Интернет желісінде есірткіні насихаттайтын 3000-нан астам материал анықталды
Былтыр бұл көрсеткіш 2 мыңды құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР МАМ Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Есмағұл осындай мәліметтермен бөлісті. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де нашақорлыққа қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, министрлік жоспардың 16 тармағын іске асыруға қатысады.
«Елімізде тәуелділігі бар адамдар үшін 20 психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді, 76 психикалық денсаулық орталығы амбулаториялық-емханалық ұйымдар деңгейінде ашылды, аудандық деңгейде 212 психикалық денсаулық кабинеті бар», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар 13 өңірде тәуелділігі бар адамдарды оңалту бойынша медициналық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жоспар шеңберінде қалған өңірлерде жаңа орталықтар ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған психикалық денсаулық орталықтарын жаңғырту, оларды қажетті жабдықтармен жинақтау жөніндегі жұмыс жалғасады.
Кешенді жоспар шеңберінде есірткіге тәуелділерді ерте анықтау бойынша іс-шаралар көзделген, ерікті негізде құпиялылықты ескере отырып, жастар арасында скрининг ұйымдастыру жоспарлануда, халықаралық тәжірибе зерделенуде, басқа да іс-шаралар өткізілуде, - деп атап өтті спикер.
ҚР МАМ Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Есмағұл есірткі заттарын, олардың баламалары мен прекурсорларын насихаттау және тарату мәселелері бойынша ҚР заңнамасын бұзу тұрғысынан ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізу тұрғысынан министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2022 жылы есірткіні насихаттайтын 2000-нан астам материал анықталған. 2023 жылдың өткен кезеңінде осындай 3 мыңнан астам материал анықталды.
«2023 жылдың басынан бері БАҚ-та 6 мыңнан астам материал жарияланды. Республикалық телеарналардың эфирінде 600 сюжет көрсетілді, республикалық БАҚ-та 200-ден астам мақала жарияланды», – деді МАМ өкілі есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі ведомствоның жұмысы туралы.