КӘДЕ
КӘДЕ – әдет-ғұрып, жосын-жоралғылардың дағдылы, дәстүрлі жолмен атқарылуын білдіретін ұғым. Осы салттар барысында жасалатын сый-сияпат, алыс-беріс, ақы түрлерінің де жалпы атауы. К.-ні күнделікті және әлеуметтік қарым-қатынастар кезінде ескерілетін әдеттік нормалар ретінде қарастыруға болады. Қалыңсыз қыз бол- са да, кәдесіз қыз болмайды деген мақал К.-нің міндетті түрде орындалу тиіс үрдіс екендігін айғақтайды. Мы- салы, үйлену дәстүрі кезінде кейбір салттар алдын-ала келісілгендей толығымен орындалмай жатса да, негізгі жөн-жобадан ауытқымайтын ырым-жоралардың басқаша жонымен де атқарылатынын меңзейді. Қонақ келген кез- де ғасырлар бойы қалыптасқан салт бойынша ас-су беріп, атын да күтіп аттандыру қонаққа жасалуы тиіс міндетті К.-лердің бірі болып саналады. Аңшылық кезінде жолай кезіккен адамға сыралғы беру немесе батырдан олжа дәмету, оның берілуі де нормалық деңгейде қалыптасқан К.-лерге жатады.
Шаруашылық, аңшылық әрекеттері кезінде түрлі ахуалдарға сай жасалатын К.-лер бар. Мысалы, шашыратқы. Оның бірнеше түрі бар. Соның бір мысалы, қойшы өрістегі малдан кімнің қойы қашса (ұрықтанса) сол қойдың иесіне кешке келген соң айтып, К. алатын болған. Бұл жерде қойшыға сый беру – садақа шығару, мал көбейтуді ырымдағанды білдіреді. Соғым сойған кезде кейінірек асу үшін арнайы дайындап сақталатын көтенішект3 асып, алғашқы мал төлдеген күні көтенге шақыру К.-сін атқарады (қ. Көтенасар; Көтенішек; Сыралғы; Шашыратқы).
Алыс-беріске негізделген К.-ді атқарылу мәніне қарай – тіршілік цикліне байланысты әдет-ғұрыптар кезінде атқарылатын К.-лер, той-мерекелік К.-лер, құдалық немесе үйлену ғұрпына байланысты К.-лер деген сияқты түрлерге бөлуге болады.
Адамның дүниеге келуінен бастап, өмірден озғанға дейінгі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер кезінде көптеген К.- лер қоса жүретіні мәлім. Мысалы, алуан түрлі К.-лер балағa арналған төмендегідей ғұрыптарды атқару кезінде де жүреді: ат қою, кіндік кесер, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, байғазы, көрімдік, тоқым қағар және т.б. Адам жасына, өсіп жетілуіне байланысты, қоғамдағы орнын, мәртебесін белгілеуге қатысты өткізілетін біршама жосын-жоралғылар кезінде де түрлі К.-лер атқарылады: сүндеттеу, сырға (үкі) тағу, қозыжас, атқа (ашамайға) мінгізу, тойбастар, айттық, мүше сұрау, көрімдік, шашу, жыртыс, сарқыт т.б.
Сондай-ақ, құда түсуден басталатын үйлену салтына байланысты атқарылатын төмендегідей түрлі жосын- дар кезіндегі К.-лер тіптен көп: қарғыбау, шеге ша- пан, қалыңмал, өлi-тipi, сүтақы, батааяқ, той малы, табалдырық аттар, атбайлар, тойбастар, құйрық-бауыр асату, сандық ашар, шай құяр, құда тартар, көрімдік, ұн (айран) жағу, табаққа салар, сый табақ, отқа құяр, түйемұрындық, қосақбас, кeбic салар, киіт, киім ілер, құда аттандырар сияқты т.б. К.-лер үйлену жосын- жоралғылары кезінде тіптен молая түседі: eciк көру, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүтақы, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, шымылдық байлap, отау жабар, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылда- тар, кемпір өлді, бақан салар, мойын тастар, қыз қашap, ілу, көпшік қыстырар, күйеу аттандырар және т.б.
Қайын жұртына келген жаңа күйеу жігіт әуелі қайын атасы мен қайын енесіне, ауыл ақсақалдарына сәлем береді. Күйеу жігітті ертіп келген құдалар жағы қыздың ата-ана- сына, жақын ағайын-туыстарына киіт кигізіп, күйеу жігіт сол күннен бастап, кетер-кеткенше қайын жұрт жағындағы жеңге, құрдас, замандастарына орайы келген сәттерде тарту- таралғысын таратады. Жігіт жасайтын сый-сыяпаттың бәрі кәде деп аталады. К. қайын жұрт жағының сұранысына орай беріледі. Жігіттің ұрын келуіне орай қыз ауылында алтыбақан құрып, өлең айтып, той-думан құрады. Осы кештердің бірінде жігітті қалыңдығымен таныстыру рәсімін жеңгей, құрбы-құрдастары ұйымдастырады. Ол үшін әуелі қыздың жаңа отауы тігіліп, жиһаздалады. Отауға жастар жиналып, ойын-сауық құрады. Ойын-сауықты аяқтап, жиналған жастар тараған сәтте қыздың сырлас жеңге, құрбылары қыз бен жігітті оңаша алып қалып, бетпе-бет ди- дарластыру салтын жасайды. К. осы сәттен бастап сұралады. Жеңге, құрбылары босаға аттар, шаңырақ көтерер, уық шаншар, үзік жабар сияқты сылтаумен сан қилы ақы тілей бастайды. Күйеу жігіт ырым-жора жасағандардың әрқайсысына лайықты сыйлық, тарту-таралғы ұсынады. Со- нан соң жігітті төсектің алдына тартылған шымылдықтың ар жағында отырған қалыңдығына жақындатады. Төсек жанында тұрған тағы бір құрбы «төсек саларымды бер» деп қиылады. Оған тиісті К. төленген соң, ең жақын жеңге немесе құрбы қызы жігіттің қолын шымылдық ішіне таман создырып, қыздың саусағынан не білегінен, не болмаса ша- шынан ғана сипатады. Осы сәтте ақ білектен ұстатудың, шаш сипардың К.-сі сұралады. Отау үйге кіргенде жігіттен көрпе жабар, аяқ қымтар кәделері сұралған. Егер күйеу жігіт аталған сыйлықтарды беруден бас тартса, ат өлсе де кәде өлмейді деген дәстүр бойынша ауыл әйелдері күйеу жігітті қатты сөгеді. Егер күйеу жігіт ештеңе бермесе, жа- нына еріп келген жолдасының жейдесін жыртып тастайды. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Күйеу жігіт қалай болғанда да қайынжұртына арнайы дайындықпен баруға тырысады. Осы аталған К.-лер сый-кәде, тарту-таралғы беруге негізделген алым-берім түрінде жасалады (қ. Күйеу). Ал, өлік жөнелтуге байланысты жосын-жоралғылар кезінде жасалатын, яғни берілетін К.-лер де өзіндік сипатқа ие: арулаған сүйекшілерге беретін сый-кәделер, жыртыс тарату, қабыршы кәдесі, киім тарату, сыйыт, дұға оқыту, бата (оқыр) кәдесі, садақа, жеті шелпек тарату т.б.
Сайып келгенде, барлық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жосын жоралғылардың қоғам мүшелерін жақындастыру, ұйыстыра түсуге қызмет етуі К. беру сияқты заттай алыс-беріс түрінде де атқарылғандығын жоғарыдағы мысалдардан көруге болады. Демек, К. басқа да әдеттік, салттық, ғұрыптық ин- ституттар мен принциптер және нормалар сияқты дәстүрлі қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастар жүйесінің белсенді элементтері, тіпті, қағидалық мәні бар принциптерінің бірі болды.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»