Жаңалықтар

Ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен тығыз жұмыс істеуі өте маңызды - Бектенов

Ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен тығыз жұмыс істеуі өте маңызды - Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment 18.10.2024 10:09 1516

Олжас Бектенов экспортқа бағытталған келешегі бар өндірістерді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектенов экспортқа бағытталған бизнес өндірістерді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес өткізді. Оған жекелеген министрлер мен аймақ әкімдері, «Бәйтерек» ҰБХ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Атамекен» ҰКП басшылықтары, сондай-ақ бірқатар саладағы бизнес өкілдері қатысты.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі мақсат – мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және өсімнің жаңа мүмкіндіктерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру.

«Бәйтерек» холдингінің экономиканың түрлі салаларында пилоттық жобаларды іске асырудағы жаңа тәсілдері қарастырылды. Бұл инвестициялық жобаларды қарау талаптарын жеңілдету және біріздендіру, сондай-ақ өтінім бергеннен бастап, жобалық қуатқа шыққанға дейін бизнес-бастамаларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Бірінші кезеңде тамақ өнімдерін өндіру, тереңдете өңделген металлургия өнімдері және басқа да жобалар қарастырылды.

«Бәйтерек» холдингі енгізген бірыңғай және жеңілдетілген өтінімдерді қарау регламенті бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ашықтығын әрі тиімділігін арттырады, сондай-ақ ішкі нарықта отандық өнімнің өсу қарқынын арттырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Премьер-министр бизнеске көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін әкімшілік шығындарды азайту қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік органдар мен даму институттары бизнеспен барынша қолайлы жағдай режимінде жұмыс істеп, елімізге қажет экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға дайын тиімді кәсіпкерлерді белсенді іздеуі керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен тығыз жұмыс істеуінің маңызын ерекше атап өтті. Отандық өндірушілердің тауарлары, қызметтері мен жұмыстарын сатып алу бойынша өз уақытында оффтейк-келісімдер жасау қажеттігі айтылды. Осылайша, қолдау шаралары тек белгілі бір кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы қазақстандық өндірісті дамытуға оң әсер етуі тиіс.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдіктері, «Бәйтерек» холдингі мен «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесе жаңа проактивті жұмыс форматына көшуді жедел түрде қамтамасыз ету тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға