Жаңалықтар

Ислам дініндегі неке мәселесі

Мұсылмандық некеге тұрудың шарттары мен талаптары
Ислам дініндегі неке мәселесі
25.11.2020 16:41 103469

Отбасы құрып, шаңырақ көтеру – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалғаны абзал. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы Нұр-Астана мешітінің наиб имамы, дінтану ғылымдарының магистрі Берікбол Мергенбайұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Берікбол Мергенбайұлы, сұрағымыздың әлқисасын мұсылмандық некеге тұрудың шарттары, талаптары мен ережелерінен бастасақ.

– Жалпы мұсылмандық неке қию рәсімі – ислам діні келуімен Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) пайғамбарлығымен, Алла тағаланың тарапынан бекітілген сүннет амал болып табылады. Себебі пайғамбарымыз соны айтқан және орындаған. Пайғамбарымыз құптаған істердің барлығын сүннет дейміз. Бұл – тек пайғамбарымыздың сүннеті ғана емес, бүкіл пайғамбарлардың Адам атадан бастап қандай пайғамбарлар өткен болса, солардың барлығына тиесілі амал әрекет. Олар да тура осылай үкіммен, адал жолмен неке қиған екен. Осы орайда «Неке қию рәсімі неге мұсылмандық неке деп аталады?» – деген сұрақ туындауы мүмкін. Неке қию – ең әуелі Алланың алдындағы екі жұптың, екі жастың немесе ер мен әйелдің шынайы өздерінің ықыластарын, ниеттерін білдіре отырып, рұқсатын алу. Екі жас неке қию рәсімі арқылы ең әуелі Алланың алдында адалдықтарын білдіреді. Ер мен әйел бір-біріне уәде беріп, ортақ келісіммен отау құрады. Мұсылмандық неке – сүннет амалы. Оның негізгі шарттары, талаптары мен тәртіптері болады. Ең әуелі, неке қиюшылар балиғат жасына жетіп, мұсылман болуы, бір-біріне шынайы ризашылықтарын білдіріп, ешкімнің мәжбүрлігінсіз өз еріктерімен некеге тұруы қажет. Және, ең әуелі, ата-аналарының разылығы болуы міндетті.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Қандай жағдайда кімнің некесі мешітте қиылмайды?

– Жалпы неке қию мешітте өтуі керек деген заңдылық жоқ. Некені мешітте де, үйде де, той алаңында да қиюға болады. Жалпы таза жер болуы керек. Әрине біздің қазағымыз – ырымшыл халық. Алланың алдында, Алланың үйінде, Алланың құзырында шынайы түрде болады деп мешітке келіп неке қию рәсімін өткізіп жатады. Ол әрине дұрыс. Мешітте неке қию мен жоғарыда айтып кеткен талаптар мен ережелер сақталған сәтте ғана қиюға рұқсат етіледі. Неке қиядың талаптары мен ережелерін орындамағандардың некесі мешітте қиылмайды.

Ислам дініндегі неке мәселесі

( Нұр-Астана мешітінің наиб имамы Берікбол Мергенбайұлы)

– Бірінші екі жас мешітте неке қию рәсімін өткізу керек пе? Әлде АХАЖ бөлімінде тіркелуі шарт па?

– Негізінде АХАЖ мәселесі бізде көптен бері Діни басқармада, мүфтият саласында міндеттелген. Ол міндетті талаптардың бірі болып табылады. Бізге мешітке неке қиюға келген жандарға АХАЖ бөліміне тіркелуді талап етеміз. Мәселен, АХАЖ бөлімінің құжаты қолыңызға тимесе де, өтініш берілді деген құжатты әкелулері керек. Тағы бір мәселе қоғамда дін атын жамылған әр түрлі диструктивті ағымдар бар. Олар дінді пайдаланып өздерін жеке адами факторлық көздеген арам пиғылдарын, ниеттерін, амал әрекеттерін жүзеге асырып жатады. Олар ең әуелі некелесіп алады, бірақ АХАЖ-ға тіркелмейді. Сосын бір-екі ай тұрып, оны талақ етіп жібереді. Тіпті себепсіз ажыраса салатындары да болады. Не үшін? Себебі олардың бастапқыда ниеті түзу болмаған. Бұл нәрсе исламға, мұсылманшылыққа жатпайды. Мұндай нәрсе біздің дінімізде жоқ. Керісінше ислам діні жауапкершілікті жүктейді. Ер мен әйел некелесуге ниеттенсе, олардың некесі өмір бойы бірге тұратындай берік болуы керек. Екінші тараптан айтатын болсақ, діни емес, тұрмыстық мәселе. Кейбір адамдар некелеседі де, АХАЖ бөліміне тіркелмейді. Ол да ерлі-зайыптылар арасындағы жауапсыздықтың салдарынан ажырасуға әкеліп соғады.

– Ажырасып кеткен ер азаматтың отбасының, баласы мен әйелінің алдындағы жауапкершілігі қандай?

– Бүгінде ажырасып кеткен ер азаматтардың арасында отбасының, баласы мен әйелінің алдындағы жауапкершілігінен бас тартып жататындары бар. Ер адам белгілі бір себеппен ажырасуға барғанның өзінде оның мойнында баласына қарайласу деген жауапкершілігі болады. Баласы кәмелет жасқа толғанға дейін оның киімі, тамағы, оқуы әкесінің мойнында болады. Ол азамат, құдайдың, анасының және қоғам алдында жауапты. Сол себепті осындай түйіткілді мәселелердің алдын алу шараларын жүргізіп келеміз. Оны көбісі дұрыс қабылдайды. Арасында кейбірі ренжіп жатады. Біз оларға түсіндіруге тырысамыз.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Мұсылмандық некеде кімдер куәгер болғаны дұрыс? Неке қию кезінде жас жұбайлардың ата-аналары қатысуы міндетті ме? Ал ата-анасы қатыса алмаса ше?

– Жалпы шариғатта, дінімізде неке қию рәсіміне қатысатын куәгерлерге қойылатын арнайы тәртіп бар. Олар балиғат жасына жеткен, мұсылман және есі дұрыс болуы міндеттеледі. Сондай-ақ неке қию рәсіміне екі адам куәлік етеді. Егер екі ер адам табылмаған жағдайда, бір ер адам мен әйел адам куәлік ете алады. Енді куәгерлер туыс-жақындарынан ата-анасы, достары, жолдастары, көршілері немесе кез келген мұсылманмын деген адам куәгерлік ете алады. Ал енді шариғатта ата-аналары ғана куәлік ету керек деген талап жоқ. Әрине ата-аналары болса жақсы. Егер олар куәлік ете алмаған жағдайда, қыз жағынан жауапты ер кісілерден көкесі, ағасы немесе бауыры жалпы ер азамат болғаны абзал. Жігіт жағынан ата-анасы болмай қалған жағдайда, ер азаматтардан, туыс-жақыны куәлік етсе, батасын беріп жатса дұрыс. Біз көп жағдайда қыз бала тарапынан ата-анасы қатысқанын дұрыс деп білеміз. Неге десек, кейде жастар АХАЖ-ға тіркеледі, некелерін қияды. Бірақ неке қиып болғаннан кейін ата-аналар ризашылығын бермеген болып шығады. Сондықтан ата-ананың разылығы мен ақ батасы болғаны дұрыс.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Неке суын ішкізудің мән-мағынасы қандай?

– Неке суы – неке қиюдың шартына, талаптарына және ережесіне кірмейді. Біздің халқымыз  – ырымшыл халық. Неке суы – қазақтың салт-дәстүрі мен наным сенімінен туындаған. Неке суына көбінесе зәмзәм суын құйып жатады. Немесе кәдімгі су құйып ыдыстың ішінде құран аяттары жазылады. Құран аяттары жазылған ыдыстағы су қасиетті суға айналып, жастар содан ішіп, болашақтарын жақсылыққа жорып, алдағы отбасылық өмірі баянды болуына ниет білдіреді. Бір ыдыстан су ішіп, отау құрғаннан кейін бір үйде тұрамыз, бір ошаққа айналдық деп неке суын ішіп жатады. Жастар неке суын ішіп болғаннан кейін, «жұғысты болсын» деп қасындағы куәгер жастарға беріп жатады. Оның шариғатқа қайшы ешқандай тұсы жоқ. Кейбір мұсылмандар өздерінің жергілікті салт-дәстүрі мен заңдылықтарына орай неке рәсімінің қосымша рәсімі әр алуан болып өзгеріп жатады.

Ислам дініндегі неке мәселесі

–Мұсылмандық неке қию қалай орын алады?

–Неке қию жүргізу үшін алдымен талап бойынша алдын ала ерлі-зайыптылар бізге келіп, өтініш жазуы керек. Жеке куәліктерінің көшірмесін қалдырады. АХАЖ-ға тіркелген өтініші немесе өтініштің көшірмесі болуы керек. Сонымен бірге куәгерлерін, неке қию рәсімі өтетін күн мен уақытты белгілейді. Содан кейін мешітте кезек болмайтын болса, сол күні өтініш беріп неке қиюға болады. Кезек болған жағдайда адамдар алдын ала жазылған күні неке қиюшылардың таңдауына қарай белгіленген уақытында некесін қиямыз.

Ислам дініндегі неке мәселесі

–Жалпы неке қиюшылардың жас ерекшеліктері туралы айта кетсеңіз

–Біз заң аясында кәмелетке толған, ата-анасының разылығын алған болса сол жастан бастап некені қия береміз. Олар 18 жастан бастап осынша жасқа дейін деген мәселеге қатысты дінде шектеу жоқ. Қай жаста некесін қиюды ниеттенсе қия береміз. Ең үлкен жас деп айтсақ, 60-70 жастағы қария ата-әжелер де келеді. Бірақ олар – бұрыннан бері бірге өмір сүріп, немере-шөбере көрген ерлі-зайыптылар. Кеңес Үкіметі кезінде некеге тұрмаған олар өз замандарында мұндай рәсім болмағанын айтады. Сондықтан жасы үлкен кісілер де «Алланың алдында адал болайық» деп мұсылмандық некесін қидырып жатады.

–Жылына қанша отбасы мешітте неке қияды?

–Мәселен салыстырмалы түрде карантинге дейін біздің Нұр-Астана мешітінде жылына 600-700 ерлі-зайыпты некесін қиған болатын. Ал енді осы жыл басынан бері 300-дей неке қию рәсімі тіркелді. Қарап отырсаңыз былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есе аз болып тұр. Демек биылғы жылы неке қию рәсімі екі есе аз.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Некеде махр сыйлығын беру шарт па? Жалпы махрдің құны қанша болуы керек? Ері әйеліне махрді қанша уақыт көлемінде алып беруі керек?

–Некеде махр сыйлығы міндетті болып саналады. Бұрынғы кездері неке сыйлығын біздің ата-бабаларымыз күміс теңгемен берген. Оның толық бір себебі бар. Ислам дінінде Пайғамбарымыз заманында дирхам бойынша неке сыйлығын берген. Дирхам – күміс, ал динар – алтын ақша. Ал оның құны пайғамбарыздың сүннеттерінде әр түрлі деректермен келтіріледі. «Құны қандай болу керек?» деген мәселеге келетін болсақ, бір деректерде 10 дирхам деп көрсетілсе, екінші деректерде 400 мисқал деп келтіріледі. 400 мисқал шамамен алғанда, жан-жақты ресурстармен қарастырғанда бүгінгі күнмен 800 мың теңгеге дейін барып қалады. Мұны Араб елінде болғандар біледі. Тіпті Түркияда да сондай дәстүр бар. Әсіресе Араб елдерінде ер азаматтар махр сыйлығына ерекше дайындық жасайды. Онда ерлер қырық жасқа таяп барып үйленеді. Өмір бойы махрге деп ақша жинайды. Махрдың құны өте қымбат. Үйлену үшін махрдың құнын төлеу үшін біраз тер төгеді. Ол не үшін солай болады?! Кейінгі уақытта махр мәселесі күрделеніп кетті. Ер азамат әйелге үйленгеннен кейін сол некені сақтап қалуын, тұрақтылығын ойланады. Некенің құндылығын түсінеді. Махрді беру ер азаматтың мүмкіншілігіне байланысты. Ингуштарда махр сыйлығы ретінде бір қошқар немесе оның құнын әкеліп, сүт ақысын қоса береді. Оларда аса қатты талап жоқ. Ал бүгінде біздің қоғамымызда зергерлік бұйымдарды айтып жатады. Біреу сырға, біреу алқа немесе жүзік сұрап жатады. Сонымен қатар қыздың құнын да түсіруге болмайды. Ол да бір отбасынан шыққан, ата-анасының аялап өсірген перзенті. Оны бағалылығын күйеуі және оның туыстары да жақсы түсіну керек. Махрды алып беруге нақты уақыт берілмейді.

Ислам дініндегі неке мәселесі

– Сіздің тәжірибеңізде ең қымбатқа түскен махр сыйлығы қандай? Махр сыйлығына автокөлік немесе пәтер сұрайтындарға көзқарасыңызды білсек...

– Дін бойынша негізінде қандай зат сыйлауы керек екенін әйел адам өзі айтуы керек. Кейбір жағдайда жас жұбайлар жастығымен махр сыйлығын білмей жатады. Кейде махрды ері белгілеп жатады. Негізінде әйел махрды өзі таңдауы керек. Сонымен қатар неке рәсімінде әдетте құтпа оқылады. Ол  – арабша оқылатын мәтін. Онда жастарға бақыт тіленеді. Аллаға мадақ, пайғамбармызға салауат айтылады. Сондай жақсы тілектер айтылып, имамның тарапынан уағыз насихат оқылады. «Әртүрлі өмірдің қиындықтарына сынақтарына мойымай бір-бірлеріне тату тәтті өмір сүріп, өмірдің қиыншылығына сабырлық етіп, жақсылығына шүкірлік ету керек» деген секілді айтылады.

Қазіргі кезде қоғамда әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Отбасын құрғаннан кейін көп ұзамай, өмірлік сынақтарға шыдамай ажырасып жатқандар жетерлік. Соның алдын алу ретінде өзіміздің тарпымыздан ықпалдық етейік, өзіндік үлесімізді қосайық деп жастарымызға ақыл-кеңестерімізді айтып жатамыз.

Ең құнды махр сыйлығы ретінде баға жағынан үй, автокөлік, саяхат сұрап жатады. Кей кездері махр сыйлығына Меккеге қажылықты сұрайтындар да бар. Ол дұрыс деп санаймын. Себебі үлкен қажылық   – дүниелік нәрсеге де жақсы және бес парыздың бірі. Ал енді автокөлік пен пәтер сұрайтындарға айтарым: ол дүниеге екі жас бірге жүріп те жетуіне болады. Сондықтан неке мен отбасының беріктігін ойлау керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Бөлісу:
(Суреттер: (Бауыржан Жуасбаевтікі және автордың жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға