Жаңалықтар

Ішкі көшіп-қонушылар мен қандастарды қоныс аудару қағидалары өзгереді

Ішкі көшіп-қонушылар мен қандастарды қоныс аудару қағидалары өзгереді
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 21.10.2024 21:14 404

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы НҚА-ға түзетулер топтамасын әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ЕХӘҚМ мәліметінше, аталған түзетулер топтамасы анықталған проблемалық мәселелер мен Бас прокуратураның ұсынымдарын ескере отырып әзірленді.

Атап айтқанда, мынадай өзгерістер көзделеді:

1) мансап орталықтар қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық және мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруы;

2) сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейту;

3) қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекіту;

4) қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастауын қоздейді.

Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу және ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2025 жылғы наурыздан бастап автоматтандыру жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Осылайша, көрсетілетін қызметті алушылардың мансап орталықтардың қызметкерлерімен байланысы жойылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Осы мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қамтамасыз етеді.

Бұйрық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

Құжатпен толығырақ «Ашық НҚА» порталында сілтеме бойынша танысуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға