Жаңалықтар

Иран Қазақстанға егіс алқаптарын суарудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын

Иран Қазақстанға егіс алқаптарын суарудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 03.07.2024 09:46 491

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, тараптар егіс алқаптарын суару және суармалы суды тасымалдау кезінде су шығынын азайту үшін тәжірибе және технологиялар алмасу мәселесін талқылады.

Атап айтқанда, ирандық компаниялар Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суарудың автоматты қондырғыларын ұсынуға дайын. Осы технологиялардың нәтижесінде Иран күріш өсіруге жұмсалатын су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттырған.

Бүгінде біз су қоймалары мен басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Иран компанияларының осы бағытта үлкен тәжірибесі бар, тиімді технологияларды дамытуда. Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондықтан ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырғым келеді, - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға