Жаңалықтар

Иран мен Кореядан келген магистранттар Қорғаныс университетінің дипломын алды

Иран мен Кореядан келген магистранттар Қорғаныс университетінің дипломын алды
Фото: gov.kz 20.07.2023 19:01 1097

Әскери білім беру ордасында магистратура бағдарламасы бойынша білім алған Иран Ислам Республикасы мен Корея Республикасынан келген офицерлердің бітіруіне орай  салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оған Иранның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Ехсан Насери Хоссейн және Кореяның Қазақстандағы елшілігінің вице-консулы Чжи Хэсонг мырза, түлектердің жұбайлары мен балалары қатысты.

Полковник Абди Хоссейн Абади Джавад (Иран) және майор Юн Чжинвук (Корея) «Қарулы күштер Бас штабы академиясы» факультетінің «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» мамандығы бойынша бір жылдық курсын бітірді. Магистранттарға дипломдар, төсбелгілер және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Офицерлерді Ұлттық қорғаныс университетінің бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Айдар Бердібеков құттықтады. Армия мен оның қару-жарағы қаншалықты қуатты болса да, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор адам және жоғары білікті кадрлар екенін атап өтті.

Қазақстанның мемлекетаралық қатынастары басым бағыттарының бірі әскери-саяси ынтымақтастық болып табылады. Әскери кадрларды даярлау саласы – елдер арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің және одақтастық қатынастарды дамытудың маңызды факторы. Бүгін бітірген офицерлер – осының айқын дәлелі, – деді полковник Айдар Бердібеков.

Өз кезегінде шетелдік магистранттар Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы мен оқытушылар құрамына алғыстарын білдірді.

Қазақстанның алдыңғы қатарлы әскери  білім ордасында оқығанымды және Кореядан келген бірінші түлек болғанымды мақтан тұтамын. Оқыту қарқынды және нәтижелі болды. Бұл елде мен қазақтың дәстүрлерімен таныстым. Әсіресе, қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен меймандостығы ұнады, – деді майор Юн Чжинвук.

Полковник Абди Хоссейн Абади Джавадтың оқу бітірген сәті оның туған күнімен тұспа-тұс келді.

Бүгін мен екі есе қуаныштымын. Қазақстандықтарға жомарттықтары мен қонақжайлылықтары үшін шын жүректен алғыс айтамын. Біздің тіліміз біршама ұқсас, сондықтан да маған қазақ тілінде сөйлесу аса қиын болған жоқ. Оқу барысында орыс тілін де үйрендім. Университет басшылығы мен оқытушыларына, әсіресе әскери стратегия және тиімділік өнер саласындағы білімдері үшін, алғыс айтамын. Елімде әскери кафедрада сабақ беремін. Алған білімімді курсанттарыма беруге тырысамын, – деді Иран өкілі.

Бітіруші түлектерді құттықтай отырып, полковник Айдар Бердібеков олардың алған білімі және кәсіби өсуге деген ұдайы ұмтылысы өз елдерінде Қарулы күштерінің әлеуетін дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға