Жаңалықтар

Күдері

Күдері деген не
23.11.2015 11:40 12193

Күдері – жұмсақ етіп ерекше тәсілмен өңделген тері түрі. Күдерінің өте жоғары сапалысын мақпал күдері немесе күдері мақпал деп атаған.

Күдері

Қазақтар күдерінің жай түрін туша, лақ және тоқтының, сондай-ақ, сүт емген бұзаудың терісінен, ал мақпал күдері сияқты ерекше сапалы түрлері көбінесе киік, елік, қарақұйрық сияқты қоңыр аңның терісінен дайындалған. Күдері илеудің ерекшелігі – майы шелі кетіріліп, ақ жем болған шикі теріге май сіңіру арқылы жасалуында. Осылайша, теріге сіңген майдың әсерінен күдеріде басқа былғары түрлеріне қарағанда ерекше қасиет пайда болады. Күдері – су тисе де құрысып қалмайды, яғни, өзгермейтін, ерекше жұмсақ, әрі берік. Мұндай тәсілімен жасалған күдері көбінесе, қошқыл сары түсті болып келеді.

Күдері жасаудың қазақ шеберлері қолданған дәстүрлі тәсілі. Мәлімет беруші Жанғали Смағұлұлының айтуы бойынша, сапасы жағынан біркелкі таңдалып алынған теріні бір-екі күн бойы суға салып жібітеді. Содан кейін теріні шелі мен кір қоқыстан жақсылап қырып тазалайды. Әк пен күлді суға қою етіп араластырып дайындаған ерітіндіге терілерді 4-10 күнге салып қояды. Жүні жиди бастаған терілер қопсып, ісініп, қыртысы әжептеуір қалыңдай түседі. Осы кезде терілерді ерітіндіден алып, мұқият тазалап жуғаннан соң, өткір ұстарамен немесе жүзі доғал келген арнайы пышақпен жүнін өте жұқа тері қабатымен қоса қырып алады. Бұл шара майды толық сіңіру үшін маңызды болып саналады. Бұл күдерінің басқа былғары түрлерін жасаудағы басты ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Жүнінен айырған теріні тағы да әкпен жібітіп, бір-екі күн ұстайды. Содан соң ағын суға тағы бір-екі күн салып қойып, әгі әбден кеткенше жуып тазалайды. Кейбір жағдайда тері салған суды жиі ауыстырып отырады. Сондай-ақ, талқыға салу немесе қолмен уқалау тәсілімен әкті кетіреді.

Мұнан кейін теріні ашыған айран мен кебек аралас иде ұстайды. Бұл шара терінің құрамындағы әктің қалдығы қалмай, тері ақжемделіп, сөлі кету үшін жасалады. Сонан теріні тағы да жақсылап жуып күнге қарсы қойып қарайды. Мұндайда терінің әгі кетпеген жерлері ала-құла болып көрініп тұрады. Егер ала тұстары болса, ол толық кеткенше қайта-қайта жуады. Сонан кейін суын сорғытып біраз дегдітеді. Дегдіген теріге жылқының іш майын бірнеше дүркін жағып сіңіреді де, бірер күн қаттап қояды. Сонда қатталған терілер өздігінен қызып, май ашып шайырлана бастайды. Бабына жеткенін білу үшін терінің арасына қол сұғып, оның қызуы қайтқан-қайтпағанын анықтайды. Әрі, терінің иісінің өзгергенін бақылап отырады. Бабына келді-ау деген терілерді желдің өтіне, көлеңке жерге іліп қояды. Жағылған май ашып, терінің құрамына әбден сіңген кезде ақжем болған аппақ тері қою сары түске енеді. Ал, терінің өзіне тән иісі жойылып, қышқылтым ерекше иіс пайда болады. Осыдан кейін теріні күнге қарсы ұстап тұрып, сары түстің алабажақтанбай біркелкі болуын қадағалайды. Біркелкі түсті болған терінің артық майын сығымдап басып кетіреді де, майдың артық қалдықтарын сақар еріткен суға немесе сабынды сумен жақсылап жуып кетіреді. Міне, осы теріні кептіріп алғаннан соң, қыртыстарын жазады. Дайын болған күдеріні қажетіне қарай пайдаланады.

Күдері басқа қайыс түрлеріне қарағанда ылғал, суық және ыстық сияқты әсерлерге өз қасиетін жоғалтпайтын ерекшелігіне байланысты оны көбінесе, кіреуке сауыттардың ішкі бауын жасауға пайдаланған. Яғни, күдері ылғал сормайтын, ұдайы бірқалыпты жағдайда болатын өте берік материал. Осыған байланысты ауыз әдебиетінің үлгілерінде күдері бау тіркесі теріден жасалған бау деген мағынада қолданылады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға