. Бiр кезде əлгi Е.Утетич маған қарап: «Сенiң сурет өнерiмен айналысқаның дұрыс. Бiр көзбен мүсiншi болу – саған ауыр тиедi» дедi. Оның бұл сөзi маған қатты тидi. Жүрегiмдi ауыртты. Бiр апта бойы үйден шықпай, жылап жаттым. Сонда өз-өзiме: «Мен қайтсем де мықты мүсiншi боламын» деп ант еттiм. Бiр жағы ол сөзi менi қамшылады. Содан бастап мен өз-өзiмдi аямай еңбек еттiм. Маған абырой əперген туындылардың бəрi осыдан кейiн туды.

Сол еңбектерiңiздi əлгi «ақылгөй» мүсiншi көрдi ме?

– Көрдi ғой.

Қандай баға бердi? Не дедi?

– Баға да берген жоқ. Тiл де қатпады. Мен де оған жолай қойған жоқпын. Ендi Абай ескерткiшiне байланысты тағы да бiр қызық əңгiме айтып берейiн. Ұлы ақынның мүсiнiн тұғырға орнатқаннан кейiн бiрнеше шығармашылық одақ менiң бұл еңбегiмдi Лениндiк сыйлыққа ұсынды. Бiр қызығы – менiң өзiм осы сыйлықты беру комиссиясының мүшесiмiн. Сонымен, жиналыс өтiп жатыр. Комиссия мүшелерi бiрiнен соң бiрi сөз алып, мақтап жатыр. Сосын мен сөз сұрадым. Сөйтсем, олар: «Жолдас, Наурызбаев, Ciз шыға тұрыңыз. Бұл мəселенi бiз Ciзсiз-ақ шешемiз» дедi. Сонда да қайтпай: «Жарайды, мен шығайын.

Бiрақ оның алдында сiздерге айтатын ұсынысым бар. Бұл – Абай менiң соңғы жұмысым емес. Мен əлi жаспын. Егер сiздер осы жолы маған Ленин сыйлығын берер болсаңыздар, бақыттан басым айналып, менiң iзденбей қоюым мүмкiн. Сондықтан мен сыйлықтан бас тартамын» деп бəрiне көз жүгiртiп өттiм. Сөйтсем, Тихонов пен Галина Ульянова бастарын шайқап отыр екен. Сол мəжiлiсте өз кандидатурамды өзiм алдырып тастап, сыртқа шықсам, менiмен iлесе Мұхтар Əуезов те шығыпты. Ол менi əбден жер-жебiрiме жетiп ұрысты.

Сөйтiп, сол жолы сыйлықты алмай кеттiңiз бе?

– Жоқ, алдым. Комиссия менiң ұсынысымды қабылдамай қойыпты. Қазiр ойлаймын, соған Мұхтар Əуезовтiң ықпалы тидi-ау деп. Қазiр сол кездердi сағына еске аламын.

– Ciзқазақтың атпал азаматы Нұртас Оңдасыновтың шарапатын көрген адамдардың бiрiсiз. Ол қандай адам, қандай басшы едi?

– Мен жетiншi сыныптан кейiн оқыған жоқпын. Өйткенi ол кезде соғыс басталып кеттi. Елдiң жағдайы қиын едi. Бас көтеретiн азаматтардың бəрi майданға кеттi. Мен ауылдың ұстасы болып қалдым. Сонау шалғай Қостанайда жүрген менi Алматыға алдырып, оқытып, шоқытып, осындай мүсiншi дəрежесiне жеткiзген адам – Нұртас Оңдасынов едi. Ол ел басшыларының бiрi бола жүрiп, ел iшiндегi талантты жастар-ды өсiруге көп еңбек сiңiрдi. Жалпы, ол өнер адамдарына деген қамқорлығын аяған емес. Нұрағаң менiң əкемдей болып кеткен адам едi. Мен ол кiсiнiң алдында өмiр бақи қарыздармын. Қазiргi басшылар ол кiсiден үлгi-өнеге ала алса, игi.

Əңгiмеңiзге рақмет

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға