Жаңалықтар

Инновациялық индустриализация: дамудың даңғыл жолымен жүру әдісі

Инновациялық индустриализация: дамудың даңғыл жолымен жүру әдісі
29.09.2014 07:20 8414

Инновациялық индустриализация: дамудың даңғыл жолымен жүру әдісі

Ұлттық экономиканы дамытудың түрлі стратегиялық тәжірибелері біздің мемлекетімізге де тікелей еніп отыр. Қазақстанда негізгі күш табиғи қазба байлықтар болғандықтан, бізде экономиканы негізінен интенсивті түрде игеруге негізделген. Келешекте тек қана мұндай бағытта экономиканы дамыту қауіпті екенін мемлекет басшылары тәуелсіздіктің алғашқы таңында-ақ пайымдап қойған. Себебі, ертелі-кеш табиғи ресурстар сарқылатыны белгілі. Қазіргі жағдайда экономикасы ғылыми-техникалық прогресстен түсетін пайдаға бағытталған елдердің мүмкіндіктері мен болашағы зор. Сондықтан да шикізатты дамыту стратегиясы біртіндеп ұлттық экономиканың инновациялық типіне өту стратегиясымен толықтырылуы қажеттіліктен туып отыр. Ол үшін Қазақстанда мүмкіндіктер жеткілікті дәрежеде. Атап айтқанда:

  • ірі өндірістік және инновациялық әлеует;
  • жоғары білімді тұрғындар қабаты;
  • сыртқы ақпараттар мен капитал көздеріне қол жеткіліктілігі.

Қазақстанның даму стратегиясындағы инновациялық бағыт – бұл ұрпақ үлесін ғасырлар қойнауына апаратын сара жол. Инновация дегеніміз – жаңалықтарды іске асыра отырып, жасалынып жатқан үдерістер мен өнімдердің сапасын арттырып, олардың нарық үшін бәсекеге қабілетті ету болып табылады. Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының жаңаруы жағдайындағы мемлекеттік құрылымның барлық саласында инновациялық зерттеулер жүргізу бүгінгі қоғамның сұранысы. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма үш жыл ішінде еліміз ғасырға татитын жетістіктерге жетіп, дамудың инновациялық жолына түсті. Қазіргі таңда Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі болып саналады. Бұл ретте Қазақстан өзінің тәуелсіздігін одан әрі нығайту мақсатында мемлекеттік құрылымның әртүрлі саласында өркениетті елдердің үлгілеріне сай келетін түбірлі инновациялық жаңаруларды жүзеге асыру кезеңін басынан кешіріп отыр. Біздің алдағы мақсатымыз – елімізде болып жатқан демократиялық сипаттағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы инновациялық өзгерістердің  мәнін жете түсіну үшін ғылыми-әдіснамалық және қолданбалық зерттеулер жүргізу, оларды жүзеге асыру шарттарын анықтау мен оған ғылыми болжам жасау болып табылады. Міне, соған байланысты Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дағдарыс жылдары: «Барлық мемлекеттер өткен ғасырдың басында индустрияландырудан өтті, Қазақстанда ол отызыншы жылдары болды. Бірақ мұндай индустриализация бізге жарамайды, біз инновациялық индустриализация туралы айтып отырмыз және ол бүгінгі күнгі әлемдік экономиканың тәртібіне сәйкес келуі керек» - деген болатын. Сонымен қатар, биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтарын белгілей отырып: «Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек. Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет. Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инженерингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек. Әрбір келесі бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру болуға тиіс. Бірінші бесжылдық аясында автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі жолға қойылды. Оларды кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығару керек. Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған отыз елдің қатарына кіру мәселесін шешеді» - дейді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолдауындағы бұл мәтіннен біздің мемлекетіміз экономикасын инновациялық индустриализацияға көшіргенде ғана дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіре алатынымызды анық аңғарамыз. Демек, бұл бағыт біздер үшін ерекше маңызды. 

Жалпы, Қазақстанның инновациялық индустриализацияға көшу тарихына тоқталатын болсақ, шын мәнінде, қазақтың инновациялық жаңалықтары сонау 1990 жылдардың екінші жартысында-ақ әлемнің назарын аударып үлгерген, ендігі мақсат – қолда барды жетілдіріп, алға жылжыту ғана. Техника ғалымының докторы, профессор Николай Бүктіков 1995 жылы ғылым саласы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының миссия өкілдері елімізге ат басын тірегенін Alashainasy.kz сайтына берген сұхбатында былай деп еске түсіреді: «Сол кезде қазақ Ғылым академиясының институттарынан 10-15 ғалым келіп, өздері ойлап тапқан жаңалықтарының жарияланымын жасады. Сондағы шетелдіктердің қуанғандарын көрсеңіз. Толық екі апта да емес, 10-12 күннің ішінде, тек Алматы қаласындағы ғылыми институттардан дүниежүзілік деңгейден төмен емес, одан жоғары 23 жаңа технология табылды. Әлгі делегация: «Біз Литвада екі жыл жұмыс істедік. Сонда тапқанымыз – халықаралық стандартқа сай үш-ақ технология. Ал мынау керемет қой», – деп шуласты. Таң-тамаша қауымға оның мәнісін былайша түсіндіріп бердім: «Себебі, Кеңес үкіметі құрамына Литва соғыстан кейін, 1945 жылдан бастап енді. Ал біз олармен жиырмасыншы жылдан бастап бас қосып, білім, ғылым жүйесін бірге қалыптастырдық. Әрине, Литваның қалыс қалуында осындай себеп бар».

Бүгінде елімізде индустриалды-инновациялық саясат пен оның негізгі құрамдас бөліктерінің сараптамалық бағасы өте маңызды болып отыр. Индустриалды-инновациялық даму – бұл экономикалық жүйенің жедел түрде дамуы, ғылыми білімдерді инновацияларға және өндірістік қызметке айналдыру процесі. Оның ажырамас бөліктері ретінде сарапшылар жаңа технологиялық құралдарды енгізу, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, ғылым  мен өндіріс арасындағы алшақтықты жою, инновациялық қызметті ынталандыру, алдынғы қатарлы технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуді атап отыр. «Индустриалды-инновациялық даму» терминінің өзі арнайы түсіндіруді талап етеді. Сарапшылар көрсетіп отырғанындай, дамудың индустриалды кезеңінен Қазақстан кеңестік кезеңде өтіп қойған. Сондықтан, индустриалдық пен индустриалды-инновациялық дамуды нақты түрде өзара арасын ажыратып алу керек. Егер алғашқысы экономикалық жүйенің кәсіптік және өндірістік негіздерін қалыптастыру процесін білдірсе, екіншісі сол қалыптасқан өндірістік-кәсіптік базаны жақсарту (усовершенствование), оны жаңа жағдайларға байланысты қайта құрылымдау дегенді білдіреді. Кейбір сарапшылар инновация түсінігін экономикалық шеңберден шығарып, оны адамгершілік-мінез-құлықтық құрамдас бөлігін алғашқы орынға шығарып жібереді. Яғни, бұл мағынада инновация ішкі өзгерістерді білдіріп, уақыт қажеттілігіне байланысты адамдар санасының «реформасын» көрсетеді: «Индустриалды-инновациялық даму – бұл қоғамдық институттардың сапалық өзгерісі, яғни тек қана технологиялық емес, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік және рухани жаңаруы». Бірақ, сарапшылардың басым көпшілігінің қабылдаулары бойынша инновациялар мейлінше қолданбалы мағынаға ие және ғылыми-техникалық прогрестің жемісі ретінде оны өндіріске енгізу деп түсінеді. Осы түсініктен шығып, сарапшылармен бірқатар міндеттер қояды, олар индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыру барысында шешімін табады. Ең алдымен, бұл – экономиканың диверсификациясы, оның шикізаттық бағыттылығынан өзгерту: «Елде өнеркәсіптік және өндірістік нысандарды ұлғайту қажет. Қазақстан шикізат өндіруші ел болып қала бермеуі керек. Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін есепке ала отырып, ғылыми-техникалық бағытты дамытып, шағын және ірі техникаларды өндіруді бастау қажет. Шикізат өзімізде өндірілгендіктен экономикалық тұрғыдан бұл тиімді әрі сапалы болмақ». Келесі міндет, ол инновациялық даму шеңберінде шешуді талап ететін – әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан тиімді өту. Әлемдік дағдарыс айқын түрде көрсеткеніндей, мемлекеттің барлық экономикалық құрылғыларының әлсіз жақтарына әсер етеді. Бұл тек қана өңдеуші салалардың дамымағандығы мен экономиканың шикізаттық бағыттылығы емес, ол сонымен бірге экономиканың бөлек секторларының әлсіздігінен. Дағдарыс жағдайында, алып сатарлық капитал негізінде өскен экономикалық «көпіршіктер» жарылғанда, жаңа нарықтар мен инновациялық өнімдерді іздеу қажеттілігі туындады.

Қазақстан халқының арасында «инновация» туралы пайым басқаша, әлде бұл реттегі түсінік әлі де болса шамалы. Мәселен, еліміздің басты стратегиясы – Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламасын толықтай жүзеге асыру үшін билік «ең алдымен, бизнестің ойлау қабілетін өзгерту керек» десе, ал мамандар «инновациялық жобаға нақты баға беру үшін қазіргі статистика тәсілін халықаралық стандартқа сәйкестендіру қажет» – дегенді айтады. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш елу пайыздан асады. Елдің даму үрдісін бақылап отырған статистикасы қай бағытта түзу және қай салада кері кеткенін айқындап, елдің дамуы туралы тиісті орындарды толыққанды ақпараттармен құлағдар етіп отыратын көрінеді.

Бүгінде елімізде жаңа индустриалды-инновациялық саясат шеңберінде жоғары кәсіби білікті мамандар класын қалыптастыру жоспарлануда, ол өз кезегінде елде заманауи өнеркәсіп орындарын ашуға, жоғары қосымша құны бар өнім өндіруге және өндірістен қол үзбей ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктер ашылады. Ол үшін елімізде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылуда, студенттерді шетелде тәжрибеден өткізу жүйесі белсенді түрде жүргізілуде, орта кәсіби білімі бар мамандарды даярлау мәселесі қарастырылуда. Соған байланысты, индустриалды-инновациялық экономикаға өту сарапшылардың бағасы бойынша дамудың қалыпты кезеңі ғана емес, ол сонымен бірге Қазақстан мемлекеті үшін таңдаусыз жол және өз кезегінде таяу жылдарда Азия елдерінің, сонан соң әлемнің мейлінше бәсекеге қабілетті ел ретінде ортаға шығуды мақсат қойып отыр. Ендігі жерде біз, Қазақстан қоғамының инновациялық даму деңгейінің ағымдық бағасын байқайтын боламыз. Бізге белгілі, инновацияларды енгізу – үлкен еңбекті қажет ететін процесс және тек қана мемлекеттік институттардың күшін ғана емес, сонымен қатар кең түрде қоғамның белсенді қатынасуын да талап етеді.

 

Дінмұхамед Аязбеков

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға