Жаңалықтар

Иран елінде қазақ мақал-мəтелдері

Иран елінде қазақ мақал-мəтелдері
27.08.2014 03:12 6203

Мақал-мəтел қазақ халқы мəдениетінің көрінісі. Мақал-мəтелдер қазақтардың əр түрлі салада жинақтаған тəжірибесінің түйіні. Онда қазақ көшінің қыр-сырымен, көршілік қатынастың мəн-жайымен, тойдың ереже- дəстүрімен, достықтың қадір-қасиетімен, жақсының шарапаты, жаманның кесапатымен, жан-дүниенің сұлулық құндылықтарымен, жалпы, өмір сырымен таныс бола аласыз. Кезінде қазақтар арасында мақал-мəтелдер мен өмірден алынған даналық сөздер, діни əңгімелер ұрпақты тəрбиелеуде үлкен рол атқарды. Үлкен кісілер жастарға жан-жақты тəрбие беруде аталған тəсілдердің бəрін ұтымды құрал ретінде күнделікті қоғамдық қатынастарда молынан пайдаланып жүрді. Қазіргі кезде ирандағы ағайындар бұл дəстүрден қол үзген, сөз ара реті келіп мақал-мəтелден пайдаланса көбіне парсы мақалдарын қолданады.

Иран елінде қазақ мақал-мəтелдері 1990 жылдарға дейін халықтың өміріндегі сан-салалы тұрмыс-тіршілігін қамтып, өмірінің бағыты мен мəнін айқындап отыруда шамшырақ болып келді.

Біз қатарлы ұрпақ атамекенде туып өскен аталар мен əжелердің əн-жырын, хикая-қиссасын, мақал-мəтелін естіп өстік. Ондай əңгімелерден бойымызға көптеп жақсылықтар жинадық. Шарапатын да көп көргендейміз. Əрине оның өлшемі болмайды. Соның бірі менің əкем қажы Ақмұрат ұдайы «жақсылық жаса, біреуге жамандық жасама, тіпті жамандық ойлама»,- деп пайғамбарлардың аңыз-əңгімесін айтып отыратын. Солардың бір əңгімесіне қарап, қазақ халқы білім беру ісін бесіктен бастап, өле-өлгенше жалғастыратынына дəлел тапқандай болдым. Өйткені, қазақы тəрбие адам баласын өмір бойы жамандықтан сақтануға жетелейді. Қазақтар ұрпақ тəрбиесіне қатысты мақал-мəтелдерді орынды пайдалана отырып, жаңа буынның дүниетанымын дұрыс қалыптастыруға көп күш салған. Мəселен: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, балаңды жұрт мақтаса, бəрінен де сол сүйгі», «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер, жаман боп туса, төрдегі басын жерге сүйрер», «Анасыз қыз ақылға жарымас, əкесіз ұл сыйға жарымас», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», «Ана сүтін ақтамағанды, ешкім де мақтамайды», «Адам адамнан асса да, Алладан аспайды», «Алладан асқан күшті жоқ, ойдан асқан ұшқыр жоқ», «жүрегінде Алласы бардың, қатеден құтқарар айласы бар», «Əрбір жұма күндері ақмешітке барыңыз, амандыққа-тыныштыққа құдайы садақа салыңыз» сияқты мақал-мəтелдер ұрпақты ата-ананы сыйлауға, қадірін білуге, сондай-ақ имандылыққа үндейді. Сонымен бірге қазақ халқы адам психологиясына ерекше мəн береді. Сол себепті бір ағайын-туыс, дос-жаранның қимас жаны дүние салғанда қисынды мақал-мəтелдерімен оны жұбатуға тырысады. Ондайда: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ», не «Озбайтын өмір, тозбай- тын темір жоқ» жанама түрде жұбата отыра өлім иесін өлім шындығымен таныстырып, ескертеді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға