IV.Шал ақын
Шығармашылық көзқарасында реалистік суреткерлікке бейім Шал ақынның өлеңдері тақырыптық-мазмұндық жағынан өмірдің көптеген қырларын қамтиды және солардың бәрінде өмірлік шындық жетекші маңыз иеленеді. Бұл ретте ақын өлеңдерінің тақырыбына айналған мәселелер қатарында өнер-білім, ой мен тіл, өмірдегі жақсы мен жаманның салмағы, кедейлік пен байлық, ақ ниет пен қарау пиғыл, достық пен қастық, дүние жарасымы, шешендік пен көсемдік, ерлік пен ездік, ата-ана мен бала, ер мен әйел бақыты, адам ғұмырының кезеңдері, жастық пен кәрілік, иман мен шариғат жайы, өмір мен өлім, жақсы әйел мен жаман әйел, қыз сыны, мал мен бақ т.б. адам баласына тән жағдайларды атауға болады. Ақын осы тақырыптардың қай-қайсын да өмірлік шындық аясында ашып көрсетеді. Шал ақын өлеңдеріне етене бұл сипат оның ұлттық әдебиетте реалистік поэзияның қалыптасуында маңызды роль атқарған шығармашылық тұлға болғанына ден қоюға мүмкіндік береді.
Шал ақынның әдеби мұралары қатарында елеулі орын иеленетін өлеңдер легі арнаулардан тұрады. Ақынның нақты бір адамға арналатын мұндай өлеңдері көбіне-көп орайда адам мінезіндегі, ой-пиғылындағы, іс-әрекетіндегі ұнамсыз тұстарын сынауға бағытталады. Осындай мазмұндағы арнаулар қатарын «Күлен шешенге», «Екі қатын алғанның дауы үйінде», «Баспайға», «Сабының сақар болсын дені, келін», «Мешкей кәрілерге» сияқты өлеңдері құрайды және арнау өлеңдерінде Шал ақынның сатиралық суреттер жасауға шеберлігі жарқырай көрінеді. Мәселен:
Айта берсе таусылмас Шал кеңесі,
Мешкейдің жіліншік өтер кең өңеші.
Алдына келген асты жаудай шабар,
Басқаның болса-дағы несібесі.
Құр мен дуадақ шөлді біледі,
Қарға мен құзғын елді біледі.
Ұятсызға бас пенен жамбас қойсаң,
Қорқау қасқыр секілді жеуді біледі, – деген өлең жолдарынан көзі тоймас қомағайдың сатиралық портретімен қоса, тойымсыз пиғылы да анық танылады. Ақын арнауларында жиі ұшырасатын осы іспетті сатиралық суреттеулермен уытты тілдік қолданыстар Шал Құлекеұлы шығармашылығы үшін сатираның да жат болмағанын аңғартады.
Шал ақынның сатира мен юморға бейімдігі оның күнделікті өмірде түрлі жағдайларға байланысты шығарған шағын өлеңдері мен сөз қағысуларынан да анық байқалады. Ақынның оқыс ситуацияларға қатысты туған өлеңдері мен сөз қағысулары ретінде «Тоқтының батасы», «Қыз бен Шал», «Шал мен дегдар қыз», «Шал мен Күлімжан қыз», «Жігіт пен Шал», «Шал мен кемпірі», «Сұрау – жауап» тәрізді әдеби үлгілерді атау абзал. Көбіне-көп орайда оқыстан суырып салып, айтылған сөздер ретінде тануға болатын бұл туындылар Шал ақынның ойы ұшқыр, сөзге жүйрік, тапқыр адам болғанын көрсетеді. Шалдың импровизаторлық шеберлігін айғақтайтын бұл өлеңдерінің кейбірінде ақынның дөрекі қолданыстардан да бой тарта бермейтіні бар. Алайда оның мұндай қолданыстары бейпілдікке бейімдіктен тумағанын, керісінше, дөрекілікке жетелеген ситуацияға сәйкес пайдалануға тура келген тәсіл екенін байыптау да қиын емес.
Шал ақын шығармашылығының тағы бір қырын аңғартатын туындылар – жұбату өлеңдері болса, бұл ретте ақынның «Әкесі Құлеке өлгенде айтқаны», «Біреудің баласы өлгенде айтқан жұбату» тәрізді шығармаларына зер салу абзал. Бұл жұбатулардан да ақынның суреткерлігі мен философиялық ой түйіндеуге бейімдігі айқын аңдалады. Мәселен, әкесі Құлеке өліміне байланысты жұбатуда ол алғашқы шумақтарда әкесінің қадір-қасиетін, тірлікте атқарған істерін суреттей келіп, батыр әкенің өлімін:
«Кешегі дулап жүрген ер Құлеке,
Су тиген сөне қалдың өрттей болып», – бейнелей жеткізсе, өзіне және жұртқа арнаған жұбату сөздерін:
«Астынан қара тастың су көтерген,
Мұнарды суға түскен бу көтерген.
Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,
Бұрынғы батыр қайда ту көтерген!?.» – деген философиялық-риторикалық ойға сүйене түйіндейді. Ақынның жоғарыда аталған екінші жұбатуы да осы үлгіде келеді.
Шал ақынның толғауларын, өлеңдерін, арнаулары мен жұбатуларын, сөз қағысуларын бір арнаға тоғыстырып тұрған сипат – солардың бәрінің арқауына өмірлік шындықтың алынуы болса, ақынның шығармашылық даралығының негізгі белгісі – реалистік суреткерлік пен философиялық көзқарастың ұштасып жатуы болып табылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Шал ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жаса.
- Ақын шығармашылығындағы жыраулық дәстүр әсері қандай жағдайлардан танылады?
- Дидактикалық толғауларының мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктері қандай?
- Шал ақынның шешендік өнерге қабілеттілігін қалай дәлелдеуге болады?
- Ақын толғауларындағы философия мен көркемдіктің ұштасу сипаттары туралы баянда.
- Шал Құлекеұлының реалист суреткерлігін дәлелде.
- Ақын шығармаларын жанрлық тұрғыдан топтастырып, олардың жанрлық ерекшеліктеріне түсінік бер.
Әдебиеттер:
- Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991.
- Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы, 1986
- Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992.
- Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. – Алматы, 1983.
- Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
- Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1957.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»