Ираклий Кобахидзе Қазақстанға алғыс айтты
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға сапардың екіжақты қатынастарды нығайтудағы маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бізді Қазақстанда қабылдағандарыңыз үшін рақмет айтамын. Бұл менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым және мен өте қуаныштымын. Соңғы жылдары біз көптеген бағыттарда үлкен жетістікке жеттік. Бұл біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дәлелі, – деді Грузия үкіметінің басшысы.
Ол ведомствоаралық байланыстардың маңыздылығын және олардың тарихи тереңдігін атап өтіп, бұл екі ел халқы арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға негіз болып табылатынын айтты.
Біздің қарым-қатынасымыздың саяси аспектісі маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, екі ел арасында саяси қатынастарды дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер көріп отырмыз және біздің елдеріміз арасындағы парламенттік байланыстарды жоғары бағалаймыз, – деді Ираклий Кобахидзе.