Жаңалықтар

Алтынай Нөгербек: «Ана рөлін сомдаудан жалықпаймын"

Театр және кино актрисасының өнер жолы
Алтынай Нөгербек: «Ана рөлін сомдаудан жалықпаймын"
19.02.2020 18:05 6201

Театр – көпшілікті рухани байытушы. Ел өмірінің айнасына айналған киелі театрларымыз жылдан-жылға шама-шарқынша дамып жатыр. Тіпті төрткүл дүниеге өз өнерлерін паш етіп, еліміздің мәдениет саласының кең қанат жаюына өз үлестерін қосып келеді. Осы орайда біз Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры мен кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек Бауыржанқызымен әңгімелескен болатынбыз.

75349240_519414118646389_5978538323276151468_n.jpg

(Фотода: Алтынай Нөгербек)

Көпшілікке «Жүрегім менің – Астана», «Анаға апарар жол» фильміндегі ананың рөлдерімен танылған Алтынай Нөгербек Алматы қаласының тумасы. Ол кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор әрі Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі өнер адамдары болғандықтан оның балалық шағы көбінесе театрда және кино үйінде өткен екен.

– Бала кезімнен күнделікті өнер саласында болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып өстім. Ата-анам жұмыстан қолы босағанда үнемі кітапханаларға, мұражайларға апарып тұратын. Соның арқасында өнерге деген қызығушылығым біртіндеп ояна бастады. Бірақ нақты шешімді мен 9-сыныпта оқып жүргенде қабылдадым, - дейді Алтынай Нөгербек.

Сол уақыттағы 14-15 жастағы бойжеткенге 1990 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен фестиваль әсер етіпті.

– Республиканың түкпір-түкпірінен келген театр әртістерінің өнерлерін сырттай тамашалап тұрдым. Жезқазған қаласы театрының «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымымен сахнаға шыққан бір топ өнерпаздың өнері мені қатты баурап алды. Олардың актерлық құрамының кереметтігін мойындаймын. Себебі, Қодарды Қоныс аға Бегайдаров, Қозыны Жоламан Базарқұлов, Баянды Карина Зибагүл ойнаған болатын.

3606eee7-b7af-45f0-a8b2-bdca55758b7b.jpg

Оған қоса, осы қойылымда болашақ актрисаны қатты таңқалдырған тағы бір жайт болған.

– Біздің санамызда бұрыннан жағымды және жағымсыз кейіпкер деген ұғым қалыптасқан ғой. Оның үстіне ол кезде әлі Кеңес үкіметінің ықпалы да аздап бар. Бізді солай оқытса да, мен аз ғана уақыттың ішінде сахнадан мүлдем басқа өмірді көрдім. Қодар қылмысты Баянға деген махаббаттан жасағанымен, мен оның қастандығын кешірдім. Білесіз бе? Бұл мен үшін санамда бір   үлкен төңкеріс жасаған секілді. Мен жағымсыз кейіпкердің де жағымды жағын көрдім.

Күтпеген жерден осындай күйді бастан өткерген Алтынай Нөгербек қойылым аяқталған соң бірден сахнаның сыртына барып, әртістермен жүзбе-жүз кездесуді қалаған.

– Әдеттегідей спектакльді тамашалап, қол шапалақтап, қайтатынбыз. Ал сахнаның артына баруға аса қатты құмартпайтынмын. Бірақ дәл сол кезде неге екенін білмеймін, мен қойылымда ойнаған әртістік құрамды көргім келді. Театртанушы әрі анам Бекхожина Гүлжиһан Қалижанқызы сол фестивальде қазылар алқасының мүшесі болғандықтан сахнаның артына баруға мүмкіндік болды.Содан барған бойда бірден Қоныс ағаға «Мен сіз секілді әртіс болғым келеді» дегенім бар. Осы қойылымнан кейін мен актерлық мамандыққа барамын деп нақты шешім қабылдадым.

0f193410-c0c8-4219-ac0f-91b810cef651.jpg

Актриса 1993 жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебін бітірген соң, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино» факультетінің «Кино және театр әртісі» бөліміне оқуға түседі. Мұнда ол еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері әрі театр сыншысы Әшірбек Сығай мен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері және профессор Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасынан өтіп, оны үздік нәтижемен аяқтап, кәсіби маман болып шығады. 1997 жылдан бастап елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында актриса ретінде өз көрермендерін қуантып келеді.

– Шынымды айтсам, ешқашан жұлдыз ауруымен ауырған жоқпын. Ол адамның табиғатына байланысты шығар... Мәселен, мен бала кезімнен ұяң болып өстім. Қазіргі кезде де әдеп сақтап тұрамын. Бұл қазақи тәрбиеден болуы мүмкін... Тағы бір себеп, әке-шешем өнер адамдары болғандықтан әрқашан «жұлдыз» ауруымен ауыруға болмайды деп айтып отыратын. Яғни «оның бәрі уақытша, ал сенің өнерің осы адал еңбегің болу керек» деп...

Сонымен қоса, актриса бұған тағы бір себеп бар дейді.

– Өнер жолында бақ деген нәрсе бар... Яғни бағы жанған не жанбаған актер болады. Менің өнерде де, өмірде де бағым жанды деп ойлаймын. Мәселен, мені бұрын тек театр сүйер қауым ғана білген шығар. Кейін киноларға түскеннен соң танымалдығым арта бастады. Бірақ, көпшілік түсірілім алаңдарына дейін театрда қанша жыл еңбек еткенімді және қаншама рөлдерді сомдағанымды біле бермейді.

Көбінесе актрисаның кино әлемінде сомдайтын бейнесі – ананың рөлі. Айтуынша бір кейіпкер болғанымен де, мінездері бір-біріне ұқсамайтын ролдері арқылы «мансап тұрғысынан алға жылжуға көмектеседі». Оған қоса, кейіпкерлерінің жігерінің мықтылығы өмірде кездескен түрлі жағдайларға да өз септігін тигізеді екен.

– Мен ана рөлін сомдаудан шаршамаймын әрі жалықпаймын. Бір-біріне ұқсайтын адам болмайтыны секілді аналардың да мінезі әртүрлі. Мәселен, «Алтын Орда» фильмінде сомдайтын рөлім – Үшқатын сырт көзге дөрекі, озбырлау шайпау мінезді адам. Бірақ оның түпкі аналық мақсаты – баласын тек биіктен көру, таққа отырғызу... Ал осы уақытқа дейін сомдаған ролдеріммен өмірдегі Алтынайдың арасында біраз ұқсастықтар бар-тын. Ең бастысы – мен де үш бала тәрбиелеп отырған анамын.

Актриса ресейлік Бірінші арна түсірген «Алтын Орда» картинасына түсуге ұсыныс фильмнің кастинг-директоры Лика Леонидзеден келгенін айтады.

– Олар мен түскен «Анаға апарар жол», «Так сложились звезды» атты фильмдерді көріпті. Бұл жаз кезі болатын... Жайбарақат үй тірлігімен айналысып жүргенімде телефоныма хабарласып, ұсыныстарын айтып, бірнеше эпизодын түсіріп беруін сұрады. Қуана-қуана келісетінімді айттым. Бірақ оларға аяғым ауыр екенін ескерттім. Түсірілім уақыты қараша-желтоқсан айларына тұспа-тұс келетіндіктен, мен босанып үлгереді екем.

82432279_180241439719745_6564650784698033387_n.jpg

Осыдан кейін Алтынай Нөгербек баласы Меңгу Темірмен болған бірнеше эпизодын видеоға түсіріп жіберіпті. Арада бір апта өткен соң «сіздің сомдаған рөлдеріңіз режиссерға ұнап отыр» деген жауап келген. Бірақ әзірге продюсер нақты рөлге бекітпегенін жеткізген.

– Содан тағы өзге кейіпкерлермен болған бірнеше эпизодты түсіріп жіберген соң ғана «сізді осы рөлге бекіттік» деген жауап келді. Жалпы кейіпкерім 45-46 жастағы Меңгу Темірдің анасы. Оның рөлін актер Санжар Мәди сомдады. Олар басында екеуіміздің арамыз 10-ақ жас екендігіне және Берке ханның үлкен әйелі Тохтағайды ойнаған ресейлік актриса Елена Матвеевнамен арамыз әжептәуір үлкендігіне және т.б. критерийлер бойынша қарап, ақыры соңында шешімдерін айтқан болатын. Жалпы бұл фильмге Санжар екеумізден бөлек, Аружан Жазылбекова, Дина Тасболатова, Дәулет Әбдіғапаров, Еркебұлан Даиров сынды актер мен актрисалар да түскен еді.

Бірнеше ел әртістерінің қатысуымен түсірілген жоба еліміздің киноматография саласына оң әсерін тигізетіні рас. Оған қоса, «қазақстандық әртістер сол жақтағы түсірілім барысын өз көзімен көріп, тәжірибе алмасып қайтты» дейді актриса.

Жиырма жылдан аса көпшіліктің алдында өнер көрсетіп жүрген актриса бұл мамандықтың да өз қиыншылықтары бар екенін жеткізді.

– Әр әртістің шығармашылық жолында тоқырау кезеңі болады. Нақтырақ айтсақ, қойылымда сомдайтын рөлдері азаяды не жаңа спектакльдерге қабылданбайтын кездер болады... Сондықтан өзінің бұрынғы спектакльдердегі рөлдерін бірнеше жыл бойы ойнап жүруі мүмкін. Осы орайда айтарым, сол сәтте кез келген әртіс бойындағы жігерінің арқасында барлық қиындықты еңсеріп өтуі қажет.

Алтынай Бауыржанқызы білім көкжиегін кеңейтіп, кәсіби тұрғыда өсіп отыру үшін көбінесе Михайл Чеховтың, ұстаздары Тұңғышбай Жаманқұлов пен марқұм Әшірбек Сығайбайдың және т.б. кітаптарын оқып тұрады.

– Жалпы, психологияда «импатия» деп аталатын жанашырлық қасиет актрисалардың бойында болу керектігі айтылады. Тіпті сол сезімталдық жоғары болғаны жөн. Өйткені сахнадағы кейіпкерлермен яғни әртістермен қарым-қатынасқа түскенде түрлі эмоцияны бастан кешіреміз. Одан бөлек, міндетті түрде спортпен және бимен айналысу қажет. Вокалмен айналысқан да маңызды. Өйткені мұның барлығы қойылым кезінде қажет болады. Одан бөлек, мейілінше көп уақыт кітап оқуға кеңес беремін. Бұлармен қоса, өмірін өнерге арнайтын адамның бойында сабырлылық, шыдамдылық, жанкештілік, ерлік сынды қасиеттер болса құба-құп.

ef7181e3-48eb-4634-bff8-9bb717a2037b.jpg

Бос уақытында актриса жанұясымен және жақын жандарымен бірге уақыт өткізеді екен.

– Демалыс күндері бала-шағаммен бассейнге барып тұрамыз. Табиғат аясында демалғанды жөн көреміз. Сонымен қоса, бала кезімде өзім барғандай балаларды кітапханаларға және мұражайларға апарып тұруды әдетке айналдырдық. Бір жағынан олардың өздері де бұған аса қатты қызығушылық танытады. Жалпы демалысымыз осылай өтіп тұрады.

Бүгінде көпшілік үшін өнерді жасайтын әрі сол өнер үшін өмір сүретін – Алтынай Нөгербек сынды әртістер қауымы екені рас. Сегіз қырлы, бір сырлы театр өнерінің қыр-сырын біліп, құпиясы мен маңызын түсінген жан ғана өнердің биігіне жетпек.

(Суреттер Алтынай Нөгербектің жеке мұрағатынан және Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының баспасөз бөлімінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға