Жаңалықтар

Ирак Елекеев: Парламентке барған журналистер беделінен айырылып қалады

Ирак Елекеев: Парламентке барған журналистер беделінен айырылып қалады
Фото: parlam.kz 25.04.2023 13:00 3646

ҚР Парламенті Мәжілісінің І және ІV шақырылымдарының депутаты, қоғам қайраткері Ирак Елекеевпен сұхбат.

El.kz: Ирак мырза, бұрын мемлекеттік қызметте жүргенде ел алдына жиі шығып тұрушы едіңіз. Зейнетке шыққалы көп көрінбейтін болдыңыз. Қазір қайда жүрсіз? Немен айналысып жүрсіз?

Ирак Елекеев: «Атамекен» деген кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс істеу кеңесі бар. Қазір сол кеңестің төрағасымын. Негізгі жұмысым сол. Сосын тағы қоғамдық жұмыстарға араласамын. Астана қаласы әкімдігі Қоғамдық Кеңестің мүшесімін.  

El.kz: «Өмір жолымның ең әдемі кездері журналистикада өтті, кейде сағынамын» деп айтып жүресіз. Үлкен қызмет атқарған шенділердің ішінде тікелей эфир тізгіндеген сіз ғана шығар.

Ирак Елекеев: 65 жасымда телевизияға жұмысқа шақырды. Асып бара жатқан дикциям да жоқ. Мен филолог емес, заңгермін. Заңгердің де әртүрлісі болады ғой. Кейбір заңгерлер сөзге шебер, оратор келеді. Мені де Парламатенттегі көп мәселелерді көтеріп, танымал болғаныма қызығып шақырды. Парламенттің жиналысынан шыққанда, журналистер менің жаныма топтаса қалатын. Шерхан Мұртаза бір  сұхбатында менің атымды Парламенттегі мәселе көтеріп жүрген депутат ретінде Амангелді Айталымен бірге атапты. Ол мен үшін мақтаныш. Телевизияға қызығып қарадым. Күн сайын 30 минут тікелей эфирге шығатынмын. Сұхбат алатын спикерлерді өзім таңдап, сұрақтарды өзім жасайтынмын. Журналистика –бала кезден армандаған мамандық. Кейбір спикерлер мәселені білгенмен, телевизорға шығудан қорқып жатады. Олардың еркін көсілуі үшін жағдай жасайсың. Ол кезде қазақ тілі проблемасының асқынып тұрған кезі болғандықтан, қазақша сөйлейтін спикер табу қиын еді. Сұрақты да төте қоятынмын. «Пара аласың ба, жоқ па?» деп сұрақ қойған кездерім болды. Ал ол халыққа қызық.

El.kz: Кезінде Мәжілісте пікірін ашық айтатын депутаттардың бірі болдыңыз. Қазіргі Мәжіліске осы жағы қалай?

Ирак Елекеев: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында біздің елде сөз бостандығы бар. Мәселен, көршілес Ресейде сөз бостандығы жоқ. Біз өз пікірімізді айтып жүрміз.  Мен де еркін айтып келе жатырмын. Бірақ бүгінгі жүйеге жау да, оппозиционер де емеспін. Тек өз пікірімді айтамын. Әркім өз пікірін айтса, көп дүние жақсы жағына өзгереді деп ойлаймын. Себебі әрбір тұлғаның өз орны бар. Қазіргі Мәжіліс туралы мынау жаман, мынау жақсы деп айта алмаймын. Ол жерге барған депутаттар да «бірдеңе істеймін» деген мақсатпен барып отыр ғой.

El.kz: Биыл Мәжіліс сайлауына бір мандаттық жүйе бойынша сайлауға түскен екенсіз...

Ирак Елекеев: Иә, Атырау облысы бойынша он үшінші округінде өзімді бір мандатты кандидат ретінде ұсынып, сайлауға қатыстым.

