ИРАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНА КІРІСПЕ
Ата-жұрттан шет елдерге əр түрлі себептермен кетіп, сонда өмір сүріп жатқан қазақтар əлемнің əр түкпірінен кездеседі. Солардың қатарында кеңестік жүйеде шаруаны ұжымдастыруды сылтауратып, елдің қолында бар малын тəркілеген солақай саясаттың кесірінен иран еліне көшкен қазақтар да болды.
1925 жылы салық қызметінің мəліметі бойынша Адай округінде 26 641 сиыр (бұл түлік негізінен, Тай сойған, Сағыз, Ойыл, Қазбек болыстарында) 62 278 жылқы, 103 364 түйе, 916 846 қой болған. Округтегі мал шаруашылығымен айналысқан шаруашылықтар шашыраңқы отырғанын ескерсек, бұл əрине, толық мəлімет емес, мал басы бұдан əлдеқайда көп болуы керек». Маңғыстау өңірі 1851 жылдардан бастап бірнеше рет табиғи жұтқа кіріптар болды. Ал, 1927-1929 жылдар аралығының өзінде екі рет жұттың кесірінен малдары қырылып қаңырап қалды. Табиғаттың қаталдығы аздай Маңғыстауда ірі байларды тəркілеу 1929 жылы басталды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Қазақстан Өлкелік атқару комитеті мен Өлкелік партия комитетінің 1930 жылы 9-шы желтоқсандағы ауылдық кеңестерді қайта сайлау, байлар мал-мүлкін тəркілеу, кедей, жалшы топтарын құрып, малшыларды түгелдей колхоздарға ұйымдастыру жəне отырықшыландыру туралы міндеттерді атап көрсеткен 19 нұсқау хаты жеделдете түсті.
Қазақ АКСР ОАК Төралқасының 1932 жыл 12-ші наурызындағы «Қазақ еңбекшілері шаруашылығының отырықшыландыру жоспары» туралы қаулысы бойынша Маңғыстауда сол жылы 400 шаруашылық қоныстанғанымен, бұрын көшпелі өмір кешіп, еркін жүрген елді бір жерге топтастыру көптеген қателіктермен жүргізілді. Байларды тəркілеу кезіндегі асыра сілтеу кесірінен орта шаруалар да бұл тізімге ілігіп кетті. Ел ішінде наразылық, аштық, қашу, малын айдап тұс-тұсқа көшу сияқты халықтың бой көрсету толқыны көбейді. Табиғат пен саясаттың қатігездігінен Маңғыстау өңірінде қаңыраған тұрғыны жоқ ауылдар пайда болды. Cондықтан үкімет шоши бастап 1935 жылы шекараларды тас бекітіп, Қазақстаннан тысқары жақтарға көшу, жаппай босқын-шылықты тоқтатты.
Иран қазақтары 1929-1933 жылдар аралығындағы «Қызыл табан шұбырынды» кезінде Маңғыстаудан Түркіменстан топырағы арқылы Иран жеріне өтті. Қазақтар əуелі иранның солтүстік шекарасындағы шағын қала Гомишан жəне Саллақ ауылына барып табан тіреді. Гомишан мен Саллақтың тұрғындары түгелдей түркімендер болатын. Аталмыш ме- кендер Иранның солтүстік жəне солтүстік шығысындағы «Түркімен сахара» даласының батыс жағында орналасқан. Иранның Түркімен сахарасы ежелден түрікмендердің тұрағы, олардың саны туралы қазірге дейін нақты мəлімет айта алмаймыз. Бірақ, бір миллион төңірегінде халық саны бар деген ақпарат айтылады.