Интернеттің тарихы және эволюциясы
Интернеттің кіндігі Америка Құрама Штаттарында кесілген. Ол қос алып державаның ашық қақтығысынан өршіген, өткен ғасырдың екінші жартысындағы қырғи қабақ соғыстың бел баласы болып саналады. Тарихты қайта парақтасақ, 1957 жылы КСРО өзінің алғашқы жасанды жер серігін ұшырып, басты бәсекелесін шаң қаптырды. Осыған жауап ретінде АҚШ-тың қорғаныс министрлігі озық зерттеу жобалары агенттігін құруға мәжбүр болды. 60-жылдары аталған агенттіктің негізгі міндеті компьютерлерді бір-бірімен қосу әдісін әзірлеуге бағытталды. Оның ішінде әуе арқылы бомбалау кезінде болуы ықтимал зақымдарға төтеп беретін желілердің құрылуы тыңғылықты зерттелді.
Зерттеу шаралары интернеттің бастапқы құрылымы саналатын «ARPAnet» тәжірибелік желісін өмірге әкелді. Желі 1969 жылы әскери тапсырыстарды орындайтын америкалық бірқатар университеттер мен компанияларды өзара байланыстыра алды. «ARPAnet» үлгісі желілік қатынас бойынша ақпарат тарату мен ақпарат қабылдау негізінде қалыптасқанымен, онда кез келген уақытта ақпараттың жойылып кету сенімсіздігі сейілген жоқ. Интернеттің ресми туған күні – 1969 жылғы 29 қазан болып есептеледі. Сол күні «ARPAnet» арқылы тұңғыш рет Стэндфорт ғылыми-зерттеу институтынан Лос-Анджелестегі Калифорния университетіне алғашқы ақпарат жолданған. Желі арқылы ғылыми-зерттеу нәтижелерімен жедел алмасу тиімділігіне орай ендігі жерде оған АҚШ-тың басқа да университеттерінен компьютерлер қосылуға мүдделілік білдіре бастады. Біртұтас желі арқылы шешілетін азаматтық мәселелердің молынан топтасуы нәтижесінде 1983 жылы АҚШ-тың қорғаныс министрлігі желіні екіге бөлуге мәжбүр болды. «ARPAnet» ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналса, жаңа желі «MILnet» қорғаныс министрлігінің құзырында қалдырылды.
Дегенмен интернет тек желі ғана емес, ол – желілердің желісі. Интернет көптеген байланыс желілерін бір-бірімен біріктіріп, дүниедегі ең үлкен компьютерлер торабын құрайды. Оның қарапайым желілік нүктелері өкімет мекемелерінде, университеттерде, коммерциялық фирмаларда, жергілікті кітапхана жүйелерінде, тіпті мектептерде де орналасқан. Интернеттің бір ерекшелігі – оның құрамындағы көптеген компьютерлер нақты BBS тәрізді жұмыс істейді. Мұның өзі интернетке қосылу деген – басқа жерлерде тұрған мыңдаған компьютерлік жүйелермен байланысу деген сөз. Желідегі компьютерлерден өкімет архивіндегі, университет мәлімет қоймаларындағы, жергілікті ресурс көлеміндегі, кітапхана каталогтарындағы құжаттық мәліметтерді, суреттерді, дыбыс клиптерін және тағы басқа цифралық түрге айнала алатын барлық ақпаратты ала аласыз.
Интернет ақпарат магистралына өте ұқсас, институт, мектеп терминалы арқылы оған жеңіл кіруге болады, ол үшін интернеттегі жүйенің нөмірін теру керек. Мұнан кейін керекті жердегі (қала, мемлекет) желі нүктесімен байланысып, өзіңізге қажет материалдарға қол жеткізесіз. Керек етсеңіз, NASA құжаттарын да, айта берсек, соңғы оқиғалар көрсететіндей, ЦРУ құпия архивтерін де оқуыңызға болады екен.
Интернет желісін сипаттау үшін оны телефон жүйесімен салыстыру қалыптасқан. Жалғыз телефон компаниясы болмайтыны сияқты интернет компаниясы да тек біреу емес. Дүниежүзілік немесе мемлекеттік телефон жүйесінің иесі кім? Ешкім де емес. Әрине, оның бөліктерін біреулер иеленеді, бірақ жүйеге толық ешкім ие емес: бұл жүйе өзара байланыс арқылы ортақ пайдалануға арналған. Дүниежүзіндегі ірі телефон компаниялары бірігіп, «телефон жүйесі» қалай пайдаланатыны жөнінде келісіп отырады, яғни әр елдің кодын, төлейтін ақшасын, мұхитаралық кабель құнын – кімдер, қалай бөлісіп көтеретінін және әр елдің телефон жүйесінің қосылу техникалық мәселелерін бірігіп анықтап отырады. Интернет желісі де дәл осы телефон жүйесі тәрізді басқарылады.
Әзірлеген Айдана Тоқтарқызы