Жаңалықтар

IV.Ежелгі әдеби мұралар және жыраулар поэзиясы

Мәселен, ХVIII ғасырдағы Ақтамберді жырау:
31.03.2014 03:33 29302

Мәселен, ХVIII ғасырдағы Ақтамберді жырау:

Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап, Дұшпаннан көрген қорлықтан Жалынды жүрек қан қайнап,

Ел-жұртты қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап, –

деп жырласа, жыраудың айтып отырғаны жеке өзінің ғана батырлық қимылдары емес, ел-жұртқа қорған болуды көксеген хас батырлардың бәріне ортақ жағдай.

Шағын ғана жырда «Елім!» деп туған ерлерге етене қасиеттер реалистік сипатта бейнеленген. Жырау: «Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап», – деп, әрекет иесін өз атынан, бірінші жақтан көрсеткенімен, жыраудың «Мені» типтік бейнедей әсер етеді. Батырлық әрекетті суреттеуге арналған алғашқы екі тармақтан кейінгі қос тармақта сондай әрекетке баруға түрткі болған себеп көрініс тапса, соңғы тармақтар ел қорғаушы батырлардың ант сөзіндей естіледі.

Дәл осындай үлгіде жырлаудың өзі «сырты – құрыш, жүзі – болат» жыраулардың көксеген армандарынан туындаған, уақыттыңөзі ер жігерін жанып, ел көңілін рухтандырып отыруды талап еткендіктен туған. Өйткені жыраулар тірлік кешкен дәуір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай күндерінен гөрі, алабалта қолға алып, жауға аттануы көп болған аласапыран жылдар болатын. Ал мұндай өмір көшпелі түркілер үшін де етене жәйт еді. Жыраулар мен көне түркі озандарының шығармаларында елжандылық, ел қорғау идеяларының алдыңғы қатарға шығу себебі де олардың өмір салтының, елдік мұраттарының ортақтығынан бастау алып жатқаны анық.

Жыраулар поэзиясында көтерілген басты мәселелердің бірі – ел ішіндегі бірлік, елге тұтқа болар ер тәрбиелеу, ел ішінде адамгершілік қарым-қатынастың ұлықталуына жол ашу. Бұл тұста жыраулар «Диуани лұғат-ит-түрк», «Құтадғу біліг», «Диуани хикмет», «Хибатул-хақайық», «Бақырғани кітабы» секілді шығармаларда жол салынған дидактикалық үлгілерден тағылым алғанымен, өз заманындағы қазақ өмірінің ерекшеліктерін, қазақ баласының ардақ тұтар абзал қасиеттерін ескере отырып, қазақ танымына лайықтай, қазақ мұратымен үндестіре дамытады. Мәселен, ХV ғасырдағы Асан қайғы:

Бұл заманда не ғаріп?

...Қаз-үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп. Мүритін тауып алмаса, Азғын болса, пір ғаріп.

Ата жұртыбұқара Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп, –

деп жырласа, ХVI ғасырдағы Шалкиіз жырау қажылыққа ниет еткен Би Темірге айтқан сөзінде:

...Тәңірінің үйікебені Ибраһим Халил алла жасапты,

Ғазырейілжан алмаға қасап-ты, Жығылғанды тұрғызсаң, Жылағанды уатсаң, Қисайғанды түзетсең, Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты! –

деп ой түйеді.

Үзінділерге зер салсақ, қазақ жырауларының табиғаттағы жарасымды, адамгершілік қасиеттерді, дін парызын ардақ тұтатынын көреміз. Дегенмен, қазақ жырауы үшін ең ұлы игілік елдің еркіндігі, туған елге адал қызмет ету екенін танимыз. Қазақ жырауы үшін елдің амандығы мен туған жердің бүтіндігінен артық ештеңе жоқ.

Демек, ХV-ХVIII ғасырларда жасаған жыраулар – өздерінің алдындағы әдеби мұралардың дәстүрін халық мүддесімен, ел мұратымен сабақтастыра дамытқан, сол арқылы ел тұтастығына қызмет еткен тұлғалар.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Әдебиеттегі өзгерістерге қандай жағдайлар себеп болады және олардың қайсысы жыраулар поэзиясына тән? Оның себебі неде?

  1. Ежелгі әдеби мұралар мен жыраулар поэзиясын үндестіретін сипаттар қандай? Бұл ұқсастықтың сыры неде?

 

  1. Ежелгі жәдігерлер мен жыраулар поэзиясынан өзара ұқсас қаһармандарды анықта.

 

  1. Ежелгі мұралар мен жыраулар поэзиясынан дидактикалық идеясы үндес мәтіндерден үзінділер тауып, көрсет.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеу. – Алматы, 1983.

 

  1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы, 1986.

 

  1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиеті бастаулары. – Алматы,

 

1998.

 

  1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.

 

  1. Сүйіншәлиев Х. ІХ-ХІІ ғасырлардағы әдеби ескерткіштер.

 

– Алматы, 1977. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға