Жаңалықтар

КӘДЕЛІ МҮШЕЛЕР/КӘДЕЛІ СЫБАҒА

Адамдардың әлеуметтiк, жас, жыныстық, туыстық- жақындық ерекшелігіне байланысты ұсынылатын немесе сақталатын жіліктелген мал етінің семантикалық аса мәнді бөліктері.
19.08.2014 06:38 6581

КӘДЕЛІ МҮШЕЛЕР/КӘДЕЛІ СЫБАҒА адамдардың әлеуметтiк, жас, жыныстық, туыстық- жақындық ерекшелігіне байланысты ұсынылатын немесе сақталатын жіліктелген мал етінің семантикалық аса мәнді бөліктері. Ол қоғам мүшелерінің мәртебесіне және туыстық қатынастарға негізделген дәстүрлі қағидаға байланысты әркелкі болып келеді. Ет мүшелері туралы наным-сенім, таным-түсінікке байланысты асылған мал етi мен мүшелерiн дұрыс үлестiру, сыбағалы табақ тарту аса жауапкершілікті қажет етеді. Онда мал анатомиясының ерекшеліктері негізге алынады. Әлемді, дүниені жетелейтін, бастайтын бас, ол – жаратылыстағы жаңаның, жаңа тіршіліктің бастауы. Осындай символикалық таным-түсінікке сай ең сыйлы адамға бас тарту қалыптасты (қ. Бас тарту; Ет; Ет тағамдары). Сонымен қатар соғымнан сыбаға апару, қыз сыбағасын жіберіп тұру, алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтау сияқты кәделі асты қадір, кие тұту сияқты астарлы мәндері көрініс табады. Мәселен, сыбаға сақтау жолаушының аман-есен оралып, осы дәмнен ауыз тиюіне тілектестік білдіріп тұрады деп ырымдауға байланысты пайда болған (қ. Сыбаға).

Дәстүрлі ортада күйеу мен қыздың сыбағасы, яғни К.м.-сі ретінде мiндеттi түрде асық жiлiк пен төс тартылады (қ. Асықты жілік). Жаңадан түскен келiнге арналып жасала- тын «отқа шақыру» немесе «босаға көрсету» рәсiмiнде абысындары мен жас келiн арасындағы қарым-қатынастың К.м.-ді дәстүрлi нормалары аталған кәделi мүшелердi бөлiп ауыз тиюiмен басталады. Мұндайда салтқа қатысты наным, ұстанымдармен қатар дайындалған мал мүшелерiн айыра бiлу өте маңызды. Оған ата-ана балаларын жас кезінен бастап, табақтағы әрбір мүшенің белгісі мен ерекшелігін айтып, үйретіп отырады (қ. Жілік; Кәделі ас).

Ас-тағамға қатысты жора-жосындарының ережесіне сай белгіленген ет мүшелерiн тиесілі адамына емес, басқаға ұсыну үлкен әбестiк боп саналады. Сонымен бірге ырым- тыйымдарға байланысты тыйым салынған мүшелер ретінде кәрі жілік қыздарға ұсынылмайды, еркекке төстің сүрiншегi (аты сүрiншек болады деп ырымдайды) берiлмейдi. Олардың қатарында iшкi мүшелердiң бөлiктерi де бар: жетiм бауыр, жетiм өкпе аталатын кiшкене бөлiктерi балаларға берiлмейдi. Әдетте, мойын-омыртқа кәделі ет мүшесіне жатпаса да қалжа кезінде әйелдердің барлығы міндетті түрде ауыз тиеді (қ. Қалжа).

Мал мүшелерiн жақсы танып-бiлудiң ғұрыптық қызметiмен қоса, практикалық маңызы да жоғары. Түйе мен сиырдың бүйрегiн, жылқының бауырын жесе, безгек ауруына шалдығады деген наным бар. Бүгінгі күнге дейін бұл ұстанымдармен қоса, мал етi мен майын сан алуан бездерден тазартудың санитариялық, сақтандырушылық рөлi бар.

Тамақтану барысында К. с.-ны тураудың қалыптасқан тәртібі болған. Мәселен, жамбас сүйектің етін қалбағай басынан емес, жамбастың астыңғы бөлiгi, яғни шонданай тұсынан ұстап турау қажет. Басқаша ұсталған жағдайда,

«Атыңа терiс қарап мiнесiң бе?» деп әзiлдеп, қонақтың жөн-жосық бiлмейтiндiгiн әжуалап әшкерелейдi. Мұның өзі адамның абыройын түсірген.

Мал етiнiң кейбiр кәделi мүшелерi адамдар арасындағы сыйластық өлшемiнiң көрнекі үлгісі ғана емес, заңдық- сараптамалық қызметтi де меңзейдi, дәлірек айтқанда, мал етiнiң құрамы, талшығы, дәмi арқылы мал мен аң етiн, олардың кәрi немесе жас, арам немесе адал (арнайы сойылған немесе арам өлген) екендiгiн айыра бiледi. Кексе мал етi қатты, сiңiрлi, шандырлы келсе, аң етiнiң талшығы кесек, жуан, түсi қызғылтым, әрi өзiндiк дәмi болады. 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға