Жаңалықтар

Интернет алаяқтық схемалары: Қалай қорғанамыз?

Интернет алаяқтық схемалары: Қалай қорғанамыз?
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/LeonardoAI 13.02.2024 17:45 924

Соңғы бес жылда елімізде интернет-алаятық бес есеге өсті. Өткен жылы  15 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, қылмыскерлерді қолға түсіру қиын. Себебі, олар көп жағдайда кибер шабуылды шетелден жасайды және қылмысты ұйымдастырушылар көрші мемлекеттерде мекен етеді. 2023 жылы халық қалтасынан алаяқтар 12 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырған.

 

Қазақстандықтар қандай интернет-алаяқтық түрінің құрбаны болады?

Еліміздегі ең көп тараған алаяқтық түрі ол – онлайн-сауда. Ғаламтордан керегін іздеген тұтынушы жиі алаяқтардың құрбаны болады. Олар, әлемжеліде жарияланған күмәнді хабарландырудың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбей, қалталарында ақшадан қағылады.

Алаяқтар «OLX», «Коlesa.kz» және «Krisha.kz» секілді көпшілік қолданатын сауда платформаларында тауардың немесе қызметтің ең төмен бағасын көрсетеді. Содан кейін, құрыққа ілінген клиенттерден алдын-ала ақша беруді немесе қызмет құнының толық қаражатын төлеуді талап етеді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы онлайн-cауда саласында 7 мыңға жуық алаяқтық фактісі тіркелген.

 

Алаяқтар тағы қандай әдіс-тәсілдерді қолданады?

Ақшаңызды оңай жолмен көбейту

Қылмыстық топ халықты алдау үшін ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт жасайды. Кейін, жалған менеджерлер мен брокерлер адамдармен онлайн режимде байланыс орнатады. Әңгіме барысында сіз салым салсаңыз, ақшаңыздың бірнеше есеге өсетінін айтады. Клиенттің сеніміне кіріп, көп адамның келуі үшін алаяқтар бастапқыда шынымен ақшаңызды көбейтеді. Бірақ, бұл – тұзақ ғана.

ҚР ІІМ ұсынған ақпараттарға сүйенсек, соңғы уақытта аталған ақша алу схемасы кеңінен таралып келе жатыр. Мысалы, өткен жылы екі мыңнан астам қазақстандық осы секілді интернет-алаяқтықтың құрбаны болған. Ең өкініштісі, ақшасын еселеу мақсатында халық өз атын несие рәсімдеп, жеме-жемге келденде дымсыз қалады.

 

Банк атын жамылу

Тағы бір кең таралған әдіс — банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының атын жамылу. Алаяқтар «шотта күдікті операция болып жатыр, сіздің атыңызға несие рәсімделмек немесе қаражатыңызға қауіп төніп тұр» деп қоңырау шалады.

Содан кейін, «Қауіптің бетін қайтардық. Ақшаңыз қауіпсіз шотқа уақытша аударылды. Енді, сіздің шотыңызға қайта аудару керек» деп хабарлайды. Сеніміңізге кіргеннен кейін, онлайн операция жүретінін, сізге SMS хабарлама келетінін ескертеді. Ақыр соңында сізге келген хабарламада жасырын цифрларды анықтап, ақшаңызға қол салады.

Мамандардың айтуынша, тіпті кейбір қазақстандықтар өз еркімен алаяқтарға банк шотының құпия сандарын айтып, ақшасынан ғана емес, өзіне тиесілі көлік пен жылжымайтын мүліктен айырылып қалған.

 

Қарияларға қоңырау шалу

ҚР ІІМ мәліметінше, қариялардың қаражатына қол сұғатындар саны да көбейген. Алаяқтар, егде жастағы адамдарға үй телефонына қоңырау шалып, өздерін ағайын-туысы ретінде таныстырады. Одан кейін, «басыма іс түсті, шұғыл түрде ақжа қажет» деп алдайды. Бұған алданған қариялар жақынына көмектесу үшін ақшасын аямайтын көрінеді. Тек, олар ақшасын ағайынына көмекке емес, алаяқтардың қалтасына салып бергенін байқамайды.

 

Қай қаланың тұрғындары алаяқтарға жиі алданады?

ҚР Бас прокуратурасы дерегі бойынша, өткен жылы өңірлер ішінде Алматыда (6 742 ), Астанада (5 358), және Қарағанды облысында (2 590) алаяқтық фактісі тіркелген. Одан кейін, Шымкент (1 921), Алматы (1 836), Атырау (1 334), Қостанай  (1 311), Павлодар (1 244) және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары (1 243) алаяқтықтың құрбаны болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға