Иран Трамптың қоқан-лоққысынан кейін жүздеген зымыран ұшыруға дайын екенін мәлімдеді

Иран Қарулы күштерінің Бас штаб басшылары Ислам Республикасына бағытталған кез келген агрессияға қатаң жауап берілетінін ескертіп, жүздеген баллистикалық зымыран ұшыруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ирандық әскерилер арнайы мәлімдемесінде айтты.
Ислам Республикасы әрқашан аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдап келеді. Бірақ Иранға бағытталған кез келген қауіп-қатер, шабуыл, соғыс отын тұтатуға әрекет немесе ел тұтастығын бұзу – қатаң жауапқа тап болады, – делінген мәлімдемеде.
Тегеранның айтуынша, ел үнемі әсіресе АҚШ тарапынан келетін өктем әрі арандатушылық әрекеттермен бетпе-бет келіп отыр. Ирандық әскери басшылардың мәліметінше, ел аумағында орналасқан зымыран қондырғыларына баллистикалық зымырандар орнатылып қойған және кез келген агрессиялық қимыл басталса, олар бірден іске қосылады.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Иранды "бұрын-соңды болмаған ауқымды бомбалаумен" қорқытқан болатын.
