Иранмен де тектеспіз
Осыдан 2550 жыл бұрын керемет зор Ахемени империясы құрылды, міне содан бері иран халқы өзінің мемлекеттігін жоғалтқан емес. Осы тұрғыдан қарағанда, Иранға теңдес ұзақ өмірлі мемлекет тарихта ілуде біреу шығар. Көптеген елдер мен халықтар Ахемени мемлекетінің құрамында болды, ұзақ жылдарға созылған бейбіт өмір шаруашылық пен мәдениеттің дамуына жағдай туғызды. Екі жүз жылдан аса өкімін жүргізген бұл мемлекет көне дәуірдегі мықты да құдіретті империяның бірі болды.
Экономикалық жетістіктері, негізі сол кезде қаланған саяси және мәдени дәстүрлер ғасырлар бойы – Эллада дәуірінде, Парфия патшалығы мен Сасани әулеті билеп тұрған тұсқа дейін, яғни араб шапқыншылығына дейін Таяу, Орта Шығыс және Орта Азия халықтарының өмірінде із қалдырып, үлкен рөл атқарды. Бұл империяда жеке ақша жүйесі жасалып, шекарасы дәл көрсетілген 20 әкімшілікке бөлінді, мемлекеттік заң қабылданды, жолдар салынып, қарым-қатынас, бекет жұмысы қолға алынды.
Қазақстан мен Иранның байланысы тарихтың терең қойнауында жатыр. Иран тектес сақ тайпалары б.з.д. 1 мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан жерін мекендеген. Екі елдің тарихында елеусіз із қалдырған ортақ атамыз сақтар б.з.д. екінші ғасырдың орта шенінде Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік Үндістанға ығысып орын тепті. Ирандағы сақтар мекендеген Дрангиан өлкесі Сакастан (қазіргі Систан) аталып кетті. Бір айтып кететін жәйт, ауып келген тайпалар мен ұлыстар жергілікті тұрғындарды өздеріне сіңдіріп немесе оларға сіңісіп кетсе де олардың атаулары этнонимге айналуы тарихта кездесе бермейді. Мысалы, Еділ мен Азовтағы ежелгі бұлғарлардың тайпалық одағын басқарған Кубрат ханның баласы Аспарух сол тайпалардың бір бөлігімен Добруджға ауып барып, ол жерді жайлаған славян тайпаларын өздеріне бағындырып, Болгария мемлекетін құрып, оның тұңғыш ханы болды. Кейін бұлғарлар өздерінің тілін ұмытып, славяндарға сіңісіп кетті. Ал, моңғол шапшыншыларының құрамында келген татар тайпалары Еділ бойында да қоныстанып, бұлғарларға сіңісіп, татар атауы этнонимге айналып кетті. XV ғасырда Шайбани ханның қолымен бірге келген Дешті Қыпшақ өзбек тайпалары жергілікті халықтармен араласып, ішінара бірігіп сіңісіп, өзбек сөзі солардың этнониміне айналды.
Зороастризм дінінің қасиетті кітаптарының жинағы «Авеста» - көп қатпарлы шығарма, оның құранды бөлшектері әр жерде, әр уақытта жазылды. Ғалымдардың пікірінше, «Авестаның» көне бөлшегі б.з.б. 1 мыңжылдықтың бірінші жартысында Орта Азияда пайда болған. «Авеста» көптеген халықтардың соның ішінде қазақ халқының ортақ ескерткіші, біз бұдан халқымыздың тарихын, тілін, ауыз әдебиетін, діни нанымдарын зерттеуге қажетті маңызы зор деректер табамыз. «Авеста» тілі – көне парсы тілінің ізі – субстрат (жеңген тілдегі жеңілген тілдің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық элементі) қазіргі қазақ тілінде кездеседі: зер, мәрт, пада, нан, аждаһа, дию, Иран, Тұран т.б. Ертедегі үнді-иран тайпалары өздерін арья атымен атаған, оған көптік жалғауы «-ан» қосылып Иран (яғни арилер) тұлғасы жасалған, туран да (турлар, тур тайпалары) солай. Фирдоусидің «Шахнамасында» Иран мен Тұранның шекарасы Амудария өзені, Низамидегі тұран ару кәнизактері – түркі қыздары.
Басқа тілдердің ішінде парсы тілінің қазақ тіліне әсері ерекше із қалдырды десек жаңсақ айтпаймыз. Тіпті, араб тілі лескисалық элементтерінің қазақ тіліне енуіне парсы тілі дәнекер болды.
Парсы классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Рудаки, біздің Абай табынған, әлемнің жеті жарық жұлдызы деп Гете ат қойған Фирдоуси, Анвари, Сағди, Хафиз, Низами, Руми және сол классикалық әдебиеттің соңғы өкілі Абдурахман Жәми, тағы да басқа теңдесі жоқ шайырлар бүкіл дүние жүзі әдебиетіне өздерінің шарапатты ықпалын тигізді.
Ирантанушы Л.З.Рүстемов