Жаңалықтар

«Израильде өте жақсы орталықтар бар». Депутат еліміздегі онкология саласында маман тапшы екенін айтты

«Израильде өте жақсы орталықтар бар». Депутат еліміздегі онкология саласында маман тапшы екенін айтты
Фото: Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі 10.06.2024 14:38 612

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде онкология саласында мамандар тапшы екенін айтып, бірқатар мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі. 

Семейде Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Ядролық медицина онкология орталығы бар. Бүгінгі таңда бұл орталық ұлттық мәртебе алғысы келеді. Себебі олар ғылыми зерттеулермен айналысуды жоспарлап отыр. Абай облысы онкологиядан адам өлімі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Не себепті? Өйткені, олар өздері зерттегісі келеді, штатта бірқатар маманы бар, бірақ ұлттық мәртебе болмағандықтан, ешқандай ғылыми гранттарға, қаржыландыруға қолы жетпей отыр. Соған байланысты соңғы 3 жылда сіздерге ұсыныс берген. Бірақ ұлттық мәртебеге байланысты шешім қабылданбай отыр. Сол мәселені тезірек шешулеріңізді сұраймыз, - деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, екінші мәселе – кадрлық даярлық. Қазір Қазақстанда 1,5 мыңнан астам дәрігердің, онкологиялық мамандардың тапшылығы сезіледі.

Кез келген орталыққа жақсы штат керек. Үшінші мәселе тарифке байланысты. Жалпы онкологиялық қызметтегі медициналық қызметтердің тиісті тарифтерін, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуге және амортизациялық аударымдарға арналған шығыстарды бекіту туралы ұсыныс енгізген едік. Сол ұсыныстарымыз жауапсыз қалды, - дейді ол.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимр Сұлтанғазиевтің сөзінше, жылына 200-ден астам онколог маман даярланады. Осы жылдан бастап резидентураға 2,5 мың грант бөлінеді. Өткен жылы 1,5 мың грант еді. Сәйкесінше онколог дәрігерлердің тапшылығы осы гранттармен шешіледі. Шетелде оқыту бойынша бізде бөлек бюджеттік бағдарлама бар. Осы жылы онкологтарды шетелде оқыту бойынша 500 млн теңге қаражат жоспарланған.

Өздеріңізге белгілі, Израильде өте жақсы онкологиялық орталықтар бар. Біздің дәрігерлерге тілдік кедергілер жоқ. Соны қарастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, ол жақтағы геосаясатқа байланысты дәрігерлеріміз жіберілмеді, - деді Сүйлейменова.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов науқастар емнің жетіспегенінен емес, технологиялардың тым ескіріп кеткенінен қайтыс болып жатқанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға