Ислам дiнiнiң қазақ жерiнде таралуына зор үлес қосқан адам
Есеней – Ислам дiнiнiң қазақ жерiнде таралуына өте зор үлес қосқан адам. 1826 жылдан бастап Ресейдiң рұқсатынсыз терiстiк өңiрдiң қазысы болып тұрғанда да, кейiн де қолына жүз мүрид (шәкiрт) ұстаған екен. Ол сол мүридтер арқылы ислам дiнiн насихаттаумен қатар, ел iшiндегi содырларды жөнге салып, ұрлықты тыйған екен. Ұрыларға өте қатал шара қолданған.
1832 жылдың аяғында қазақтың беделдi де мықты адам дарының бiрi Есеней екенiне генерал губернатор И.А. Вельяминовтың көзi әбден жетiп, оның Қызылжар аймағын мекендейтiн Керей елiнiң және Қызылжар қаласында тұратын мұсылмандардың ортақ қазысы екенiн толық мойындапты. Сондықтан губернатор Естемiсұлына жақсы мiнездеме бередi. 1835 жылы Ресей патшасының Бас министрi Есенейдi Петербургке шақыртып алып, ел тыныштығын сақтағаны үшiн оған «Құрметтi қазақ» атағын, Анна лентасына қадаған алтын медальды грамотамен бекiтiп берiптi әрi Батыс Сiбiр шекаралық комиссиясына мүше етiптi (Алматы архивi, 345- қор, 1-тiзiм, 950-іс. «Списки награжденных казахов окружных приказов»).
Ресей басшылары Есеней Естемiсов пен Ораз Андағұл Бәйiмбет болысының болысы, Көкшетау дуанының заседателi Жылғара Байтоқиннен қатты қорықты, өйткенi Қызылжар өңiрiнде екеуiнiң беделi өте зор болды. Есенгелдi, Саржан, Кенесары Қасымовтардың көтерiлiсiне қосылып кете ме деп түрлi саясатпен қолдарында ұстауға тырысты, өйткенi екеуi де өз руларының көсемi, халықты соңдарынан ерте алатындарын бiлетiн. Алдында қара қазақтардан шыққан адамдардың ел басқаруға ақылойлары жетпейдi деп ойлаған Ресей басшылары Есеней мен Жылғарадан кейiн бұл ойларының терiс екенiн бiлiп, қарадан шыққан қазақтардан аға сұлтан қызметiне сайлай бастады.
Солай бола тұра Ресей басшылары Есенейдi ерекше бақылауға алды. Өйткенi, Есенейдiң iнiсi Еменәлi Кенесарының қарындасы Бопай Қасымқызына үйленген, құдалары жағына шығып кете ме деп сескенiп отырған. Расында, Есеней 1838 жылға дейiн Есенгелдi, Саржан, Кенесары көтерiлiстерiне тiкелей қатыспаса да, қолдап, мiнiстерiне саяқ аттар, азықтүлiкпен көмектесiп отырған.
Батыс Сiбiр губерния басшылары 1834 жылдың тамыз айында тарап кеткен Аманқарағай дуанын қайтадан ашты. Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты Көкшетау дуанынан он жыл кеш ашылды. Елдi хан тұқымынан шыққан адам ғана билеу керек деген қалыптасқан дәстүрмен дуанның аға сұлтаны болып Шыңғыс Уәлиханов (18111902), орыс кеңесшiсi Язы Янов, қазақ кеңесшiлерi (заседательдерi) болып Есеней Естемiсов, Тәбей Барлыбаевтар сайланды. Дуанға қарасты халық болыстарға бөлiнiп, болыстар ру жiгiмен бөлiндi.
«Бөлiп ал да, билей бер» саясатымен халықты жiкке бөлiп, бiрiгiп кетпеуi үшiн ру арасында жiкшiлдiк туғызып отырды.
Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып сайланған Шыңғыс Уәлиханов (Шоқан Уәлихановтың әкесi) пен Есеней 18 жыл бiр дуанда жұмыс iстейдi. Есеней 1834 жылдан 1841 жылға дейiн Аманқарағай дуанының кеңесшiсi (заседатель), 1841 жыл дан 1852 жылға дейiн Сибан болысының старшыны болып iстейдi. Омбы қаласындағы Сiбiрдiң линиялық казактарының әскери училищесiн тәмамдаған Шыңғыс 23 жасында осы дуанға аға сұлтан болып сайланады. Ол бұл жұмысты 1852 жылға дейiн атқарады, Шыңғыс – орыс тiлiн жете меңгерген тұңғыш қазақтардың бiрi, соның арқасында ол орыс мәдениетiнiң бай қазынасымен терең танысады. Кеңестiк саясаттың хан тұқымынан шыққан адамдарға терiс қарауынан қазақ тарихындағы өзiнiң тиiстi бағасын ала алмай келе жатқан тарихи тұлғаның бiрi – осы Шыңғыс Уәлиханов.