Ішкі істер министрлігінде Республика күні атап өтілді
Ішкі істер министрлігінде республика күні атап өтілді. Министр Ержан Саденов әріптестерін егемендіктің символына айналған ұлттық мерекемен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ата-бабамыздың аңсаған арманы болған, елімізге еркіндік сыйлаған, Қазақстанның әр азаматы үшін айтулы мереке республика күні құтты болсын! Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері алдағы уақытта да халықпен сапалы, жақын қарым-қатынас орнатып, өз міндеттерін, әскери борышын абыроймен орындайды деп сенемін. Осы салтанатты күні сіздерге зор денсаулық, игілік пен бақ-дәулет тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағы мен мерейін асыратын үлкен істе баршаңызға сәттілік серік болсын, - деді министр.
Мерекеде мінсіз қызметімен көзге түскен ішкі істер органдарының 29 қызметкері Президент жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды. Одан бөлек еліміздің әр өңірінде халық тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келе жатқан мыңнан астам тәртіп сақшысы министрлік тарапынан марапатқа ие болды.