Жаңалықтар

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі

Мәлімет беруші Жанғали Смағұлұлының айтуы бойынша, сапасы жағынан біркелкі таңдалып алынған теріні бір-екі күн бойы суға салып жібітеді.
20.08.2014 11:33 9284

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі. Мәлімет беруші Жанғали Смағұлұлының айтуы бойынша, сапасы жағынан біркелкі таңдалып алынған теріні бір-екі күн бойы суға салып жібітеді. Содан кейін теріні шелі мен кір қоқыстан жақсылап қырып тазалайды. Әк пен күлді суға қою етіп араластырып дайындаған ерітіндіге терілерді 4-10 күнге салып қояды. Жүні жиди бастаған терілер қопсып, ісініп, қыртысы әжептеуір қалыңдай түседі. Осы кезде терілерді ерітіндіден алып, мұқият тазалап жуғаннан соң, өткір ұстарамен немесе жүзі доғал келген арнайы пышақпен жүнін өте жұқа тері қабатымен қоса қырып алады. Бұл шара майды толық сіңіру үшін маңызды болып саналады. Бұл К.-нің басқа былғары түрлерін жасаудағы басты ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Жүнінен айырған теріні тағы да әкпен жібітіп, бір-екі күн ұстайды. Содан соң ағын суға тағы бір- екі күн салып қойып, әгі әбден кеткенше жуып тазалайды. Кейбір жағдайда тері салған суды жиі ауыстырып отырады. Сондай-ақ, талқыға салу немесе қолмен уқалау тәсілімен әкті кетіреді (қ. Талқы).

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі

Күдері шапан. КР МОМ қорында (КП 568)

Мұнан кейін теріні ашыған айран мен кебек аралас иде ұстайды. Бұл шара терінің құрамындағы әктің қалдығы қалмай, тері ақжемделіп, сөлі кету үшін жасалады. Сонан теріні тағы да жақсылап жуып күнге қарсы қойып қарайды. Мұндайда терінің әгі кетпеген жерлері ала-құла болып көрініп тұрады. Егер ала тұстары болса, ол толық кеткенше қайта-қайта жуады. Сонан кейін суын сорғытып біраз дегдітеді. Дегдіген теріге жылқының іш майын бірнеше дүркін жағып сіңіреді де, бірер күн қаттап қояды. Сонда қатталған терілер өздігінен қызып, май ашып шайырлана бастайды. Бабына жеткенін білу үшін терінің арасына қол сұғып, оның қызуы қайтқан-қайтпағанын анықтайды. Әрі, терінің иісінің өзгергенін бақылап отырады. Бабына келді- ау деген терілерді желдің өтіне, көлеңке жерге іліп қояды. Жағылған май ашып, терінің құрамына әбден сіңген кезде ақжем болған аппақ тері қою сары түске енеді. Ал, терінің өзіне тән иісі жойылып, қышқылтым ерекше иіс пайда болады. Осыдан кейін теріні күнге қарсы ұстап тұрып, сары түстің алабажақтанбай біркелкі болуын қадағалайды. Біркелкі түсті болған терінің артық майын сығымдап басып кетіреді де, майдың артық қалдықтарын сақар еріткен суға немесе сабынды сумен жақсылап жуып кетіреді (қ. Сақар қайнату). Міне, осы теріні кептіріп алғаннан соң, қыртыстарын жазады. Дайын болған К.-ні қажетіне қарай пайдаланады.

К. басқа қайыс түрлеріне қарағанда ылғал, суық және ыстық сияқты әсерлерге өз қасиетін жоғалтпайтын ерекшелігіне байланысты оны көбінесе, кіреуке сауыттардың ішкі бауын жасауға пайдаланған. Яғни, К. ылғал сормайтын, ұдайы бірқалыпты жағдайда болатын өте берік материал. Осыған байланысты ауыз әдебиетінің үлгілерінде күдері бау тіркесі теріден жасалған бау деген мағынада қолданылады

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда

Доспамбет жырау (ХVI ғ.)

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екеміз?

Ақтамберді жырау (1675-1768) ҚР МОМ қорында КП 13115а нөмірмен табағы (ортасы) күдері кесінділерінен құрастырылып тігілген бірегей тұскілем сақтаулы. Оның ұзындығы 336 см, ені 156 см. Күдеріден тұратын табағының орта тұсына алақұрт жиекті күн өрнегі кестеленген. Оны айнала шашырай қызыл, көк түсті зооморфты өрнектер бізкестелеп тігу тәсілімен өрнектелген. Сондай-ақ, ақ және көк түсті үлкенді-кішілі гүл өрнектері шашырай кестеленген. К.-нің жиегіне (үш жағына) алақұрт өрнегінен тұратын екі қатар су жүргізіліп, арасына көкшіл түсті көгеріс өрнегі өрнектелген. Жасыл барқыттан тұратын көмкермесінің бетіне қызыл түсті теңіз маржандарынан гүлқауызы өрнегі (45 дана), шыны моншақтар, седеп түймелер және қалыптың көмегімен құйылған металл шытыралар тігіліп, көгеріс өрнегі желісін үзбей айналдырылған. Екі жаны және үстінгі жағы құндыз терісімен жұрындалған. Жоғарғы жағына ілуге арналған мақта матадан ілгектер тағылған. Етегі дәстүрлі тұскиізге тән – ашық күйінде қалдырылған.

Әдетте, К.-ні сәнді киімдерді тігуге пайдаланған. К.-ден оқалы, кестелі жарғақ шалбарлар және шапан сияқты тігу қазақ қолөнерінде кеңінен таралған. Мұндай К.-ден жасалған бағалы тұскілемдер мен шалбарларды, көбінесе, ауқатты отбасы мүшелер тұтынған.

 Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі

Кестеленген күдері жарғақ шалбар. ҚР МОМ қорынан (КП 627)

 

ҚР МОМ қорында К.-ден жасалған шалбарлардың бірнеше түрі сақталған. Оның ішінде кестеленген, сәнделген түрлерімен бірге, ертеде тігілген әрі қарапайым, әрі көне нұсқалары да бар. Осындай ер адамның сарғыш түсті (КП 627) К. шалбарының екі балағынан ышқырына дейін түгелімен көгеріс және мүйіз өрнектері кестеленген. Маусымдық киімге саналған К. шалбардың астары шыттан салынған. Шалбардың ұзындығы 92 см, белі 152 см, балағының ені 34 см.

К.-ге тән ерекше қасиет – оның барқыт сияқты мақпал түктілігі, сонымен қатар өте жұмсақ болса да жыртыла қоймайтын мықтылығы. Өңдеу барысында сіңірілген майлар К.-ні судың, тіпті сабынды судың әсерінен де өзгеріске ұшырамайтын етеді. Осы ерекшелігіне байланысты К.-ден жасалған бұйымдар сабынды сумен жууға жарамды болады. Яғни, К. басқа тері бұйымдары сияқты тырысып, қатайып қалмай, сол жұмсақ қалпын сақтайды.

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі

Күдері мәсі. ҚР МОМ қорынан (КП 1067)

Көшпелі ортаның тұтыныс талаптарына үйлескен К.-ден жасалған бұйымның бірі – ҚР МОМ қорындағы (КП 1067) сарғыш түсті күдеріден құрастырылып тігілген ер адамның мәсісі. Тұмсығы үшкіл, қайқы тұмсық. Оның қонышы екі бөлек – балтыр бөлігі күлшінмен бірге тұтас, ал алдыңғы бөлігі ұзын етіп пішілген. Аталмыш екі бөлік екі бүйірінен біріктірілген. Өкшесіне бірнеше ұлтан қабатталып тігілген. Өлшемі: қонышының алды 37 см, арты 27 см, табан ұзындығы 28 см, ені 6-10 см, өкше биікт. 2 см.

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі

Күдері деңмент. ҚР МОМ қорынан (КП)

ҚР МОМ қорында сақталған (КП 1193) белдік ашық сары түсті күдеріден жасалған. Ұзындығы 268 см, ені 6 см болып келген. Белдіктің өн бойы оюлы шытыралармен әшекейленіп, дөңгелек ақық көзді екі салпыншақ әшекей орнатылған. Белдіктің бір ұшы шытыралы ілгегі арқылы келесі басындағы арнайы жасалған тесіктердің біріне өткізіліп буынады. 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға