Жаңалықтар

Интернет-алаяқтық: Биыл шымкенттіктер 1,2 млрд-қа жуық теңгесінен айырылған

Интернет-алаяқтық: Биыл шымкенттіктер 1,2 млрд-қа жуық теңгесінен айырылған
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 09.11.2024 18:20 309

Ғаламтор қарыштап дамыған сайын интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны да артып келеді. Соның ішінде интернет алаяқтары заманауи технологияны оңтайлы пайдаланып, мыңдаған адамды сан соқтырып отыр. Олармен күрес тұрақты жүргізілгенімен, ғаламтордағы әккілер уақыт өте айла-тәсілдің түрлі әдістеріне көшуде. Тіпті соңғы кезде жасанды интеллекті арқылы өз құрбанын арбауына түсіретіндер шықты. Мәселен, биыл бір ғана Шымкентте интернет алаяқтарына алданғандар 1,2 млрд-қа жуық теңгесінен айырылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдың 10 айындағы қорытындысына келсек, үшінші мегаполисте интернет-алаяқтығына қатысты 686 қылмыстық іс тіркелген. Оның тек 29,7 пайызы ашылған. Дегенмен полицейлер былтырға қарағанда биыл қылмыстың бұл түрі азайды деп отыр. Былтырғы жылдың тиісті кезеңінде Шымкентте тіркелген іс саны 786 болған. Яғни, биыл 146 іске азайған. Былтыр жалпы қозғалған істің 30,3 пайызы ашылған екен. Бұл туралы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Ергешов айтты.

Жыл басынан бері интернет-алаяқтығы бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 1 млрд 158 млн теңгеден асқан. Оның 215 млн-нан астам теңгесі өндіріліпті. Ал былтыр Шымкентте жәбірленушілерге келтірілген шығын 870 млн теңгені құраған екен. Алайда оның тек 90 млн теңгесі алаяқ құрбандарына қайтарылған.

Спикер өз сөзінде интернет-алаяқтарымен күрес тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын, ол үшін арнайы «Киберпол» тобы құрылғанын атап өтті. Қазіргі таңда онда 11 тергеуші, 13 жедел уәкіл және 1 криминалист жұмыс атқарады. Бұдан өзге Серік Ергешов халықты құлақтандыру мақсатында профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын алға тартты. Оның сөзінше, биыл 22 қазаннан бастап қала көшелерінде орналасқан барлық LED-экрандарда «Тоқта! Интернет-алаяқтық» тақырыбымен тәулігіне 300 рет бейнероликтер көрсетіліп отыр. Бұдан өзге түрлі ақпараттық айдындарда халыққа сақтық шаралары туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары өз сөзінде интернет алаяқтары арасында кеңінен тарап отырған қылмыстық схемаларға да тоқталып өтті.

"Оның алғашқысы - өздерін түрлі сала қызметкерлері ретінде таныстыру арқылы, халықты арбауына түсіру. Яғни, өзін банк пен байланыс операторлары ретінде таныстырған алаяқтар ұялы телефондағы байланыс нөміріңіздің жарамдылық мерзімі келгенін айтып, СИМ-картаңыздың әрекет ету мерзімін ұзартуды ұсынады. Содан кейін жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы алдау тәсілдерін қолданады",-деді Серік Ергешов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар алаяқтар өзін құқық қорғау қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі ретінде де таныстырып, арбауына түсетіндерді оп-оңай сендіреді екен. Әңгіме барысында телефон тұтқасының ар жағындағы құрбанын сендіру үшін түрлі айла-тәсілді қолданады.

Ғаламтор алаяқтарының тағы бір әдісі - инвестиция. Қоғамға әйгілі тұлғалардың бейнелерін интернеттегі жарнама хабарландыруларға орналастыру және тиімді жобаларға ақшаны салу арқылы қаражаттарын көбейтуді ұсыну секілді құрғақ уәдемен алдайды.

Арбаудың үшінші түрі - тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру. Ақшадан қысылған тұрғындар өз аттарына заттай тауар рәсімдейді. Кейін оны алаяқтардың интернетте "төмен пайызда тауарлық несиені қаражатқа алмастырамыз" деген жарнамасына сеніп, соңында ақшасыз қалады және тауарлық несиені өздері төлеуге мәжбүр болады.

Төртінші әдіс - алдын ала төлем жасау. OLX.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz секілді сату платформаларына және инстаграм желісіндегі онлайн дүкендер арқылы хабарландырулар жариялап, алдын ала төлем жасау жолымен қаражаттарды иемденеді. Осылайша олар жоқ тауарды жарнамалап, халықты сан соқтырып келеді.

(Фото: © Pixabay.com)

Соңғы уақытта ғаламтордағы әккілердің кеңінен қолданып жатқан әдісі - WhatsApp пен Telegram мессенджерлері арқылы сілтеме тарату болып табылады. Полицейлердің айтуынша, алаяқтар түрлі сылтаулармен вирустық сілтеме жолдайды. Мұнан соң өз құрбанының «WhatsApp» мессенджерін бұзып, оның таныстарынан, достарынан және жақын туыстарынан ақша сұрау арқылы алдау тәсілдерін қолданады. Сонымен қатар, алаяқтар түрлі қосымшалар арқылы тұрғындардың балаларының, туыстарының дауысын өзгертіп салу арқылы хабарласып, талай жанды сан соқтырып отыр. Олар телефон ар жағындағы адамның жол апатына түсіп қалғанын немесе есірткі тасымалдағаны үшін құқық қорғау органдарына ұсталғанын хабарлап, мәселені шешу үшін қомақты қаржы сұрап жатады. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кезде "дропперлер" деген белең алды. Олар алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Ол үшін белгілі бір сыйақы алып отырады. Мысалға, былтыр алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының карталарына түсіріп, оны банкоматтардан шештіріп, электрондық ақшаға айналдыру арқылы өздеріне аудартып алып отырған. Кейде дропперлер өздерінің қылмыстық схемаға тартылғанын білмей қалады. Өйткені олар ғаламтордан оңай жұмыс таптым деп ойлайды әрі шетелде отырған жұмыс беруші бұл әрекетті «заңды бизнес» деп сендіреді. Ал қазіргі таңда алаяқтар жәбірленушілердің қаражатын бірден «Криптовалюта» биржа платформаларын қолданатын азаматтардың есепшоттарына аудартады. Кейін олардан электрондық қаражаттарын шет мемлекеттердің шоттарына жіберту арқылы иемденіп кетеді. Өкінішке қарай, алаяқтың бұл түрі арқылы айласын асырып, қыруар қаржыны қалтасына басушылардың көбі шетелде отырғандар. Олармен күресті құзырлы органдар тиісінше жүргізгенімен кейде анықтау қиындық туғызып жататыны жасырын емес.

Ішкі істер министрлігінің статистикалық дерегінше, интернет арқылы ұрланған ақшаның 90 пайызы елден шығып кетеді. Ал азаматтар алаяқтардың «құрбанына» айналғанын түсінбей тұрып-ақ ұрланған ақша шоттардан алынып, шетелге жіберіледі.

Полицейлердің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда зейнет жасындағылармен қатар жастардың да интернет алаяқтарының құрбаны болған деректері тіркелуде. Себебі жұмыссыз жүрген жастар екі қолға бір күрек табу мақсатында түрлі хабарландыруларға тап болып, ондағы сілтемелерге өту арқылы өз есепшоттарындағы бар жиған қаржысынан әп-сәтте айырылып қалып жатыр. Сондықтан полицейлер тұрғындарды интернетті қолданғанда аса мұқият болуға, соның ішінде күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Сонымен қатар ұялы телефоныңызға бейтаныс нөмірлерден келіп түскен қоңырауларды, соның ішінде бейнеқоңырауларды қабылдамауға кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға