Жаңалықтар

IV. Астана ономастикасы

Астанадағы ономастика құрылысының ерекшеліктері мен бастау көздері осындай болғанда оның барысы қалай өрбіді екен деген сұрақ туатыны түсінікті.
01.03.2014 09:10 3375

Астанадағы ономастика құрылысының ерекшеліктері мен бастау көздері осындай болғанда оның барысы қалай өрбіді екен деген сұрақ туатыны түсінікті. Бұл – байтақ зерттеуді қажетсінетін тақырып. Оның өзектілігін, мақсат-міндеттерін, зерттеу методикасын, тарихнамасы мен дерек көздерін дәйектеуді айтпағанда, ономастикалық үдерістің кезеңдерін, басқарылуын, адам факторын, т.б. қаптаған жүйелік құрамдас бөліктерін тиянақтау алдан шығады.

Осылайша, Елордамыздың ұзын-ырғасы 309 даңғылы, көшесі, орамы, басқа да құрамдас бөліктері өркениеттік, ұлттық реңкі қанық ономастика биігіне көтерілгенінің куәсіміз. Сананы серпілтіп, жүрекке жылы тиетін есімдер – халқымыздың біртуар тұлғалары, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Ыбырай Алтынсарин, Ықылас Дүкенұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедов, тағы басқалар туған елінің астанасына оралды. Күні бүгінге дейін күй анасы Дина Нұрпейісованың есімін еске саларлық бір көше, не ескерткіш тақта Алматының өзінде жоқ екен. Астана тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. Енді Тәуелсіздік даңғылынан басталып, «Әл-Фараби» шағын ауданында аяқталатын атаусыз көше күйші Дина көшесі мәртебесіне ие болды. Халықтық дәстүрді жаңғырту ниетімен Қ.Мұңайтпасов көшесі Қажымұқан көшесі деген атауға көшірілді.

Елордамыздың ономастикалық ажарын бұзып тұрған «Вокзальный», «Районный», «Стартовый», «Вагонный», «Вагоноремонтный», «Деповский», «Кирпичный», «Клубный», «Совхозный», Н.Бауман, А.Жданов, Д.Мануильский сынды мән-мағынасыз немесе жойдасыз идеологияланған көше атаулары біржолата ысырылғаны кімге болсын үлгі дерлік шешім. Парықсыздық пен талғамсыздықтан лайықты қорытынды шығарған қала зиялылары мен басшылығы Астана ономастикасын ел тарихынан, географиясынан, табиғатынан, ауыз әдебиеті мен музыкасынан, әлемдік өркениеттермен ықпалдастығынан хабар беретін Арқайым, Қозыбасы, Балбырауын, Аңырақай, Домбыралы, Бесбалық, Қобыланды батыр, Тұмар ханым, Ақжүніс, Орхон атауларымен ұлықтай отырып, таяу-алыс шетел мақтаныштары Әбубәкір Диваев, Василий Бартольд, Фахд бен Абдул Азиз есімдерін де әспеттеді.

Ескіні қирату – оңай, жарасымды жаңаны табу – қиынның қиыны. Астана қаласы әкімдігі мен мәслихаты ономастикалық бетбұрысты қадамға барғанда өктемдікке, белден басуға жол бермей, зор жауапкершілік пен кемел ұстанымды басшылыққа алғаны көрініп тұр. Бәрі арнайы Заңдар талабы аясында, қоғамдық пікірді ескерумен, от алып келгендей асығу-аптығусыз тиянақталған. 309 атау беру, қайта атау мәселелері қалалық ономастика комиссиясының отырыстарында 2006 жылғы қарашадан 2007 жылдың қара күзіне дейін әлденеше рет қаралғаны осының айғағы. Ең бастысы – күн санап өсіп келе жатқан Елордамыз Қазақстандағы ономастикалық үдеріске қарқын беріп, үлгі боларлықтай жасампаздық танытты, елдегі үйлесім мен татулықты нығайтуда ұлттар мен ұлыстар мүддесі бәрінен жоғары тұруы керектігін нақты іспен дәйектей алды.

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға