IV.ХVIІ ғасырдағы тарихи жағдай сипаты
Ел билігінде болған жылдары Есім хан бұқарлықтармен қатар, ойраттармен де толассыз соғысып отыруға мәжбүр болды. Ұдайы жүргізілген бұл майданның жағдайын түйіндей жеткізсек, 1604 жылы ойраттар қазақ қолынан күйрей жеңілсе де, елге әлсін-әлсін бүйірден тиюін тоқтатпады. 1620 жылы Есім басқарған қазақ әскері ойраттарды тағы да талқандай жеңді. Ақыры, 1627 жылы қазақ жұрты ойраттарға қарсы көтеріле қарсы тұрып, нәтижесінде Ойрат Одағын бостырып жіберді.
Міне, дәл осы тұста, яғни Қазақ елі ойраттарға қарсы күш біріктіріп, жұмылып жатқан шақта, Қазақ хандығы аясындағы Ташкент билеушісі Тұрсын хан опасыздық жасап, қарамағындағы қатаған руынан құралған әскерімен Түркістандыбасып алады. Жұртқа қырғын салып, Есім ханның үрім-бұтақ, жұрағатын тұтқынға алып, Ташкентке аттандырады да, өзі қоластындағы әскерімен Есім ханның жолын тосады. Сайрам төңірегінде Есімнен ойсырай жеңілген Тұрсын Ташкентке қашып жан сауғалайды. Ташкентті қайтарып алған Есім хан Тұрсынның басын алып, оған ерген қатаған руының адамдарын өзге рулар арасына бөлшектей таратып жіберді.
Бұдан кейінгі тарихи оқиғалар легі Есім ханның ұлы Жәңгірге байланысты өрістейді. Әуелгі жылдарда сұлтан, ал 1643 (кей деректердерде – 1645) жылдан бастап хан ретінде көрінетін Жәңгір де ішкі және сыртқы жағдайларда әкесі қалыптастырған саясатты ұстанды. Ел тарапынан «Салқам Жәңгір» атанған ол көбіне-көп ойрат, халха, торғауыт сияқты жұрттардан құралған монғолдардың қазақ жеріне жасаған шабуыл, жорықтарына тойтарыс берудегі қаһармандығымен, батылдығымен, тапқырлығымен, сонымен қатар, Ұлы Моғол империясы мен Бұқар хандығы арасындағы тайталастар барысында ұтымды саясат ұстануымен танылды. Салқам Жәңгірдің қолбасылық және саясаткерлік көрегендігінің арқасында Қазақ елінің өз ішінде тұтасуы біршама оңға басты, хандық аумағына жоңғарлардың шапқындауы саябырлады.
Салқам Жәңгір билігінен кейінгі 20-30 жыл аясына қатысты деректер тым бұлыңғыр. Кейбір деректер бойынша, бұл аралықта ел тізгіні Бахадүр хан қолында болғанға ұқсайды. Қалай болса да, Жәңгір ханнан кейін елдің ішкі-сыртқы жағдайларында берекесіздік бел алды. Елге сырттан қауіп төндірген қатерлі жау болмаса да, ел ішінде Есімнен қалған Ескі жолдың арқауы босай бастады. Ал дәл осы жылдары Қазақ хандығымен шекаралас елдердің қай-қайсы да мемлекет ретінде күшею, нығаю мақсатында әрекеттеніп жатқан еді.