El.kz: Сайлау нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

Ирак Елекеев: Сайлау толық әділ өтті деп айтуға әлі ертелеу. Биліктің төрт тармағында да қызмет атқарған адам ретінде сайлау қорытындысына баға бере аламын деп ойлаймын. Мәселен, мен депутат ретінде, заң шығарушы билікте, сот билігінде, министрдің орынбасары ретінде атқарушы билікте болдым. Және бұқаралық ақпарат құралдарында жүріп, төртінші билікте де азды-көпті қызмет еттім. Сондықтан мен бұл сайлауға баға бере аламын. Саяси науқанда сайлау учаскесінің мүшелері мектептің, колледждің мұғалімдері біраз заңсыздықтарға барды. Мұндай жағдай әсіресе өңірлерде көп болған секілді. Ал орталықта бақылаушылардың көптігінен әділдік болды. Қазір халықтың көпшілігі сайлауға сенбейді, сосын дауыс беруге барғысы келмейді. Сайлау өткеннен кейін Орталық Сайлау комиссиясына кіріп, өзімнің назымды айтып шықтым. Біразы өзіммен қызметтес болған азаматтар.

Біріншіден, сайлау қорытындысы әрбір сайлау учаскесінде міндетті түрде ілініп тұруы керек. Осы сақталмады. Екіншіден, әрбір сайлау учаскесінде Exit Poll түске дейін ғана болды. Түстен кейін олар көрінген жоқ. Оның қорытындысын ести алмадық. Ертеңіне партиялық тізім бойынша қорытындысы шықты. Мен бірінші шақырылымнан бастап он екінші шақырылымға дейін қатысқан адаммын. Кеңес Одағы кезінде де облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болғам. Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш Президент сайлауында комиссия төрағасы ретінде қатыстым. Он үшінші шақырылым сайлауының қорытындысы бойынша төрт сайлау учаскесі комиссиялары мен төрағаларын, Атырау қаласы әкімінің көмекшісін Сайлау туралы заңды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқызған едім. Бізге әлі де болса сондай әділдік керек.

El.kz: Қазір Мәжілісте журналист, ақын-жазушы көбейді деп ренжитіндер бар. Оларға не айтасыз? Мәжілісте тек заңгерлер мен экономистер отыру керек пе?

Ирак Елекеев: Екі жүйе бойынша сайлауға түстік. Біреуі партиялық тізіммен, екіншісі бір мандаттық жүйе бойынша. Бір мандаттық жүйе бойынша блогер де түссін, заңгер де түссін, айтыскер де түссін, журналист те түссін. Ол – демократия. Сол журналиспен, миллиардермен, блогермен қатар бақ сынастым. Әрбір саланың мамандары болуы керек. Оған қарсы емеспін. Бір емес екі айтыскер отыр. Ринат пен Аманжол. Халық қазір Ринатты сынап жатыр ғой. Олар бекер сынап жатыр. Ринат арқасы бар жігіт. Бір күні болмаса, бір күні сойып тұрып айтады. Ол Президенттің бастамаларына, саяси реформаларынан шын ниетімен сеніп келген азамат.

El.kz: Көпшілік журналист, блогерлер, ақындарды интеллектісі төмен деп сынайды. Бұған не дейсіз?

Ирак Елекеев: Журналистер елдегі проблемаларды жақсы біледі. Білімі де жетеді. Бірақ шеңберден шыға алмайды. Олар өздері көріп отырған проблеманы көтеріп, ашығын айту керек. Әйтпесе кейін айтуға мүмкіндік болмай қалуы мүмкін. Менің өмірлік ұстанымым – Мәжіліске барған адам кейінгіге із қалдыратындай дүние жасау керек.

Бірақ, журналистикадан келгендер пікірлерін ашық айта алмайды. Өткен шақырылымда 23 журналист, филологтар отырып, ештеңе бітірген жоқ. Кезіндегі Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсыновалар сияқты бола алмады. Тіпті кейбір журналистер Парламентке барғаннан кейін беделінен айырылып қалды. Журналистикада көтеріп жүрген өткір сұрақтарын Парламентке барғанда айта алмай қалды. Биыл бір мандаттықтан өз бастамасымен 5-6 жігіт барды ғой. Енді солар болашаққа қоғаға ықпал етуі мүмкін.  Мәселе білімінде емес, батылдығында. Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар.

El.kz: Осы жолы сайланған Парламент шешуі тиіс қандай міндет пен меже бар деп ойлайсыз?

Ирак Елекеев: Менің бағдарламамдағы бірінші ұсынысым – шетелдік компаниядағы қазақтардың үлесін көбейту. Бізде кейбір шетелдік комапнияларда қазақтардың үлесі жоқтың қасы. Қарашығанақ деген үлкен кен орны бар. Мәселені қайта-қайта көтеріп жүріп қазақтардың үлесін 10%-ға дейін жеткіздік. Бұл бастамама себеп болған Президенттің референдум арқылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, жердің асты-үстіндегі байлық халықтың мүддесіне жұмсалуы керек деген сөзі. «Шевройл» деген үлкен компания Қазақстанға келген кезде дүние жүзінде мұнай өндіру бойынша 52-орында тұрған еді. Қазақстанн мұнайының арқасында қазір үшінші орында тұр. Осы компанияның «ТенгизШевройл» деген ТОО-сы жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд пайда тапты. Қазақстанның бүкіл бюджеті 40 млрд. Осы пайданы өзімізге алып қалу үшін бензинді өзіміз өңдеуіміз керек. Пластиктің бәрі мұнайдан шығады. Жапондар мұнайдан бетке жағатын кремге дейін шығарып жатыр. Үшіншісі – бюджеттік жүйені түбегейлі өзгерту керек. Бізде төрт облыс барлық аймақты асырап отыр. Барлығын мұнайға әкеп байлап қойдық. Әр облыс өз бюджетін өзі табу керек. Мысалы Астананың бір жылдық бюджеті 2023 жылғы 1 трлн теңге. Астанада бір керемет зауыт болып, осы триллионды тауып отыр деп айта алмаймын. Сыбайлас жемқорлық болмауы үшін барлығын электронды форматқа ауыстыру керек. Бізде проблема көп. Мысалы бензин неге қымбат? Қырғызстанда бензин жоқ. Бізде бензин бар. Неге қымбат?

El.kz: Үкімет көрші мемлекеттер алып кетеді деп көтердік деп түсіндірді ғой.

Ирак Елекеев: Онда әр азаматқа әртүрлі тариф қою керек. Қарапайым азаматтарға төмен бағамен, қымбат машина мініп жүргендерге қымбат бағамен беру керек. Қазір бензиннің бағасы баррелі 70 доллардан асып кетті. Мамыр айынан бастап өзбек ағайындар осында жүреді. Егіншілер егін жыртады. Бидай егеді. Өзбек ағайындар соны сатып алуға келеді. Неге өзіміз өндірмейміз оны? Фермерлерге өндіруге ақша берейік. Ақмола облысын астықты аймақ дейміз ғой. Бірақ әлі де дамыту керек жайттар көп.

El.kz: Сіз бір кездері Жеке сот орындаушылар республикалық палатасының төрағасы болдыңыз. Жеке сот орындаушылар институтын Қазақстанға алып келдіңіз. Көпшіліктің жеке сот орындаушыларына көңілі толмайды. Алматыда жеке сот орындаушыларының қысымынан кейін тіпті бес адамды өлтіріп тастаған жағдай болды. Демек проблема бар ғой?

Ирак Елекеев: Қазақта «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Кезінде менімен де бірге жұмыс істеген жігіттер 3000 доллар ақшамды қарызға алды. Мен одан тіпті қолхат та алмадым. Себебі, бермей қояды деп ойлаған жоқ. Мұндай жағдай өте көп. Ағайындылар бір-бірінен қарыз алады. Қайтармайды. Қарызыңды қайтар деп соттың шешімі шығып тұрса да тыңдамайды. Сол кезде іске сот орындаушы кіріседі. Егер олар этикет сақтамаса, лицензияларын тартып алады. Сондықтан сот орындаушылар заң аясында жұмыс істейді. Ол жерде сот орындаушылардікі дұрыс. Сот орындаушының екеуі де өліп кетті. Олардың еш кінәсі жоқ еді.

Кезінде экс Президент Назарбаев менен «Соттың шешімі неге орындалмайды?» деп сұрады. Ол кезде соттың шешімі 75% ғана орындалатын. Мен 100%-ға жеткізем. Президент сот қызметкерлеріне 2000 штат беріп, «Жеке сот орындаушылар деген институт шетелдерде бар ма?» деп сұрады. Еуропаның, Американың тәжірбиесімен бөлістім. Жеке сот орындаушылар мемлекеттен бір тиын алмайды. Осы заң қабылданарда жеті комитеттің төртеуі қарсы болған еді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға