Жаңалықтар

IV. Алаштың Астанасы және ұлттық идея

Ұлттық идеяның реализмі мен пәрменділігі ұлы Абайдың 150 жылдығын, М.Әуезовтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде ұлықтаумен, «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаумен және дәйектелді.
01.03.2014 08:55 3242

Жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпау үшін күндіз-түні тынбаған саяси-интеллектуалдық күрес пен жанталас, дүниенің төрт бұрышында жинақталған тәжірибені зерделеген ізденіс Елбасын үш ұлы пайым-тұжырымға және нақты қадамдарға әкелді. Оның екеуі 1994 жылдың, біреуі 1995 жылдың еншісінде. 1994 жылдың наурызында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі арқылы көрегендікке толы ұсыныс – Еуразиялық одақ идеясын паш етті, шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түпкілікті шешім қабылданды. Ал 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, ел тағдырына жауапкершілік жүгін Н.Назарбаев толық өз мойнына алды. Мемлекетті басқарудың президенттік формасы дүниеге келді. Осы жылғы 31 желтоқсанда жаңа жылдық құттықтауында Президент Н.Назарбаев былай деген еді: «Бүгінгідей күрделі жағдайға тап болып отырған жалғыз біз емес. Бізге дейін де көптеген елдер мақсаттарына жету үшін не бір қиын-қыстау кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді бастарынан өткізген. Қайсы бір ел болмасын, осы жолдармен өтуге тиіс».

Ақиқатына жүгінсек, сын сағатында ел өзі сенген Ерді төбесіне көтерген, ал нағыз кемел Ер қашанда елді өрге сүйреген ғой.

Сонымен, тәуелсіздікті жариялаумен Елбасын және  елді баурап алған ұлттық идея формуласы ресми танылмаса да әрбір атқан таңмен, нақты іс-шарамен мақсат-міндетін жүзеге асырып жатты. Еуразиялық одақ идеясы жойқын ядролық қару-жарағымен, ұлтаралық қақтығыс-соқтығыстарымен, дау-шарымен әлемді алаңдатып отырған посткеңестік кеңістікте татулығы жарасқан, береке-бірлікке шақырушы ел – Қазақстан бар екенін, оның лидері Н.Назарбаев ұлттық және өңірлік мүдделерді жалпыадамзаттық қажеттілікпен үйлестіруге жол тапқанын айшықтаса, жаңа астананы айқындау азаттықтың алғашқы ұлы жеңісі болатын. Ал тәуелсіз республикамыздың екінші Конституциясы реформа адымдарын шапшаңдатып, халық пен Елбасымыздың жасампаздықпен көсіле қимылдауына құқықтық негіз қалады. Ұлттық идеяның реализмі мен пәрменділігі ұлы Абайдың 150 жылдығын, М.Әуезовтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде ұлықтаумен, «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын қабылдаумен және дәйектелді. 1997 жылғы қыста ұлы көштің Жетісудан Сарыарқаға бет түзеуі тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген ұлттық идея салтанаты шеруін екінші кезеңге, астаналық кезеңге бастаған сәт еді. 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға