Жаңалықтар

Инновациялық жетістіктер қан мен терді қажет етеді – қазақстандық ғалым

Инновациялық жетістіктер қан мен терді қажет етеді – қазақстандық ғалым
Фото: NU 29.07.2024 13:30 13520

Қазақстандық ғалым Гүлнұр Қалимулдина 2017 жылы Жапонияның Токио технологиялық институтында PhD дәрежесін алды. Ол 2019 жылы Назарбаев университетіне «Машина және аэроғарыштық инженерия» кафедрасына постдокторант ретінде қосылып, доцент ретінде жұмысын жалғастырып жатыр.

Бірнеше жобаларын патенттеп, денсаулық саласын дамытуға үлес қосып жүрген ғалым халықаралық деңгейдегі журналдарға шолу жасауға белсенді түрде қатысады. Қазіргі таңда Frontiers in Research журналының шолу редакторы (IF = 4). Сондай-ақ механикалық энергия жинайтын материалдар (пьезоэлектрлік, трибоэлектрлік наногенераторлар) және энергия сақтау материалдары салаларында бірнеше ғылыми гранттарды жүзеге асыруда. Бүгін ғылым саласының дамуы жөнінде Гүлнұр Қалимулдинамен әңгімелестік.

El.kz: Гүлнұр ханым, ғылым жолына қалай қадам бастыңыз? Қызығушылық неше жастан басталды? Қай жерлерде білім алдыңыз? Не себепті осы саланы таңдадыңыз?

Гүлнұр Қалимулдина: Ғылымға деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. Ең алғашқы баспалдақтардың бірі болғаны -  9-сынып оқып жүргенде республикалық деңгейде ғылыми жобамды қорғауға қатысқан едім. Оқушы жас ғалым ретінде алабота деген өсімдіктен сабын жасаудың тиімді жолын көрсетіп, 4-ші орын алдым. Сол кезде жүлделі орын алған оқушылар қалаған университетіне грант ұтып алатын. Мен 9-шы сыныпта оқитын кезім еді, университетке тым ерте болғандықтан жүлделі орын ала алмаған шығармын деп өзімді жұбатып қойғам. Сол кезден бастан түрлі шараларға, олимпиадаларға үнемі қатысып жүрдім. Мектеп кезінде ең сүйіп оқитын пәнім физика еді, түрлі табиғи құбыластарға қызығып, түсінгім келетін.

Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде бакалавр дәрежесін алып, үздік дипломмен тәмамдадым. Кейін Ұлбыритания еліндегі Манчестер университетінде магистратура дәрежесін алған болатынмын. Білімімді жетілдіріп, оқуымды тәмамдап, жұмыс істеуге дайын болғанымда 2012 жылы Назарбаев университетіне оқытушы ассистенті болып жұмысқа орналастым. Осылайша ғылым жолындағы зерттеу жұмысым басталды. Ғылымға деген қызығушылығым мені Жапония елінде әйгілі Токио технологиялық институтында тәжірибе жинауыма ықпал етті. Токиода инженерия докторы дәрежесіне ие болдым. Токио елінде доктор деңгейін алуға өте көп уақыт кетеді. 2,5 жылда осы дәрежені алуым ғылым қарыштап дамыған елде сирек кездесетін жағдай болғанын атап өткім келеді. Аспан асты еліндегі білімнің нәтижесінде ғылыми бағыттарды жетілдіру керегін түсіндім.

El.kz: Гүлнұр, әлі ешкім зерттемеген бағытқа жол ашқыңыз келетінін айтып қалдыңыз. Осы орайда өзіңіз қамтыған ғылыми жобаларыңыз бен зерттеулеріңіз туралы айтып берсеңіз.

Гүлнұр Қалимулдина: Қазақстанға жаңа, әлі ешкім толық зерттемеген ғылыми бағытпен айналасқым келеді деген шешіммен оралдым. Сол кезде бұл бастамам әрі қызық, әрі қорқынышты болды. Бастаған саламды әріптестермен талқылағанда олар бұл бағытты тым футуристік, іске аспайтын жоба екенін айтатын. Бірақ сол кезден, бұл феноменді түсіну үшін көптеген қара тер төгіп, өзімді жетілдіру, дамыту, ізденіс үстінде болдым. Негізгі идея – қандайда болсын кинетикалық қозғалыстан электр энергиясын алу. Адам қозғалысы, вибрациясы трибоэлектрлік немесе пъезоэлектрлік материалдар арқылы механикалық энергияларды электр энергиясына түрлендіру. Бүл материалдарды біз киілетін, кіші құралдарға жалғап қозғалыс арқылы зарядтай аламыз. Идея футуристік болып естілгенімен, қазіргі күні бұл бағыт дүниежүзі ғалымдар арасында ең өзекті тақырыпқа айналды. Бұл бағытта ТМД елдері арасында жазғыз айналасатын алғашқы ғылыми топ екенімізді атап өткім келеді.

Қазіргі күнде біз ең әйгілі ғылыми топтармен қарымды нәтижелер алып отырмыз, көптеген жұмыстарымыз үздік журналдарға жариялануда, бірнеше патенттер алынды. Сонымен қатар, біз синтездеген материалдар токсыз жұмыс істейтін тактильді сенсор ретінде керемет нәтижелер көрсетуде. Қазір осы трибоэлектрлі сенсорларымызды кеммерциаландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әріптесім Азамат Ешмухаметов екеуміз сенсорларды жасанды интеллект арқылы интеллектуалды қылып роботтар саласында сәтті қолданудамыз. Біздің жасап шығарған сенсорлар ток қажет етпейді, жеңіл, иілгіш және де нарықта әлі қолданысқа енгізілмеген.  

El.kz: Қазір Назарбаев университетінде ассистент профессор болып жұмыс істейсіз. Жұмысыңыздың ерекшеліктері туралы айта кетсеңіз. Нақты немен айналысасыз?

Гүлнұр Қалимулдина: Назарбаев университетінде Постдокторант, сосын профессордың ассистенті болып жұмыс істегелі бірнеше жыл өтті. Осы аралықта жоғарыда айтқан жаңа инновациялық бағытта ғылыми жетекші ретінде 5 ғылыми грант ұтып алған едім. Негізі жұмысым – студентті ғылымға баулып, ғылыммен айналасу, сабақ беру, студенттердің ғылыммен айналысуына мотивация беріп, жігерлендіру. Ғылыми тобымда қазір 15 шақты ғалымдар мен зерттеушілер жұмыс істейді, уақытымның басым көп бөлігін әріптестеріммен бірге ғылымды жаңа дәрежеге көтеріп, сапалы ғылыми жаңалықтар ашуға жұмсап жатырмын. Жапон елінде білім алғандықтан өзіме және ғылыми тобыма өте жоғары талаптар қоямын. Талап пен тәртіптің арқасында бірге жұмыс істеген студенттер шетелдегі университеттерге магистратураға түсіп, Ph.D дәрежесін алып жатыр. Себебі студенттер нағыз ғылыммен айналасудың өте қызықты екеніне көз жеткізгенде мідетті түрде жалғастырғысы келеді. 

Сонымен қатар студенттерге сабақ беру – бізге артылған үлкен жауапкершілік деп санаймын. Студенттерге сапалы білім беруге сел-қос қарамай, басымдық беру қажет. Өл үшін өзіңді үнемі дамытуға көңіл бөлесің, әсіресе қазіргі күнде тез дамитын технология заманында студенттер жаңа дағдыларға иә бола білгені маңызды. Менің беретін пәндерім инновациялық инженерия бағыттарын қамтиды: “Микроэлектр механикалық жүйелер және микрожүйелердің технологиясы”, “Жұмсақ материалдар механикасы”, сонымен қатар өзекті және қажетті пәндер “Қоршаған орта туралы ғылым” және “Инженерияға кіріспе”.

El.kz: Алдағы уақытта жоспарлаған жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз...

Гүлнұр Қалимулдина: Болашақта жасап шығарған прототиптерімізді Қазақстан нарығына кіргізгіміз келеді. Қазір Стартап дамыту жолдарын қарастырып, коммерциаландыру гранттарына жобаларымызды дайындап жатырмыз. Сонымен қатар, біздің ғалымдар жасаған технологияларды ары қарай медицина және денсаулық сақтау бағыттарында сынап көрмекпіз. Мысалы, алғашқы жұмысымыз трибоэлектрлік сенсорлар арқылы біз майтабан диагнозын зерттеп, құрылғының үлкен потенциалын көрсеттік. Біздің жасаған ұлтарақ сенсорларымыз машинді оқыту арқылы адамдарда майтабан және вальгустық деформацияның бар-жоғын 82% дәлдікпен болжайды. Мұның мағынасы, яғни диагностика орталықтары біздің сенсорларды қолданып пациенттерде жүру проблемаларын бақылып, прогресс болып жатқанын оңай тексере алатынын білдіреді. Бұл жұмысымыз қазір патенттеліп, халықаралық рейтингтегі журналға жіберілді. Ары қарай бағытымыз пациенттер реабилитациясы мен спорт мамандарын бақылау саласына ойысады. Келешекте қолданысқа енгізетін идеяларымыз өте көп, ең бастысы біздің жасап жүрген сенсорлардың өзектілігін көрсетіп, нарыққа бейімдеу керек. Іске қосылған сенсорлардың бағасы нарықтық сенсорлармен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

El.kz: Қазақстандағы ғылым саласының қандай кемшіліктері мен артықшылықтары бар?

Гүлнұр Қалимулдина: Қазақстанда ғылым саласы соңғы жылдарда жақсы дамып келеді. Әсіресе жас ғалымдарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Алғаш рет  2020 жылы ұтып алған жобам жас ғалымдарға арналған грант болатын. Қазақстан Республикасының Ғылым және Жоғары Білім Министірлігінің гранты арқасында алғашқы жабдықтарды алуға мүмкіндік туып, қазір осы инновациялық бағытты Қазақстан атынан дамытып келеміз. Негізі, барлық ғалымдардың тілегі – гранттарды тек 3 жыл емес, ең кем дегенде 5 жылға берілгені жөн. Себебі нағыз инновациялық жетістіктер тиянақты зерттеу жұмыстарын, қан мен терді қажет етеді. Үлкен ғылыми серпіліске 2-3 жыл аралығында жетудің мүмкіншілігі өте шектеулі. Мысалы, біздің бір мақаламыз импакт-факторы 15, Top 10% журналына 2.5 жыл бойы қажымас жұмыс арқасында жарық көрді. Сапалы жұмыстар шығару үшін ғалымдар тиянақты зерттеу жұмыстарын жасағанда ғана қол жеткізеді.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға