ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕР
ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕР – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Қ.-ғ. е-де матриархат заманына тән аналық, рулық құрылымдар мен көптеген әдет-ғұрыптардың, діни нанымдар мен сенімдер, т.б. қоғамдық өмір көріністері кездеседі. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті ертекшілер әңгімесін ерте уақытта болған деп ескертеді. Қ.-ғ. е. жанрлық тұрғыдан біртұтас. Оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым миф, хикая, әңгімелермен бірге батырлық ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты шығармалар да ұшырасады. Қ.-ғ. е-лердің бас қаһармандары – аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша және басқа да әлеум. теңсіздіктен жәбір көрген, әділдік іздеген адамдар (“Қаңбақ шал”). Бұлардың бәрі халық арманынан әр кезде туған ізгі кейіпкерлер, яғни ізгі-тарихи құбылыс. Ертеде, ел табиғаттың дүлей, тылсым күштерімен алысып, күнделікті тіршілік үшін арпалысқан кезде, халықтың арманы, мұраты – соларды жеңетін күшті палуан, батыр-мерген болды (“Ер Төстік”, “Құла Мерген”). Кейінгі дәуірде, адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың арман-мұраты өз руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер-батыр болды. Бұл бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай бастаған кездегі мұрат өзгерді. Ендігі жерде ол ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қолдаушы, ата жолын қуушы. Қ.-ғ. е. өмірге етене жақындап, бұқара арманын дәріптейді, халықтық эстет. мұратқа айналдырады. Қ.-ғ. е-інің тағы бір ерекшелігі – үнемі түрі өзгеріп отыратындығы, яғни бір жанрдың екінші жанрға ауысып отыруы. Сол себепті Қ.-ғ. е-інің біразы жанрлық өзгеріске ұшыраған, олар қиял-ғажайып пен тұрмыс-салт ертегілерінің аралық жанры іспетті. Қ.-ғ. е-дің сюжетіне, поэтикасы мен құрылысына батырлық жырлар ықпал еткен. Көптеген Қ.-ғ. е-дің сюжеттік желісінде батырлар жырындағыдай тұрақты кіріспелер мен қорытындылар айтылады. Әдетте, сюжеттің кіріспесінде ертегі қаһарманының кәрі ата-анасы мен оның дүниеге келуі баяндалады: қартайғанша перзент көрмей, қу бас атанған кемпір-шал құдайдан бала сұрап, әулие-әнбиелердің басына түнеп, жалбарынады. Кемпір-шалдың тілегі қабыл болып, бала сүйеді. Ол бала – ертегінің бас кейіпкеріне айналып, батыр, ержүрек жауынгер болып өседі. Ал қаһарман туралы әңгіме біткен соң негізгі сюжетке жалғасатын қорытындыда кейіпкер мен оның жанындағылардың бұдан кейінгі тағдыры сөз етіледі. Қорытындыдағы бас кейіпкер көп жағдайда негізгі сюжеттегі қаһарманның баласы немесе інісі болады. Ол ендігі жерде ағасы не әкесі бастап, үлгіре алмай кеткен істі тындыруға тиіс. Қ.-ғ. е-інің сюжетіне көптеген халықтар мен ұлттарға ортақ оқиғалар да, сондай-ақ қазақтың өзіне ғана тән оқиғалар да негіз бола береді. Өмір шындығы Қ.-ғ. е-де эстет. тұрғыда көрсетіледі.
С. Қасқабасов
"Қазақ энциклопедиясы"