Жаңалықтар

IV.Шалкиіз жырау

Шалкиіз бағалауында, Орманбет би кезеңі – қалың жұрттың қамсыз өмір сүрген уақыты, идеал кезең.
31.03.2014 05:10 9035

Ал, бұл мәселеге Шалкиіз шығармасы арқылы қарасақ, басы ашық жәйт – ел тірлігіне алаң жыраудың осы оқиғаға байланысты көзқарасының айқындығы. Өкініштісі, біздің ұрпаққа дейін сақталып жеткен үзіндіде Орманбет билеген жылдардағы ел өмірін бейнелейтін екі тармақ қана сақталған. Сол тармақтар мазмұнына сүйенсек, Шалкиіз бағалауында, Орманбет би кезеңі – қалың жұрттың қамсыз өмір сүрген уақыты, идеал кезең. Жыраудың өз сөзімен айтқанда: «Балпаң, балпаң басқан күн, Бай ұлынан асқан күн...». Демек, жырау түсінігіндегі идеал өмір ешкімге бас иместен, өз жеріңде еркін тірлік кешу болса, идеал билеуші – елдің бейбіт тірлігін қамтамасыз ете алған адам. Ал, жырау бағалауынша, мұндай өмір де, мұндай билеуші де Орманбет би ел тізгінін ұстаған тұста болған. Сондықтанда Шалкиіз ел өмірінің берекесі кете бастауын идеал билеуші – Орманбеттің дүниеден озуымен тікелей байланысты таниды. Сондықтанда жырау Орманбеттен кейінгі кезең көрінісін:

«...Жез қарғылы құба арлан Жетіп, түлкі ала алмай, Жалған аңын ала алмай, Қорашыл төбет болған күн. Оң қанатын теріс соғып,

Лашын құс қу ала алмай қалған күн. Ораздының он ұлы Ойын салып жүргенде, Жиырлының жалғызы Атқан оғын таба алмай, Жер сабалап қалған күн!» –

деп бейнелейді.

Суреттен көрініп тұрғандай, күні кеше мерейі тасып, айбыны асып, «балпаң-балпаң басқан» елдің тірлігінен береке қашқан. Күні кеше қуғанын құтқармайтын құба арлан қорашыл төбетке айналған, шүйліккенін ілетін лашын құс қанат қағудан жаңылған. Ал соңғы бес жолдың мағынасы елдің ынтымағы іріп, бірліктен береке қашқанын аңғартады.

Шалкиіз жыр-толғауларында елдің бүтіндігі, елді игілікке бастар билік, елге қорған батырлық тақырыптарының басты мән иеленуінің бір себебі де осы тұстан келіп шығады. Ортақ мұратқа ұйысқан елдің берекелі өмірін де, ұйытқысынан айырылған елдің қалай «бүлгенін» де бастан өткерген жырау шығармашылығында жоғарыда аталған мәселелердің аса маңызды болуы – заңды құбылыс.

Осыдан кейінгі жылдарда Шалкиіздің ноғайлы елінің билеушісі Би Темір маңынан табылуы да қара бастың қа­мын күйттеген күйкі тірліктен туған амал емес, оны ел тұтастығынсақтауға қайрат қылар тұлға ретінде бағалап, үміт артқандықтан туындаған әрекет. Жырау:

«...Алп, алп басқан, алп басқан Арабы торым өзіңсің, Жазылы, алтын, қол кескен Алдаспаным өзіңсің!» – деп, Би Темірдің дәрібін асыра мадақтаса да, яки:

«...Еділден аққан сызашық Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді – Телегейдей сайқалтып, Жарқыраған беренді Теңіз етсе, тәңірі етті!...

...Тебінгінің астынан Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің –

Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті» – деп, қадала шүйлігіп тіл қатса да, түпкі көздегені – билік иесіне жағыну, яки ақкөз тентектік таныту емес, билеушіні елге қызмет қылуға бағыттау. Осыдан кейінгі тармақтарда жыраудың осы мақсаты бейнелене көрінеді. Шалкиіздің:

«...Тобылғының берегі Иіл болып, беріш бітсе,

Айбар болар терегі.

Атаның ұлы жақсыға

Малыңды бер де, басың қос,

Бір күні болар керегі...

...Жауға кисең, берен ки,

Егеулеген болат өте алмас;

Есендікте малыңды бер де, батыр жи,

Басыңа қыстау іс түссе,

Дұспанның қолы жете алмас!» – деп жырлаған кезде діттегені – жалғыз Би Темірдің қамы емес, Би Темір билігіндегі елдің қамы.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға