ИРАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНА КІРІСПЕ. Жалғасы
Иранға көшкен қазақтарға бірде-бір жерге тұрақтап мекен ету оңай бола қойған жоқ. Өйткені əп-сəтте қазақтарға мал бағып, шаруамен айналысып, тіршілік етіп кетулері мүмкін болмады. Бірінші себебі- иранның мемлекеттік парсы тілін білмеулері, екіншісі- жаңа қоғамның тыныс-тіршілігімен таныс болмаулары, үшіншісі- ауа райының қолайсыздығынан тез арада ортаға бейімделіп кете алмаулары, төртіншісі- олар əу-баста Сауд Арабиясындағы Мекке мен Мəдина қалаларына барып сонда тұруды армандағаны болды. Мекке қаласын армандаған қазақтар көптеген қиындықтарға төзіп, иранның солтүстігінен оның оңтүстігіндегі Парсы шығанағына дейін барған. Дəм-тұз тартпаған болар, ауа-райы бұзылып, борандатып, теңіз апталап толқып, борандатып тұрыпты. Парсы шығанағында босып жүрген қазақтар, жұмыстың жоқтығынаұзақ уақыт шыдай алмай кері қайтуларына тура келді. Олар парсы тілін білмеген үшін іздеп жүріп түркі тілдес əзірилерді тауып, олардан иранның ауа-райы ерекшеліктерін, жолдарын біршама біліп алған. Сөйтіп, ылғалы аздау аймақты анықтап оңтүстіктегі Парсы шығанағынан қайтадан солтүстік бағытқа Систан мен Бəлучстан провинцияларынан өтіп, иранның шығысы мен шығыс солтүстігінде орналасқан Хорасан провинциясындағы Машһад, Семнан не Шаһруд қалаларының бірінде тұруды ұйғарып сол жаққа барған. Ондағы тұрғындардың барлығы парсы тілді, шийт мəзһабындағы ел екендігін білген қазақтар ол жерде олар- мен тез-арада тіл табысып кетулері мүмкін еместігін сезген. Содан барып, кеңесе отырып тілі бір, діні бір, ділі бір деген түрікмендерге жақын болайық деп қайта Түркімен сахараға оралды. Бұл ретте басында Бəндəр Түркімен шаһарына жақын Низамабад ауылына, Гүмбез Кавус қаласының өзен жағасындағы Шəйбойы ауылына тұрақтанды. Бірақ бір топ қазақтар парсылар тұратын аймақтарға көшті. Соның бір бөлігі Горган қаласының Əтрəкчал мен Сұлтанабад ауылдарының тұрғындары болды.
Əйтсе де уақыт өте келе шаруашылығын дамыту үшін азын-аулақ малменен қоса егіншілікпен де айналысуларына тура келді. Соның арқасында ғана жаңа мекенде тұрмыс тапшылығынан аз да болса құтылғандай болды. Əйтеуір, қайыр тілеген жоқ.
Əу-баста Иран шекарасынан шамамен бес жүз отбасы, кейбір айтуларға қарағанда, он мың отбасы өтіпті. Олар екінші рет Түркімен даласының маңына келгенде Горган қаласының Күрдкүй, Бəндəршаһ (1979 жылғы ислам төңкерісінен кейін Бəндəр-Түркімен деп аталған) қалалары маңайындағы түрлі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда Беһшаһар мен Бəндəршаһ қалалар арасында салынып жатқан трасса мен темір жол құрылысында жұмысшы болып еңбек етті. Қазақтар жол құрылысына, ғимарат салу жұмыстарына жұмсаған еңбектері үшін жергілікті халықтың алғысына бөленіп, Иран өкіметі тарапынан ерекше бағаланды. Алайда жұмыс қиынға соқты. Жаңа ортаның табиғатына да үйренісе алмай бастапқы жылдары қазақтар арасында өлім-жітім өте жоғары деңгейге жетті. Яғни əрбір он кісінің алтауы қазаға ұшырап жатты.