Интернет-алаяқтық фактілерінің 80 пайызға жуығы әшкереленбейді - президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллек технологиясын дамыту мәселесіне тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн.
Президент мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізуді тапсырды.
Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын, - деді ол.
Президент цифрландыру жұмысты әлдеқайда жеңілдеткенімен, оның зияны барын да жоққа шығармады.
Цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс.
Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек, - деді президент.