Жаңалықтар

«Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газы жетіспейді». Депутат Энергетика министрлігін сынға алды

«Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газы жетіспейді». Депутат Энергетика министрлігін сынға алды
Фото: t.me/mazhilis_kz 18.09.2024 11:02 390

Мәжіліс депутат Еділ Жаңбыршин елімізде сұйытылған мұнай газының көлемі тапшы екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасы аясында депутат бірқатар мәселеге тоқтала кетті.

2021 жылы «Тауар биржалары туралы» заңға өзгерістер енген болатын. Соған сәйкес, сұйытылған мұнай газы электрондық сауда алаңында 100 пайызға сатылатыны болып белгіленген. Бірақ өздеріңізге белгілі, сол сұйытылған мұнай газын сату жөніндегі нормативтік құжаттық актілердің толық әзірленбеуі, одан басқа сұйытылған мұнай газының ішкі нарықта жетіспеушілігімен қатар спекуляция газдың бағасын бір литріне 120 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Оның салдарын 2022 жылы өзіміз көрдік. Соған байланысты осыдан екі жыл бұрын депутат Самат Мұсабаев екеуміз 2025 жылға дейін биржаға сұйытылған мұнай газын шығармау жөнінде норма берген едік. Желтоқсанда оның уақыты бітеді. Сұйытылған мұнай газын биржаға шығаруға қатысты тиісті нормативтік құжаттар толық дайындалды ма? Біз тағы да Самат Мұсабаев екеуміз 2030 жылға дейін сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта биржада сатпау жөнінде норма бердік. Себебі қазір сұйытылған мұнай газының ішкі нарықта көлемі жетіспей жатыр. Дефицит бар. Осыған энергетика министрлігінің көзқарасы қандай? 2030 жылдан кейін сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша Қазақстанда дефицит бола ма, болмай ма? Қандай болжамдар бар? - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жауап берді.

Осыған дейін бұл мәселені жұмыс тобында талқылаған болатынбыз. Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, бұл шынында да дефицит тауар, оны тауар биржасына 100 пайыз шығарудың белгілі бір қауіп-қатері бар. Бірақ 2025 жылдың соңына қарай заңнамалық тұрғыдан бұл мәселені реттейміз деп ойлаймын, - деді Бижанова.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың сөзінше, елімізде сұйытылған мұнай газ тапшылығы 2030 жылға қарай шешіледі.

Энергетика министрлігі дефицит сұрағын 2030 жылы жабуды жоспарлап отыр. Біз Қашағанда және Қарашығанақта сұйытылған мұнай газын шығаруды көздеп отырмыз. Қашағанда шығарылатын (сұйытылған мүнай газ – ред.) көлемі жылына 800 мың тонна болады деп жоспарланған. Қарашығанақтан жылына 600-700 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіреміз деп есептеп отырмыз. Осылайша біз 2030 жылы дефицит мәселесін толық шешеміз деп ойлаймын, - деді Жамауов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға