JańǵyryQ: Аршат Қайролла

Бэлла Орманбет
«JańǵyryQ» – авторлық музыка мен жанды дыбысты насихаттайтын еліміздегі бірден-бір музыкалық жоба. Бұл жоба музыка саласындағы авторлық көзқарас пен орындаушылық өзгешеліктерді көрсетуімен құнды. Жоба бұқаралық сипат алған бүгінгі ән өнеріне жаңа тыныс береді. Сол арқылы өзіндік әуезі мен ұстанымы бар авторлардың қалыптасуына себеп болмақ. Біз «JańǵyryQ» жобасы арқылы жаңа музыкалық бағыттардың, мәдени қауымдастықтардың тууына ықпал етеміз деп сенеміз.
JańǵyryQ: Аршат Қайролла
Мақпал Жұмабай
Жоба продюсері
Аршат Хайролла
Музыкант, актер. 23 жаста. Т. Жүргенов атындағы колледж түлегі. Мәскеу қ. П.М.Ершов атындағы Театр өнері институтында театр және кино режиссері мамандығы бойынша оқыған. Трансформа кеңістігіндегі Laboratory 316 тәуелсіз театрының актері. Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы JańǵyryQ авторлық музыка жобасының қатысушысы.
Тәуелсіз театр туралы...

Мен тәуелсіз Laboratory 316 театрының артисімін. Труппамыз 7 жас артистен тұрады. Алғашқы спектакліміз Фридрих Дюрренматтың "Геркулес және Авгий атқорасы" ("B.O.Q") пьесасы болды. Қойылым режиссері - Куба Адылов. Бұл пьесаны швейцар драматургы 1954 жылы жазса да, дәл бүгінгі күні өзекті.
Кейін британ драматургы Том Стоппардтың «Розенкранц пен Гильденстерн өлді» абсурд трагикомедиясын қойдық. Оның да режиссері Куба Адылов болды. Ал М. Әуезовтың "Қарагөз" спектаклін Мирас Исаев қойды. Жақында репертуарымыз толықты - 20 минуттық, "Көрпе" қойылымын қойдық. Біздің театр түрлі жанрдағы қойылымдарды дайындайды. Себебі бір жанрмен шектеліп қалғымыз келмейді. "Көрпе" сияқты қойылымдар меніңше, бұрын соңды біздің сахналарда болған емес. Тіпті қойылым соңында актерлер иілмей кетіп қаламыз, көрермендер шапалақ соғарын, үнсіз кетіп қаларын білмейді. Содан соң қойылымда не айтқысы келгенін бір-бірінен сұрай бастайды. Егер біз айтар болсақ, онда көрерменді шектегеп тастар ма едік. Әркім қойылымды өз өмір тәжірибесі, дүниетанымы мен көзқарасы шеңберінде түсінеді.
Гаухар Ақжолова, көрермен
Гераклдың махаббаты мен батырлығы туралы спектакльде халықтың жағдайын, екіжүзді сатқындардың құпиясын, сонымен қоса өзіңді көруге болады. Өзгелер айтуға батылы бармайтын, айқайлап айтуға дәрмені жетпейтін дүниені олар жеткізе алды деп ойлаймын. Өйткені біз - Боқпыз.
Жалғас Ертай, блогер:
"Дюренматтың «Геркулес және Авгийдің атқорасы» пьесасының желісімен LAB 316 тәуелсіз театр труппасы қойған «B.O.Q» спектаклін көріп шықтым. Аты - грек мифологиясы болғанымен, заты - қазіргі қазақ қоғамның жараларын біртіндеп тырнап ашқан әлеуметтік комедия екен. Элида республикасының тұрғындары көзін ашқалы бері көргені - боқ. Олардың боққа еттері үйреніп кеткені сонша - тіпті билеушілері Авгийге боқтан құтылайықшы деп айтуға дәттері шыдамай жүреді. Ақыры бір күні Авгийдің өзі бастап, елді боқтан тазартуға Геркулесті шақырмақшы болады.Ал Геркулесіміз о баста ол ұсыныстан бас тартқысы келеді, бірақ қарызға белшесінен батып жүргендіктен, көмекшісі мен сүйіктісінің айтақтауымен Авгийдің атқорасын тазалауға келісуге мәжбүр болады. Бірақ бұл спектакльде грек мифтері - антураж ғана. Қойылым әсте өткен шақ, тарих я мифтер туралы емес, керісінше: қазіргі уақыт, қазіргі қоғам, мына біз туралы. Ал боқ - метафора. Адамдар миындағы боқтан құтылмай, Авгийдің атқорасы мен Элида республикасындағы боқты тазалау мүмкін емес. Әркім өзінің санасындағы боқтан арылғанда Геркулес сияқты батыр керек болмай қалар еді. Спектакльде жағымпаздық та, бюрократияда шіріген жүйе де, өз тағдырларын өз қолына ала алмай жүрген әлжуаз азаматтар да бар, тіпті ЭКСПО-ны да, аузын ашса бітті патриотизм пен ұлттық намысқа сілтей беретін шікірейген шенеуніктерді де бір сыбап өтеді. Бұл cпектакль - кейіпкерлері өздерінің кейіпкер екенін білетін, сюжеттің дамуына көрермендерді де араластырып отыратын эксперименті басым қойылым. Ерекше, өзекті әрі ызғарлы күні жұтынып тұрып ұрттап жіберетін бір рөмке вискидей әсерлі ".
JańǵyryQ: Аршат Қайролла
Театр көрермендері

Біздің театр көрермендері де өзгешелеу. Былтыр «B.O.Q.» спектакліміз Ticketon жүйесінің "Жылдың үздік спектаклі" номинациясын жеңіп алды. Қойылымдарымыз қазақ тілінде өтеді. Алайда көрермендер тек қазақ тілді аудитория ғана емес, қайта көпшілігі орыс тілді, арасында тіпті шетелдіктер де бар. Жақында бір театр фестивалі өтті. Фестиваль қонақтары 33 шетелдік сыншы болды. Көрермендер үшін ешқандай ақпарат, синхронды аударманы қамтамасыз ететін құрылғы да берілмеді. Спектакльді 1,5 сағатта ойнап шықтық. Білесіз бе, дәл сол шетелдік көрермен реакциясындай байланысты қазақ тілді көрермендер байқамадық. Дәлме-дәл біз не айтқымыз келді, қандай эмоция туындағанын қаладық, көрермен соны берді. Біз ойша "мына жерде пауза жасап, ойлантамыз, мына фразаға күледі" деп жоспарлаймыз. Қазақтар келгенде күткен реакция болмай қалады, көбіне эмоциясы ішінде, үндемей отыра береді, кейде реакция білдіруге қорқады. Ал осы шетелдік көрермен тілсіз-ақ барлық айтқымыз келген ойды тура түсінді. Менің ең ләззат алған ойыным сол болған шығар.

Монша. СТО. Трансформа

1 жыл бұрын Мәскеуден оқудан келгенде репитиция жасау үшін көлік жуатын орталықтың бір бөлмесін жалдап жүрдік. Біраз уақыттан соң ол жақтан шығарып жіберді. Бір ескі монша бар екен. Соны 30 мың теңгеге жалдап, сол жақта дайындала бердік. Кейін көлікке техникалық қызмет көрсету станциясына (СТО) көштік. Астыңғы қабаты кәдімгі у-шуы бітпейтін цех. Үстінгі қабатта қойылымдарымызды дайындаймыз. Сондай дайындық кезінде Куба Адылов драматург Александр Диденко мен Галя Корецкаяны шақырды. Олар СТО-ға келіп біздің ойынымызды көріп кетіп жүрді. Сол кезде олар "Трансформа" мәдени кеңістігін салып болып қалған екен. Біз қойылымға дайынбыз, бірақ СТО-ға көрермендерді шақыра алмаймыз. Ал олар ғимаратын жөндеп, жақсы қойылымды іздеп жүр екен. Сөйтіп іздегенге-сұраған, келісім жасап Трансформаны біздің қойылыммен аштық. Қазір Трансформа резиденттері ретінде тұрақты түрде сонда өнер көрсетеміз.

Мұратбек Кәрім, көрермен
Спектакльді көріп отырғанда әртістер жаныңа келіп сөйлеп отырады. Әдеттегі театрға үйреніп қалған адам бастапқыда қысылады, сенің жеке кеңістігіңді бұзып жібергендей. Сәлден соң ойынға қаралай араласып, осы спектакльді ойнаушы актердің біріне айналып кеткендей сезінесің. Біздің менталитетке, санамызда қалыптасып қалған стереотипке сыймайды. Бұл театрдың ерекшелігі де осында.
Ақжан, көрермен
Театр әлемін басқа қырынан тануға мүмкіндік берген тамаша қойылым, ұмытылмас кештен естелік. Есте қалар шынайы актерлік орындау, шебер өрбіген оқиға желісі, кезеңдер сабақтастығы, ойлардың тоғысуы - керемет картина туындатып, көп құпияның сырын ашты, тың көзқарас қалыптастырды. Айта берсем, ойларым - шексіз, сезімім - тасуда. Тәуелсіз театр труппасына мың алғыс! Түйгенім - өзіңнен баста!
Авторлық музыка тыңдарманы талғампаз

Біздің авторлық музыканың тыңдармандарының көп болмауы қалыпты құбылыс. Бұл - бұқаралық музыка емес. Тіпті менің туған-туыстарымның өздері әндерімді тыңдамайды. Әкем жақында ғана хабарласты, біреулер "балаңның айтқан өлеңі" деп тыңдатқан болуы керек. Тыңдап болған соң маған хабарласып: "сен кішкене ел тыңдайтын ән айтсаңшы?! Төреғалидікіндей ән айтсаң болмай ма?" деді. Ол кісілерге басқаша жеткізу керек. Бәлкім стадионда бәрі айқайлап тұрса ғана мойындайтын шығар. Тіпті спектакльге келгендердің өздері түсінбей қалатын кездер болады. Жалпы авторлық музыка бұқаралық сипат алмағаны да дұрыс шығар. Себебі барлығына түсінікті, бәріне оңай дүниенің қадірі болмайды. Өзім ондайдан қашуға тырысамын. Менің жазған 44 өлеңім бар. Ал бэндте дайыны 15-20 ән. Бірақ әр концертте сол әуендердің өзін түрлі жанрға саламыз. Сонда өзіміздің де құштарлығымыз азаймайды. Себебі бір әнді қатып қалған әуезбен айта берсең эмоция жоқ, құштарлық жоқ. Плюспен айтқаннан еш айырмашылығы болмайды. Сол үшін кейде әнді реггиге саламыз, бірде рокқа саламыз. Халық сенің махаббатпен айтып тұрғаныңды я құр автоматпен айтып тұрғаныңды сезеді. Егер сен әнді ләззатпен, ықыласпен айтып тұрсаң ғана олар энергетиканы сезінеді. Әрине, ол әр кез сәтті болып шықпауы мүмкін. Бірақ музыкант үнемі ізденісте болғаны жөн. Спектакльдерде де сол. Құрылымы бір, бірақ оған әртүрлі жолдармен жетеміз.

Музыка және ақша

Музыка мен үшін табыс көзі емес. Шығармашылық қана. Табысты актер ретінде немесе мұғалім ретінде табамын. Бір жыл бұрын Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балалар мектебінде актерлік және режиссерлық курс бойынша сабақ бердім. Жалпы мұндай мектепті бірінші рет көруім. Түске дейін балалар жалпы білім бағдарламасы бойынша сабағын оиқды, түстен кейін біреуі домбыраға, біреуі спортқа, бірі актерлік курсқа барады. Сөйтіп өзімнің тағы бір қырымды аштым.

Жалпы музыкаға түбегейлі кетемін деп айта алмаймын. Жоспарларым көп, әрине. Дегенмен продюсер алып музыкамен айналысуға қарсымын. Себебі продюсер сені міндеттеп, шектеп тастайтын сияқты. Ал әзірге музыка - менің азат рухым, еркін шығармашылығым. Мен қалаған дүниемді қалаған уақытымда жазамын. Бірнеше жыл бұрын Мәскеуде "Ленинград" тобының, "Ранетки" тобының экс продюсері Сергей Мильниченконың кастингінен өткен едім. Үш ай жүрдім сол жобада. Процесс кезінде маған талаптарын қоя бастады. Шашымды ақшыл түске бояу, киіну стилімді өзгерту, өздерінің жазып қоған оранжировкаларына мәтін жазуым керек болды. Сол кезде бұл мүлдем маған жат дүние екенін түсініп, өз еркіммен кетіп қалдым. Қазақстанда да концерттен кейін сондай адамдар табылады. "Не істеп жүрсің, альбомдарыңды қалай жазып жүрсің?" деп жанашырлық танытып жатады. Бірақ әр алымның салымы болатынын сеземін, сондықтан да тек өз күшіммен жүруді қалаймын. Алғашқы әндерімді үйде Logic деген программамен жазып жүрдім. Ол қиындау, себебі алдымен гитараны жазып алу керек. Гитара бір темппен жазылды, дауысты оған дәлдеп жазасың. Содан соң өзге музыканттар да сол шаблонмен жазуы керек. Сөйтіп шектеле береді. Мұндай музыкада энергетика аз болады. Ал Qazaqstan телеарнасының JańǵyryQ сияқты жобасы біз сияқты музыканттар үшін тамаша мүмкіндік. 5-6 музыкант бір-бірін сезіп тұрады, ол жерде темп созылып та, азайып та кетуі мүмкін, бірақ ол табиғи болады. Сол энергетика құлаққа тікелей жетеді. Неге адамдар кинодан театрды ұнатады? Себебі камерадан өтпей қалатын энергетика болады. Дауыс, эмоция тірі ол жерде. JańǵyryQ жобасында дәл сол тірі дауысты беруге тырыстық.

ARShAT

Негізі ARShat тобының әндерінің музыкасын және сөзін өзім жазамын, ал оранжировкаларын 4-5 бала бірігіп жазамыз: Райымбек, Қуанышбек, Дәулет, Маро, Жайық. Сөйтіп бірігіп жазып отырамыз да, бір жеріне келіп тоқтап, "Ох, мына жеріне виолончель керек" деп, жазуды үзіп, консерватория жаққа барып келеміз. Ол жақта виолончельде ойнай алатын баланы тауып үйге ертіп келеміз. Сөйтіп жүріп клавишник Азамат деген баланы таптық. Ол мықты ойнайтын музыкант. Қазір ара-тұра түрлі барларға шығып концерт беріп тұрамыз. Әдетте бір концертте 11 әнді орындап береміз. Концерттік бағдарлама соңында "Арманға сенемін" және "Түнде" әнін айтамыз. Бірақ халықтың қайталап сұрайтын 5-6 әні бар, олардың ішінде "Балға мен шеге", "Мен ең бақытты жанмын", "Шаршаған кезде" сол сияқты композициялар бар. Концерттерде айтылмайтын, MP3 форматқа жазбайтын әндер де бар, мысалы "Тас атты". Себебі кей әндерді жазғанда нәрі кетіп қалады. Сол әнді есту үшін адамдар спектакльге келеді.

Мен өлеңдерімнің мәтінін өзім жазам, бірақ Тасатты" және "Алматым" деген өлеңдердің әуенін ғана жаздым. Кейде ақындар өз өлеңдерін жібереді, мәтін қатты ұнап қалса музыка жазып жіберемін. Жазған соң өздеріне әнін салып жіберемін.

Бұл жобаға қатысу туралы ұсыныс келгенде бірден келісім бердім дей алмаймын. Бастапқыда Мақпал Жұмабай жекеме хат жазды. "Сіз сияқты авторлық орындаушылардың концертін жазамыз, бәрі жанды дауыста жазылады дегенде қуандым. алайда "Қазақстан" ұлттық арнасында көрсетіледі дегенде күмәнданып қалғаным рас. Мен ұлттық арна болған соң шектеулер болады, репертураға, киген киімге қатысты нұсқаулар болады деп ойлап, бас тарттым. Алайда Мақпал ханым өз концертінің видеосын жіберді. Ұнап қалды. Шығармашылық тобымызға ұсыныс туралы айттым. Кей балалар "қатысайық, тым болмағанда жасап жүрген дүниемізді ата-анамыз көреді. Біздің музыкамызды бүкіл аудитория түсінбеуі мүмкін, бірақ өз сорпамызда қайнай бермей, көрінейік" деген ойларын айтты. Сөйтіп жобаға қатысып, түсірілімді бастап кеттік. Бұл жоба тек осы бағдарламамен шектелмейді. Ары қарай да жоспарланған ауқымды шаралар бар.

Арманға сенемін...

Армандарым, жоспарларым көп. Музыканттар көп қиялдайды, бұл шығармашылықтың жаңа белестеріне шығарады. Мен бір әнімді космоста, Айда жазғым келеді. Ол жақта түрлі түсті видеоға жазу мүмкін емес, себебі заманауи түрлі түсті камералар қысымға шыдамайды. Бірақ қиял жеткен белестерге ғылыми-техникалық прогресс те жетуде. "Үнсіз" әніне клипімді су астындағы қайықта түсіру жоспарда бар. Су астындағы қайықтарда навигациялық аппарат бар. Бұл аппарат жақын маңда еш кедергілердің жоқ екенін білдіретін сигнал шығарып тұрады. "Үнсіз" әнінде де дәл сол сигналға ұқсас дыбыс бар. Қазір осы жоспарымды іске асырудың жолдарын қарастырып жүрмін. Арманымның орындалатынына сенемін.