ИРАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНА КІРІСПЕ. Жалғасы І
Ақсақалдардың айтуына қарағанда, жас демей, кəрі демей адамдар жаппай безгек ауруына шалдығып, іші ісініп бірнеше күннен кейін қайтыс болатын. Біршама уақыт өткеннен кейін жаңа ортаға үйренісе алмай экология зардабына душар болды. Сөйтіп, қала төңірегіндегі жұмыстардан бас тартып Горган, Бəндəршаһ жəне Гүмбез-Қауыс қалаларына көшіп, бір жолата сол қалалардың шетінде шоғырланып «қазақ маһалле» ауылдарын құра бастады. Бүгін мыңдаған қазақтар ата мекенге оралғанымен ауылдардың саны аталған əр қалада екеуге жетті.
Кейінгі жылдары аталған үш қала Мазандаран провинциясынан еншісін алып, Гүлстан провинциясы деп аталады. Жаңадан құрылған Гүлстан провинциясының орталық қаласы Горган шаһары болып бекітілді.
Алайда қазақтардың енді-енді ес жиып, өмір мəнін сезе бастағандары көпке ұзамай жаңа бір пəлекеттің тығырығына шалдыққандарын сезді. Ол жаңа қоныста ер мен əйелдің бедеу болып қалуы еді. Осылайша күндер, айға, жылдарға ұласып, бес жылдан кейін əрең дегенде үміт сəулесі жарқырай бастады. Бірақ та дүниеге келген сəбилер шетінеп кететін болды. Үмітсіз шайтан демек, əйтеуір, он жыл өткен соң дүниеге келген сəбилер күнделікті тіршілікке дағдыланып, ата-ананың ұрпақты жалғастыру арманы іске асты.
Қазақтар өмір мен өлім арасында арпалысып жүрген сол бір жылдары Мекке қаласын кие тұтып сонда барып орналасуды ұлы арманына айналдырған еді. Соның бір айғағы бір екі отбасы Байпақ Ескелді атаның басшылығымен 1941 жылдар шамасында Меккеге барып тұрақтады. Қазіргі кезде олардың ұрпақтары он шақты шаңырақ болып Меккеде тұрады. Арабия елінің азаматтары. Арабтармен де құдандаласып, жегжат болып кеткен. Байпақ қажы арман қаласы Меккеде қайтыс болса, туған інісі Ордабай Иранның Горган қаласында бізбен көрші тұрып, қартайған шағында сонда дүние салды. Ордабай ағаның Бəйділлə, Тойжан, Зейнеш, Қазжан, Айти атты екі ұл, үш қыздары менің туған бауырларымдай мен Қазақстанға кеткенге дейін тату-тəтті араласып, қуанған, мұңайған күндерді бірге өткіздік. Адамдар жүректері арқылы бір-бірін іздесе «тау тауға жетпейді, адам адамға жетеді» демек тағдыр жоғалған жандарды табыстырады. Қалай?
1960 жылдары Меккеге жету арманы тағы бір топты құбылаға беттеуге итермелейді. Ораз Олжасы Жеменей мен Сүйеп Алтын Жаппас, Бердəулет Жаман Адай ағалар араб еліне сапар шегеді. Бірақ оған жетпей Иорданияда(Үрдін) қоныс тебуге мəжбүр болады. Ораз ағаның үш ұлы болады. Салық пен Аллаберген жəне Сапар. Ораз аға ондаған жыл бойы Иорданияда (Үрдін) тұрды. Балалары ер жетті. Сосын жалғыз екенін сезіп, ағайын іздеді. Үлкен ұлы Салыққа құда түскісі келді, бір ғажабы Алла бізге көрші Ордабай ағамен құдандаласуды жазды. Ордабайдың Зейнеш деген қызына құда түсті. Зейнеш он тоғыз жасында келін болып Иорданияға аттанды. Салық пен Зейнеш Йорданияда жаңа шаңырақ тігіп, тату-тəтті отбасылық өмір бастады. Үш ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды. Қазіргі кезде Салықтың барлық отбасы мүшелері Түркия азаматтары, Стамбул шаһарында тұрады. Меһмет атты ұлы Қазақстанда Түркістан қаласындағы Қ. А. Яссауи атындағы Халық-аралық қазақ- түрік университетінің заң факультетін бітірген. Сонда оқып жүріп, келешек жарын тапты. Ол дəрігерлік салада оқыған қызымыз Венера. Көңілі жарас-қан екі жас үйленіп, Түркияға аттанды. Қазіргі кезде Стамбулда жеке шаңырақ құрып, өз салалары бойынша тіршілік етіп жүр. Салық қызы Фатима болса ұшақта жол серігі болып жұмыс істейді. Ораздың екінші ұлы Аллабергеннің жұмыс орны Сирияның астанасы Шам (Дамаск) шаһарында болған. Өкініштісі Сириядағы саяси қақтығыстардан туындаған қиындықтарға төзе алмай үйін, жұмыс орнын тəрк етіп, зайыбымен Стамбулдағы Салық ағасының жанына тұрақтауға мəжбүр болған. Ораздың кенже ұлы Сапар еті тірі, өмірге құштар болса да тағдырдың жазмышынан құтыла алмай отыз бес жас шамасында 1995 жылы жол апатынан қаза тапты, артында бір ұл, бір қыз қалды. Сапардың ұлы Білəл 23 жаста Йорданияда жұмыс істейді, қызы анасымен бірге Антакия қаласында тұрады. Нағашы анасы мен нағашы апасы төрт мүшесі бар қазақтың аталған қаладағы жалғыз шаңырағы. Ораз ата 95 жасында бес-алты жыл бұрын Стамбулда қайтыс болды. Қай арманына жетті екен қария?
Ораз қариялар мұсылман елдерде тұрып жатқаны жұбаныш болса да көңілдерінің түбінде тегін іздеген түйсік елін сағындырмай қоймайды. Ұлттық тұғырдан өмірге көз жүгірткенде жалғыздық сезім бойларын билеп кететін сəттер аз болған жоқ. Сол үшін Ораз қария ұрпақтары өздерінің туған халқының тамырынан ажырап қалмасын деген оймен шет жүргенде фамилиясын «қазақ» деп қойды. Ата мекен тəуелсіз ел болып ту көтерген жылы шет ел қазақтары ғаріп халден шықты. Өздерін əлемдегі азат елдердің қатарында сап түзегенін терең сезінді. Өйткені олар шетте жүріп, азат ел болу не екенін өмір жолдарынан тəжірибе еткен жандар еді. Тəуелсіздіктен кейінгі жылдар туған халқының тілі мен діні жаудың соққыларынан əбден жарақаттанып, күйзеліске ұшырағанын байқағанда өкініш те өзектерін өртегені шындық. Елін аңсаған жандардың жалғыздық түйсігі бара-бара сергелдең сезімдердің шырмауына түсіп, азапты күй кеше бастағанда көңілдеріне дауа болатын өрелі жандар ата-жұрттан түрлі мақсаттармен саяхатқа барып, алдарынан шығып тұрды. Сондай күй-жағдайды басынан кешіріп жүріп, ата-мекеннен барған ағайындармен кездесіп, олармен жүздесуді, елді аңсаған көңіліне демеу тұтып жүрген жандардың бірі- Салық Қазақ. Салық Қазақ жастайынан Иорданияда тұрған. Оншақты жыл бұрын тəуелсіз Қазақстан елінен бір топ делегат аталған елдің астанасы Амман қаласына барғанда Салықпен кездесіп қалған. Солардың арасында қазақтың қадірлі ақыны Ғалым Жайлыбай да болған. Салық пен Зейнеш Ғалымды айрықша бір көңілмен сүйсіне еске алып,онымен бауыр басып дос болғандарын айтып отырады. Елге барсақ пана болар таудай бауырларымыз бар деп мəз болады. Менен «сен Ғалымды білесіз бе?» деп сұрайды. Мен де «əрине, білемін. Еліміздің елеулі ақын азаматы, оның жүрегіне барлық қазақ сияды, жаны барлық қазаққа шапағат нұрын шаша алатындай пəк» деймін. Олар жауабыма сəбише қуанады. Сосын « Ислам, білесің бе? Ғалымның бізді жақсы көретіні соншалық, ол қонақ үйде өзіне арналған орын бола тұра біздің үйде қонады» деп шаттанады. Əрі « осы Стамбулға көшкенімізде де бізге келіп кетті. Қазақтың өнерпаз күйші- əншілерімен келіп, сағыныш мауқымызды басты, біз елге оралғанда жалғыз емеспіз» деп қуаныш самалымен желпінеді. Мен кейін Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» атты өлең жинағында Салық Қазаққа «Аммандағы Адайларға» деген арнау өлеңін оқығанда Салық пен Зейнештің Ғалымға деген сүйіспеншілік сезімін біршама ұға білгендей болдым.