Интернет-алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ Арменияда ұсталды

Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Арменияның Тергеу комитетінің аса маңызды істерді тергеу жөніндегі бас басқармасымен бірлесіп, жедел іс-шараларды өткізу кезінде Ереванда алаяқтардың екі call-орталығының әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жасаған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталды.
Олар қазақстандықтарға қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған. Тінту шаралары барысында 70-тен астам компьютерлік техника, шамамен бір килограмм алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, грузин лариі және криптовалюта әмияны тәркіленді, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Арнайы операция кезінде Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтарынан құралған қылмыстық топтың 41 мүшесі ұсталды. Қазіргі уақытта армян тарапы Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Олар жалпы мән-жайды, қосымша эпизодтарды, басқа да күдіктілерді, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына келтірілген залал сомасын анықтауға бағытталған.
