Жаңалықтар

IT саласын қазақша сөйлетіп жүрген Алина

IT саласын қазақша сөйлетіп жүрген Алина
Фото: instagram.com/alinas.alem 18.03.2024 18:15 12639

IT саласында қазақ тілді контент жасап, қазақ тілді жобаларды жүзеге асырып жүрген ару қыздардың бірі - Алина Ачилова. Ол бүгінге дейін 100-ден аса кездесу ұйымдастырып, 2020 жылдан бері технология саласы мен стартаптар жөнінде ана тілімізде маңызды деректерін бөлісіп жүр. Алина жақында Сингапурға барып тәжірибесін жетілдіріп, білімін нығайтып қайтты. Негізгі мамандығы systems аnalyst, яғни, IT-кoмпaнияда тапсырыс берушінің талаптарына сай өнім жасап, жүйеге лайықтайтын маман болумен қатар университетте сабақ беріп, мықты мамандардың қалыптасуына үлес қосып жүр. Бүгін Алинамен IT саласына қалай қадам басқаны және өз ісінің білікті маманы болу жөнінде әңгімелестік.

El.kz: Алина, қайырлы күн. Ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. IT әлеміне қалай қадам бастыңыз?

Алина Ачилова: Мектеп кезінде информатика сабағына, дәлірек, компьютерге өте жақын болдым. Інім екеуміз компьютерлерді жинап, мен достарымның бәріне сол кездегі танымал "Мой Мир" желісінде парақшалар ашып берген едім.  Тіпті, алғашқы табысымды да мектептегі мұғалімдерге Power Point-те презентациялар жасап тапқан едім. Сондай-ақ MovieMaker бағдарламасында видео монтаждап беретінмін. Дегенмен, отбасымда барлығы дерлік медицина саласында жүргендіктен маған да таңдау қалдырмай, бірден дәрігер боласың деген талап қойды. Басқа салаға кетуді қарастырмауды тапсырды. Бірақ, мен өзім қаннан қорқатын адам болғандықтан медицинаға бет бұруым екіталай еді. 9-сыныпта биологиядан олимпиадаға қатысып, бұл сала меніңкі емес екенін нақты түсіндім. Сосын Алматыдағы IITU (МУИТ) университеті туралы білген соң, 2 жыл бойы грантқа түсуге дайындалдым.

El.kz: Қазіргі айналысып жүрген қызметіңіз туралы айтып берсеңіз. Сонымен қатар, бүгінге дейін жасаған жұмыстарыңыз туралы да айтсаңыз.

Алина Ачилова: Осыған дейін Alfa-Bank-те Database Engineer, Kaspi Bank-те Software Engineer, Air Astana-да Business/System Analysis, EPAM Anywere, Middle Data Analyst, Astana Hub-та IT Startup Regional Tracker болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда СДУ университетінде Бизнес аналитика пәнінің оқытушысымын және Diploma Instuctor ретінде міндетімді атқарамын. Одан бөлек, өзім мақтан тұтатыным, Алматы менеджмент университетінде (AlmaU)  IT Startup, Product Management мамандықтары бойынша ментор және мұғаліммін. AlmaU-дегі Айти мектебінде білім беру әдістемесін өзгертіп жатырмыз. Жаңа әдістеме бойынша студенттер бірінші курстан бастап өздерінің проект-жобаларын жасайды. Сол жобаларына сәйкес бағдарламалау тілдерін үйренеді. Яғни, әркім өзінің жобасына қажетті тілді меңгеруді бастайды. Сондай-ақ барлық студенттер, идеяны тексеріп, өздері ұсынған гипотезаларды тексеруді және индустриямен жұмысты үйренеді. Әр семестр бір стартап жасап шығуы керек. Мысалы, алдыңғы семестр KMF компаниясымен жұмыс істедік. Олар мал сатуға маркетплейс жасағанда біздің студенттер оларға қолданушылардың толық жолын көруге мал базарларға барып, сауалнамалар жасап, бақылау жасап, гипотеза мен идеяларды тексеруге және маркетплейстің қандай түрін жасауға қатысты көмек берген. Сосын сол маркетплейстің MVP-ін жасап беріп.

Тағы бір қызық тұсы, студенттер 3 жыл ғана оқиды. Content Media and Data Analysis, Product Management деген қызықты мамандықтарда білім алады. Мысалы, Content Media and Data Analysis студенттері Gallup тестін тапсырып, өздерінің таланттарын біліп, мұғалімдер тарапынан оларға өздерінің таланттарын дамытуға көмек береміз.

Бұндай система ешқандай универде жоқ. Мен бұл әдістеменің жақсы нәтиже беретінін және әлеуеті жоғары деп ойлаймын. Бұл әдістеме еңбек индустриясысы мен білім орындарын арасындағы үлкен айырмашылық бар екенің көрген соң, соны шешу мақсатында ойлап табылған. IT Startup бөлек таңдау сабағы емес, міндетті түрде өтетін практикалық сабақ.

El.kz: Малайзияға барып қайтқаныңыздан хабардармыз. Ондағы оқу-тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Алина Ачилова: Сингапурға ExChange бойынша барып, бір семестр оқып қайттым, сосын 2019 жылы стартап бойынша барғанмын. Малайлықтар мәдениеті мен ұлттық құндылықтары жағынан біздің елге ұқсас. Сондықтан да стартап жобаларын жүзеге асырам дейтіндер үшін осы елдің нарығына зерттеу жүргізуді ұсынамын. Біз ШахАлам деген студенттік қалада UiTM деген мемлекеттік университетте оқыдық. Жарты қала бір универдің бірнеше департаментінен тұрады. Әр департаментке баратын 15-ке жуық автобустар бар. Ол жақтағы Computer Science кампусымыз қазіргі қазақстандық AlmaU-дың ғимаратымен бірдей болатын. Мен әлемнің кең екенін, шексіз мүмкіндіктер болатынын түсінген сәтім осында болды. Бүкіл активитилерге қатысып, Малайзиялық телебағдарламаларға түсіп, интервью беріп, өзімнің жеке тұлға ретінде барлық қабілеттерімді шыңдаған кезіме тұспа-тұс келді.

Малайзияда теориялық білімімізді нығайттық. Кодты парақта жазып өткізетінбіз, читинг деген зат атымен жоқ, читинг үшін универден шығарып жібереді. Емтихандар өте қиын түрде өтеді. Университетке ұзын киіммен ғана кіргізеді, ораза кезінде сабақтардың бәрі қысқартылады, ауыз ашар уақытында салют атылады, оқу орындарында тегін тамақтар таратылып, кешкі базарлар ғана жұмыс істейді. Күндіз бүкіл мейрамхана, кафелер жұмысын тоқтатады. Халқы өте мейірімді. Бірге оқыған студенттермен етене жақын араласып, жақсы қарым-қатынас орнаттық. Сингапур елінде оқыған тәжірибем өмірдегі бағытымды айқындап бергендей болды. Қандай жоба жасасам да елімнің ғана емес, әлемді өзгертуге деген талпыныс пайда болды. Сондай-ақ саяхаттаудың маңызын түсіндім. Аз-маз ақшамды жинап, 30-дан астам елге сапар шектім. Мұның бәрі, әрине, мықты маман ретінде қалыптасуыма, таным көкжиегімді кеңейтуге мол септігін тигізді.

El.kz: Стартапты қазақ тілінде жасайтындар аз секілді. Бұған не кедергі деп ойлайсыз?

Алина Ачилова: Қазақ тілінде айти, тех, стартап бойынша ақпарат ағыны аз, сол үшін @digitaldala деген жобасын бастадым, қазақ тілінде тех стартап жайлы. Мәселен, жобада оқырмандарыма арнайы жазылған Google Developer Expert маманы болуға қатысты маңызды деректі бөлісе кетейін.

GDE – түрлі салаларда кәсіби мамандарды іріктейтін Google бағдарламасы. Google оларға пайдалы танысуға, іс-шараларға қатысуға және фреймворк жасаушыларымен тікелей сөйлесуге көмектеседі.

Қалай GDE болуға болады:

1. Өз салаңыздың сарапшысы болыңыз:

- Технологияларды үнемі пайдаланыңыз және тәжірибе жинақтаңыз: сарапшы болғыңыз келетін технологиялармен жұмыс істеңіз, мақалалар мен құжаттамаларды оқыңыз, баяндамаларды қараңыз, технологиялармен бірнеше жыл жұмыс істеңіз
- Біліміңізбен бөлісіңіз: мақалалар жазыңыз, блог жүргізіңіз, баяндамалар жасаңыз.
Қоғамдастыққа қатысыңыз: open-source жобаларын әзірлеңіз, митаптарды ұйымдастырыңыз.

2. GDE шақыртуын алыңыз:

- Өз аймағыңыздан GDE табыңыз: Google барлық GDE тізімін жыл сайын жариялайды.
https://developers.google.com/community/experts 
- GDE-ге хат жазыңыз: өзіңіз туралы, жетістіктеріңіз туралы және неге GDE болғыңыз келетіні туралы айтыңыз.
- GDE-ден өзіңіздің тәлімгеріңіз болуды сұраңыз: ол сізге мақсаттарды тұжырымдауға және оларға қол жеткізу жоспарын жасауға көмектеседі.

3. GDE бағдарламасына қатысуға өтінім беріңіз:

- Өтініш толтырыңыз: өтінім нысанында сізге өз жетістіктеріңіз мен тәжірибелеріңізді сипаттау қажет болады.
- Сұхбаттан өтіңіз: сұхбат ағылшын тілінде өткізіледі, сіз таңдаған салада өзіңіздің кәсібилігіңізді растауыңыз қажет.

GDE артықшылықтары:

• Тану: Google сіздің кәсіби мәртебеңізді растайды.
• Қолдау: Google сізге конференцияларда сөйлеуге көмектеседі.
• Қоғамдастық: Сіз басқа GDE және әзірлеушілермен сөйлесесесіз.
Кеңестер:
• Шағын бастаңыз: ірі конференцияда бірден спикер болуға тырыспаңыз. Кішкентай сөздерден бастаңыз, мысалы, митаптарда.
• Мақалалар жазыңыз: бұл білімді жүйелеуге көмектеседі.
• Белсенді болыңыз: қоғамға қатысыңыз, басқа әзірлеушілерге көмектесіңіз, мақалалар жазыңыз, open-source жобаларын жасаңыз.
• Көмек сұраудан қорықпаңыз: егер сіз бір нәрсеге күмәндансаңыз, басқа GDE-ге немесе сіздің салаңыздағы сарапшыларға хабарласыңыз.

Сонымен GDE болу үшін:
• Өз саласыңда сарапшы болу
• Өз біліміңізбен қоғаммен бөлісу
• GDE шақыртуын алу
• Сұхбаттан өту

Егер сіз өз салаңызда сарапшы болғыңыз және өз біліміңізді басқалармен бөлісгіңіз келсе, GDE – бұл тамаша мүмкіндік.

El.kz: Мықты IT маманы болғысы келетін студенттерге, оқушыларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

Алина Ачилова:  Ең алдымен, неліктен осы салаға келгеніңді түсіну маңызды. Ішкі және сыртқы мотивацияны анықтап алу. Көп еңбек ету, проактив болу және тәжірибе жинау керек. Тез ақша табуға құмар болмай, пайдалы болу үшін жоғары мақсаттар қойғанда ғана нәтижелер ойдағы межеден де асып түсуі ықтимал. Қазір гайдтар, тегін курсттер, ивенттер, кітаптар, коммьюнитилер, блогтар өте көп, соның біреуін алып тегін өтіп, өзінің қолымен проект жасап көру. Содан кейін ментор табу деген сияқты кеңестер беремін. Мысалы, айтидың өзі де өте көп салаларды қамтиды. Продакт менеджер болу үшін міндетті түрде тәжірибе жүзінде қандай да бір өнімді жасап шығару, ойыңызда жүрген жобаларды сынап көру керек. Осының бәрін жасай алатын жұмыс ортаны тапқанда бәрі бір жолға қойылады.

El.kz: IT-да қазақ тілінің өрісі кеңейіп келе ме? Қалай ойлайсыз?

Алина Ачилова:  Иә, әрине, осыдан бірнеше жыл бұрын өздерінен күмандаған адамдар, бірнеше тәжірибе жинап, мықты маман иесі атанып, басқалармен бөлісу дәрежелеріне жеткенін көріп жатырмын. Біздің Digital Dala-ға қазақ тілінде технология жайлы жазатын ең алғашқы каналдардың бірі болғандықтан 3 күнде шамамен 300-ге жуық адам тіркелді. Бұл технология бағытындағы қазақша контентке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

El.kz: Қазақстандық IT мамандарының қызметі шетелде үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Біздің елдің мамандары басқа елдермен қаншалықты бәсекелесіп жүр?

Алина Ачилова: Бірдей дәрежеде деп санаймын. Басқа елдерге конференцияларға барып көрген соң, осындай шешімге келдім. Кейбір жағдайда, мысалы, математика жағынан мүмкін біздің мамандардың дәрежесі жоғары деп білемін.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! Бастамаларыңыз сәтті жүзеге аса берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға