Жаңалықтар

Іргесінде ірі көмір бассейні бар облыста көмір тапшы болмақ - депутат

Іргесінде ірі көмір бассейні бар облыста көмір тапшы болмақ - депутат
Фото: © ERG 06.09.2023 12:35 1276

Депутат Ерболат Сатыбалдин Шұбаркөл көмір кешеніндегі жағдайға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жылу маусымы басталысымен Ұлытау облысы көмір тапшылығын қатты сезінетін аймақтардың бірі. Депутаттың айтуынша, іргесінен газ магистралі өтіп жатса да облысқа қарасты ауылдық елді мекендердің тұрғындары 100 % көмір тұтынуға мәжбүр. Бұл жерде облыстың ауылдық елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысандарын (әкімдік, мектеп, ауруханалар, балабақшалар тб.) тек көмірмен жылытатынын ескерген жөн.  

Дегенмен, биылғы жылы  "Шұбаркөл Көмір" АҚ ішкі нарыққа көмір босатпайтыны жөнінде хабарлама жасады. Осылайша іргесінде ірі көмір бассейні бар облыста жасанды көмір тапшылығы болу қауіпі туындап отыр, - деді депутат.

Мысалы,  "Шұбаркөл Көмір" АҚ деректері бойынша 2022 жылы көмірдің өте үлкен көлемі Шұбаркөл Көмір қимасына жақын станциялардан (70,6 мың тонна) және Жаңа Қарағанды теміржол станциясынан (206,1 мың тонна) кері экспортқа шықты. Сонымен қатар, 2023 жылдың қаңтар - мамыр айларында Жаңа Қарағанды станциясынан халыққа арналған Шұбаркөл көмірінің шамамен 37,5 мың тоннасы экспортталған.

Бірақ биылғы жылыту маусымында қимада көмір алып кету пунктін жабу туралы шешім қабылданған. Бұл халық арасында үлкен резонанс тудыруда. Сондықтан облыс тұрғындары "Шұбаркөл Көмір" АҚ-да бөлімде алып кету пунктін ашуды талап етіп отыр, - деді мәжілісмен.

Жоғарыдағы жайттарды ескере келе депутат мынадай ұсыныс айтты:

«Шұбаркөл», «Жалын» көмір орындары Ұлытау облысы тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында көмірді босатуды жылу маусымы бойынша үзіліссіз ұйымдастыруына;

Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының ауылдық елді мекендеріндегі әлеуметтік маңызы бар нысандар (әкімдік, мектеп, ауруханалар, балабақшалар тб.) үшін көмір босатуға және тасымалдауға ықпал етуді сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға