IPO деген не және ол не үшін керек?
Интернет кеңістігінде компаниялардың биржаға шығып, IPO өткізгеннен кейін миллиардатаған пайда түсіріп жатқаны туралы жиі оқимыз. Бірақ компанияның биржаға шығуына дейін қаншалықты еңбек етілетіні көз тыс қалып жатады. Бүгін біз сол үрдісті қарап шығамыз.
IPO деген не
Компания өзінің акцияларын көпшілік жұртқа жария ету үшін IPO (Initial Public Offering) жүргізеді. Ұйымның статусы жеке (кезкелген адам акционер бола алмайтын) түрден қоғамдық (кезкелген адам акционер бола алады) түрге өтеді. Компанияны бір түрден екінші түрге ауыстыру бірнеше айдан бірнеше жылға дейін жалғасуы мүмкін. Ол үрдіс тек уақытты емес, сонымен қатар үлкен көлемдегі қаржыны қажет етеді.
Неге компаниялар IPO жүргізеді
Барлық мәселе ақшада – компаниялар көбірек ақша тартқысы келеді. Жаңа келіп түскен қаржы бизнесті дамытуға, жаңа инфраструктура салуға жұмсалады. Биржаға шығудың тағы бір артықшылығы – топ-менеджерлерге опциондарды ұсына алуға мүмкіншілік туады. Сонымен қатар акциялар басқа компаниялармен бірігу кезінде ақша ретінде пайдаланыла алады. Мысалы, Facebook WhatsApp-ты сатып алғанда $19 млрд-тың жартысы акциялармен төленді. Әлемдік деңгейдегі NYSE немесе NASDAQ биржаларына шығу үлкен абырой. Қазақстандағы биржа – KASE.
IPO дайындаудағы алғашқы қадам
Биржаға шығатын компания инвестициялық банк қызметтерін пайдаланады. Банк қызметіне IPO-ны ұйымдастыру кіреді. Негізі акцияларды сату үрдісін компания өзі ұйымдастырса болады. Бірақ олай ешкім істемейді. IPO-ны ұйымдастыратын банктерді андеррайтер деп атайды.
Істерді жүргізетін банк таңдалғаннан кейін, банк өкілдері мен компания басшылары арасында келіссөздер жүргізіледі. Оның барысында акциялардың құны, түрі, керекті қаражат көлемі, жоспарланған пайда көлемі анықталады.
Компания мен андеррайтер арасындағы келіссөздер біткеннен кейін, андеррайтер реттеуші органға инвестициялық меморандумды жібереді. Бұл құжатта биржаға шығатын компания және оның ұсынысы туралы толық ақпарат жнақталған. Меморандум ішінде компанияның қаржылық есебі, басшылық биографиясы, ұйымның заңнамалық мәселелері, қаржының тарту мақсаты, қазіргі компнаия акционерлері сынды ақпарат болады. Реттеуші орган ұсынылған ақпаратты тексереді, керек жағдайда қосымша ақпарат сұрата алады. Егер барлық мәліметтер дұрыс болса, IPO өткізу уақыты анықталады. Өз кезегінде андеррайтер компанияның барлық қаржылық ақпараттарын дайындайды.
Акция құны және биржа
IPO күні жақындағанда андеррайтер мен компания биржаға шығатын акциялардың құны жайында келіседі. Құнның анықталуы бірнеше факторларға байланысты: компанияның даму болашағы, қазіргі нарық жағдайы және т.б. Биржаға үлкен және перспективті компаниялардың шығуына биржалар да мүдделі болады. Себебі, бұл биржаның ликвидтілігін арттырады және ақша айналымы көлемін көбейтеді.
IPO кезінде акцияларды сатып алу
Ресми сатылымға дейін жеке инвесторлар акцияларды сатып ала алмайды. Сатылымның алғашқы күндерінде акциялардың бағамы қатты өзгеріске түсіп отырады. Сарапшылардың басым бөлігі акцияларды осы аралықта алмауға кеңес береді. Бағалар тұрақтанғаннан кейін акцияларды сатып алу ұтымдырақ болады.
IPO-ның артықшылықтары мен кемшіліктері
IPO-ны өткізудің өзі компания үшін позитивті, себебі аталған әрекет компанияның өскендігін білдіреді. IPO барысында үлкен қаржы көлемін тартуға болады. Қаржыны компанияның ары-қарай өсуіне пайдалануға жібереді. Бұл шынымен де компанияның көлемінің үлкейуіне алып келеді. Сонымен қатар компания танымалдылығын арттырады. Өз кезегінде жұмыскерлерді алу мен маркетинг жүргізуді жеңілдетеді.
Кемшіліктері арасында бақылаушы органдар тарапынан назардың артуын атап көрсетуге болады. Биржаға шыққан компанияларға талаптары жоғары. Компания қаржылық есепті жариялап отыруға міндеттеледі. IPO-ны өткізу акциялар сатылып кетеді дегенді білдірмейді. Кезкелген компанияның акциялары үлкен сұранысқа ие бола бермейді.