Жаңалықтар

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз
25.08.2021 15:25 5435

Индира Алибаева – әлеуметтік антрополог. Швейцарияның Цюрих қаласындағы Цюрих университетінің әлеуметтік антропология мамандығы бойынша PhD дәрежесін аяқтауға жақын. Қазір докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жүр. Индирамен антропология саласы, дамуы, мәселелері туралы сөз қозғаған едік.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз

– Индира, сіз антропология саласына бала кезден қызықтыңыз ба? Әлде кездейсоқ тап болдыңыз ба?

 – Негізі мен антропологияға кездейсоқ келген сияқтымын, екінші жағынан бала кезден қызығушылығым да алып келген секілді. Әдебиетке жақын болдым. Қазақтың байырғы өмірін, қиындықтары мен тарихын сипаттайтын роман-әңгіме оқып болған соң, біраз уақыт сол кітаптың ішінде өмір сүретінмін. Сол замандағы адамдардың қалай киінгенін, қалай жүріп-тұрғанын бәрін-бәрін көз алдыма елестететінмін. Мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне тапсырғым келді. Диктор болуды, адамдардан сұхбат алуды армандадым. Бірақ шығармашылық емтихан тапсыру уақыты өтіп кетіпті. Алыстағы ауыл баласымын, ҰБТ-дан бөлек емтихан тапсыру керегін білмегенмін, кешігіп қалып, осы университеттің қазақ тілі мен әдебиетіне оқуға тапсырдым. 4 жыл оқып, қолыма диплом алған соң менде «енді қайда барамын» деген сұрақ пайда болды. Сөйтіп жүргенде философия және саясаттану факультетінде мәдениеттану деген мамандық бар екенін білдім. Мәдениеттану мамандығы басқа елдердің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді деген оймен сол мамандыққа магистратураға түстім. Магистратурада оқып жүргенде бізге швейцариялық Питер Финке деген антрополог-профессор лекция оқуға келді. Ол өзінің зерттеуі үшін Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Ховд аймағында бір жыл киіз үйде тұрғанын айтты. Зерттеуімен таныстырды. Суреттерін көрсетті. Осы лекция барысында әлеуметтік антропология деген арнайы мамандықтың барын білдім. Ал жазда бір топ студенттер болып, ҚазҰУ-дың магистранттарға арналған академиялық мобильділік бағдарламасымен Швейцарияның Цюрих университетіне екі апталық білім алмасуға бардық. Бұл 2012 жылдың жазы еді. Жазғы мектепте Цюрих Университетінің оқытушылары бізге әлеуметтік антропологияның зерттеу әдістерін үйретті. Соның бірі бақылау әдісі. Тәжірибе ретінде біріміз кітапханада, біріміз музейде, біріміз көшеде адамдардың іс-әрекетін бақыладық. Күнделік жүргіздік. Кейін оқытушылармен бірге оны талқыладық. Анализ жасадық.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз  

Мен ол кезде медиа мәдениет тақырыбында магистрлік диссертациямды жазып жүрген едім. Тақырыбым медиаға байланысты болғаннан кейін вокзал маңында газет-журнал, кітап сататын дүкенге бардым. Кім қандай газет-журналдың алдына көбірек келеді, не сатып алады, жынысына, жасына байланысты, кімге не қызық, соны жарты күн бақыладым. Автомобиль немесе экономика тақырыбындағы басылымдардың алдында ер адамдардың көбірек тұрақтайтынын, ал денсаулық немесе сұлулық туралы газет-журналдардың алдында әйел адамдардың көбірек бөгелетінін байқадым. Қысқа ғана уақытта бақылаған дүниеден шешім шығару қиын. Бақылау ол зерттеудің бастапқы қадамы. Бірақ маған бақылаған, сол уақытта болған шынайы өмірді қағаз бетіне жазып түсіру, және презентация жасаған қызық болды. Әлеуметтік антропологиямен жақын танысуым, қызығушылығым содан басталды.

– Сол қызығушылық сізді қайта Швейцарияға жетелеген секілді?

– Иә, 2013 жылдың күзінде Швейцарияның Цюрих қаласы, Цюрих университетіне докторантураға түстім. Швейцарияның неміс, француз, итальян және ретороман тілінде сөйлейтін төрт бөлігі бар. Мен неміс тілді Цюрих кантонында тұрдым.

Жазғы мектепке барып келгеннен кейін профессормен байланыста болдым. Электронды пошта арқылы хат-хабар алмасып тұрдық. 2012 жылдың соңында ол кісі хат жазды. Хатта Германияның әлеуметтік антропология бойынша Макс Планк Институты (Max Planck Institute for Social Anthropology) мен Швейцарияның Цюрих университетінің профессорлары бірігіп, Орталық Азиядағы өзбек халқы туралы үлкен зерттеу жүргізілетінін, сол зерттеу үшін докторантураға түсушілер іздеп жатқанын баяндаған. Ол кезде ағылшыным аса мықты емес еді, қызығушылығым болғанмен, тапсырып көруге қорықтым. Сондықтан хатты басқа достарыма жібердім. Бір күні батыл қадам жасап, неге өзім тапсырып көрмеймін деген ой келді. Өзбек тілін жақсы білемін. Мен 10 сыныпқа барар жылы отбасымызбен Өзбекстаннан Қазақстанға, Мақтаарал ауданына қоныс аударып, қайта бейімделу процесінен өткенбіз. Ал бұл жерде үнемі тұрып келе жатқан өзбек халқы өздерін қалай сезінеді? Олардың дәстүрлерінде, күнделікті өмірлерінде бір өзгерістер бар шығар? Әлде жоқ па? Қалай? деген сұрақтар өзіме қызық болатын. Сөйтіп оқуға құжаттарымды тапсырдым да ағылшын тілін жеке оқи бастадым. Күнде-күнде курсқа бардым. Өзімнің тілге бейімім бар деп санаймын. Алты айдың ішінде академиялық ағылшынымды жақсы деңгейге жеткізіп алдым.

– Алғашында не қызық, не қиын болды?

– Көп адам шетелге алғаш барғанда біраз уақыт қиналасың деп айтады. Менің табиғатым жаңа нәрсені үйренуге, көруге асық. Жаңа сезімдерді бастан кешірген ұнайды. Сол үшін бейімделу жағынан қатты қиналдым деп айта алмаймын. Швейцарияға мәдениеттануда бірге оқыған группаласым Динара екеуміз бардық, бір-бірімізге отбасы сияқты болып кеттік. Сол жерде тұратын Тахмина деген қазақ апай анамыз секілді қамқор болды. «Ыдыс-аяқтарың жете ме, көрпе-төсектерің бар ма?» деп түгендеп жүретін. Біздің профессорымыз бен оның әйелі және сол университетте істейтін қырғыз әріптесіміз көп көмектесті.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз  

Швейцарияда заң қатал. Сондықтан барған кезде не істеп, не істемеу керектігін түсіндірді. Мысалы, ол жақта екінші кластың билетін сатып алып, бірінші кластың вагонында отыруға болмайды, айыппұл төлейсің. Қағазды бөлек, бөтелкені бөлек, пластмасс дүниелерді бөлек, сұрыптап тастайсың. Швейцарияның табиғаты керемет, жан-жағыңның бәрі тау. Мен бұрын спортқа жақын емес едім. Сол жерде хайкинг, тауға шығу спортын үйрендім.

Антропологияға жаңадан келген соң, барлық негізгі еңбектерді оқып, оларды түсінуге, сол жақта қалыптасқан академиялық жазу стилін үйренуге біраз уақыт кетті. Докторантурада грантта оқу негізінен төрт жыл. Орташа бітіру жылы 5-6 жыл. Мен де өзгелер секілді арасында үзіліс алып, университетте жұмыс істеп, дәріс бердім. Германияның Әлеуметтік Антропология бойынша Макс Планк Институтының ғылыми талқылауларына қатыстым, өз жұмысымды түрлі ғылыми конференцияларда презентация жасадым. Пандемия басталғанда Қазақстанға, ата-анамның қасына келдім. Өткен бір жыл мен үшін ғылыми тұрғыда тоқтау, саралау жылы болды. Зерттеуім бойынша ешнәрсе жазбадым. Ал күзгі семестрден кейін докторлық жұмысымды қорғауды жоспарлап отырмын.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз

– Сіз білім алған әлеуметтік антропология нені зерттейді? Құпия болмаса, жалпы докторлық жұмысыңыз не туралы?

– Антропология – («антро» - адам, «логос» -білім) адамды зерттейтін ғылым. Физикалық антропология адамның сүйегін, бет-әлпетін зерттесе, әлеуметтік (мәдени) антропология адамның қоғамдағы іс-әрекетін зерттейді. Қазір жазып жатқан докторлық диссертациям Қазақстанда тұратын жергілікті өзбек халқының этностық тұрғыдан өзін-өзі түсінуі, тануы туралы. Диссертациямды әлі қорғамағандықтан нәтижелерімен көп ақпаратты бөлісе алмаймын.

Антропологияның адамдардың этностық тұрғыдан өзін-өзі және басқаларды тануын зерттейтін бір бағыты бар, оны ағылшынша ethnicity studies деп атайды. Антропологтар әлемнің түрлі елдеріндегі этностық топтар туралы мыңдаған кітаптар жазып жатыр. Менің зерттеуім осы этносты зерттеу бағытында жазылған еңбектердің қатарына кіреді. Бұл диссертацияда мен Қазақстанның мысалында этнос (ағылшынша ethnicity, ethnic identity) деген ұғымды талқылаймын. Ресми баяндамалардан және адамдардың күнделікті әңгімелерінен «Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді» деген тіркесті жиі естиміз. Бұл кеңестік кезеңдегі ұлттық саясатты жүргізу кезінде қалыптасқан ұғым. Енді, сондағы «ұлт» деген ұғымның анықтамасы қандай? «Ұлт өкілін» қандай өлшемдермен анықтаймыз? Оны әкесінің қанымен анықтайды ма? Әлде түр-әлпетіне қарап айтады ма? Аралас отбасыларда оны біз қалай анықтаймыз? Құжат бойынша, әкесінің ұлты өзбек, анасының ұлты қазақ. Бірақ олар қазақ ортада өседі. Олар таза қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті түрлерін де ажырата алмайтын отбасылар бар. Бір көрген адамдар оның өзбек екенін білмей, қазақ деп тануы мүмкін. Кейде керісінше. Бір адам өзін қазақ деп таниды. Бірақ адамдар оның қазақ екеніне сенбейді. «Сенің түрің басқаша, сен қазақ емес сияқтысың» дейді. Ал өз ұлтын әкесінің қанымен анықтамайтын мәдени топтар бар. Ұлтын әкесінің қанымен анықтайтын және оны анасының қанымен анықтайтын екі түрлі «ұлт өкілі» үйленсе не болады? Яғни, біз үйренген, жалпы қалыптасып қалған анықтамаларға сәйкес келмейтін жағдайлар бар. Айтпағым, «ұлт өкілі» деген ол өте күрделі ұғым. «Ұлт өкілдері» деген категорияның ішінде санамаланып жүрген қазақ, неміс, орыс, өзбек секілді этностық топтардың ішінде де өзін-өзі анықтауы бойынша айырмашылықтар бар. Сондықтан, этностық топтарды анықтау барлық кезде ақ пен қара секілді анық болмайды. Антропологтардың мақсаты да сол, осындай күрделі кэйстарды көрсету арқылы қалыптасып қалған ұғымдарды сынау, оған басқаша көзқараспен қарауға шақыру. Этнос (ethnic identity) адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы кезінде өзектілікке ие болатын, қарым-қатынас жасап отырған адамдардың түсінуіне байланысты үнемі түрленіп, әр түрлі реңкке ие болатын ұғым. Осыған мен өзімнің бақылауларым мен зерттеуім арқылы көз жеткіздім.

Мен өзімнің зерттеуім үшін өзбек халқы көп шоғырланған ауылдың бірінде бір жыл тұрдым. Сонымен қатар, ол ауылда Өзбекстаннан көшіп келген қазақтар да тұрды. Бір ауылдың шеңберінде өзбек отбасымен және көшіп келген қазақ отбасымен бірге тұрып, өмір сүрдім. Осындай ерекше жағдайда өзбектік пен қазақтық дегенді жергіліктілер қалай анықтайтынын зерттедім. Негізі антропологияның ерекшелігі өзің жазып жатқан мәдениет немесе халық болсын, соның өміріне күнделікті қатысып көруің керек. Антропологтардың ерекшелігі халықтың ішінде өмір сүреді. Сөйтіп көзіңмен көріп, жеке өзіңнің бақылауымен жазасың. Антропологтардың зертханасы бір ауыл, бір адамдардың тобы. Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз

– Шымкентке оралдыңыз. Бізде сіздің мамандығыңызға сұраныс бар ма?

– Негізі антропологтардың қажет жері көп. Бірақ біздің елде не үшін керегін әлі де жіті түсіне бермейтін сияқты. Антропологтар көп жерде жұмыс істей алады. Бірінші, ғылым саласында қалып, зерттеу еңбектерін жазуға болады. Орта Азия туралы Еуропа, Американың кей ойлары үстіртін. Олардың арасында «қазақстандықтардың барлығы орысша сөйлейді немесе атта шауып, киіз үйде тұрады екен» деген сияқты оймен өмір сүретін адамдар бар. Антрополог ретінде өзің зерттейтін аймақтың, елдің қазіргі өмірі туралы еңбектерді қалдыруға болады. Мысалы, Қазақстанның Оңтүстігінде кәрістің поп стиліндегі әндерді тыңдап, солай жүріп-тұратын жастар да бар, сонымен қатар орамалын тағып, ұзын киіп жүрген, өзін әлеуметтік өмірден шектейтін, және шектемейтін жастар бар, 500 адам шақырып, той жасайтын халық та өмір сүреді. Ноутбуктерін алып, кофейняларда жұмыс жасайтын, өзін өзі дамытып жүрген, мотивациялық кітаптар оқитын адамдар бар деп қазіргі өмірдің бейнесін жазып кетесің. Сенің кітабың болашақта 100 жылдан кейін тарих болып қалады. 100 жылдан кейін Шымкентте дәл осындай өмір болған екен деп адамдар оқып отырады.

Екіншіден, университеттерде антропологиядан сабақ беруге болады. Қазір ҚазҰУ-да мәдени антропология мамандығы ашылып жатыр екен. Одан бөлек Назарбаев Университетінде бар. Сондай-ақ, әртүрлі компаниялардың ұсыныстарымен зерттеу жүргізе аласың.

– Сізді әлеуметтік желіде бақылап жүрмін. Түркістандағы жаңадан құрылғалы жатқан саябаққа қатысты жобада қандай зерттеу жүргізіп жатырсыз?

– CityLab Turkistan атты архитекторлық компания Түркістанда ашылатын жаңа саябақтың тұжырымын жасап жатыр, мені жобаға зерттеуші антрополог ретінде шақырды. Бұрын қалай еді? Әкімшілік архитекторларға тапсырыс беретін, олар жобаның сызбасын сызып, тапсырыс берушіге презентация жасап көрсетеді. Кем-кетігін толықтырады. Тапсырады. Сөйтіп саябақтың құрылысы жүреді. Халықпен байланысы жоқ. Ал, мені шақырған компания Түркістанның климаттық, мәдени және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, бірінші жобаны халықпен талқылап, олардың пікірін тыңдап, саябақтың жобасын жасайық деді. Алдымен, саябаққа адамдардың қай уақыттарда келетінін, және онда не істейтінін, кімдермен келетінін, саябақтағы іс-әрекеттерін бір ай бойы бақыладым. Саябаққа келушілермен сөйлестім. Нәтижесінде, келушілердің бейнесі мен олардың саябаққа келгендегі негізгі іс-әрекеттерінің қорытындысын жасадым. Сосын, біз саябақтың алғашқы жобасын түрлі топ арасында: жастармен, балалы аналармен, спортпен шұғылданатындар, және мұғалімдермен, саудагерлермен және мүмкіндігі шектеулі адамдармен фокустық топта талқыладық. Солай әртүрлі топтағы адамдардың қажеттілігін анықтадық. Көбісінің айтқаны, «бізге жасыл-желегі бар саябақ керек» болды. Сосын ата-аналар бала-шағасымен келетін болғандықтан саябақ ішінде таза ауызсу ағып тұрса дейді. Балаларға қызықты ойнайтын орындар болса, балалар арбасын қоятын жер болса дегендер болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретхана қарастырылса, арбамен жүргенге жолдар кедергісіз болса деген ұсыныстар да айтылды. Бәрін іріктеп, анализ жасап, архитекторларға тапсырдым. Олар сол ұсыныс бойынша саябақтың тұжырымдамасын құруға кірісті. Мен бірінші рет өзім жасаған анализдің бірден қолданысқа енгенін көрдім.

Индира Алибаева: Адамдардың күнделікті өмірі – біздің лабораториямыз

Бір айта кетерлігі, зерттеу жүргізу үшін адамдармен сөйлесуге барған кезде олар саған күдіктеніп қарап, қорқақтайды екен. Көп жағдайда саған әкімшіліктің, биліктің адамы ретінде қарайды. Сауалдарға ашық жауап бермейді. Егер әлеуметтанушы, мәдениеттанушымын деп келсе адамдар олардан қорықпаса екен деймін. Себебі мәдени, әлеуметтік антропологиялық зерттеулердің этикасы болады. Сен ол адамның анонимділігін сақтайсың. Өзінің кім екені емес, пікірі маңызды. Сондықтан да олар ойларын ашық айтып, проблемалармен бөліссе екен. Сонда ғана олардың пікірін билікке немесе компанияларға жеткізе аласың. Белсенді қатысса екен деп өзім армандаймын.

Антрополог халықтың үнін қолында билігі бар адамдарға жеткізуші. Барлық адам жеткізе алады ғой деп ойлауы мүмкін. Антрополог әртүрлі пікірлерді жүйелеп береді.

– Сіз мамандығыңыз болғандықтан айналадағы құбылыстарды, адамдарды үнемі бақылап жүретін секілдісіз. Шымкенттің тіршілігі мен адамдарын бақылаған боларсыз? Өзгерістер бар ма?

– Антропологияны оқыған адам ішінен антропологты өшіре алмайтын шығар. Бір жерге барғанда адамдардың іс-әрекетін, сөйлеген сөзін, киімін, айналасындағы құбылыстарды бәрін-бәрін бақылап түсіндіріп отырасың. Идеалды антрополог адамдарға ешнәрсе үйретпейді. Кеңес айтпайды. Қалай өмір сүруді үйретпейді. Себебі, біздің мақсатымыз сол халықтың ерекшелігін білу ғой. Ал енді сіз келіп, сіздер олай жасамаңыздар, былай жасаңыздар десең өзің ол халықтың ерекшелігін өзгертіп тұрған боласың. Жеке адам ретінде отбасыма, бауырларыма ақыл айтамын. Профессорым айтатын еді: «жаман халық, мәдениет болмайды. Олардың ерекшеліктері болады» деп. Антрополог ретінде ешқашан мына халықтың мәдениеті жаман, біртүрлі деп айтуға болмайды. Мысалы 500 адам шақырып той жасайтын қазақтарды сіз ысырапшыл деп айта алмайсыз. Қалай бар, солай жазасыз, «тойына 500-1000 адам шақырады. Оған мынанша теңге көлемінде шығын шығарады. Оның осындай себептері бар» деп.

Арасында жазда демалысқа келіп-кетіп жүргенім болмаса жеті жыл бойы Қазақстанда болған жоқпын. Басында бақылау, танысу сезімі көбірек болады. Біраз уақыттан кейін үйреніп, азырақ мән беріп қалуың мүмкін. Байқағаным, тұтынушылық артқан. Нарықтық экономикаға халық әбден бейімделген. Оны адамдардың жай ғана кофе ішу мәдениетінен байқауға болады. Шымкентте күнделікті әңгімелердің көбі тойдың төңірегінде екен. Қызын тұрмысқа беру керек. Баласын үйлендіру керек, бесік тойын жасау керек. Оның артында базарға бару керек. Базарда тойбастар дегендерді іліп тастаған. Бөпені қырқынан шығаратын болсақ, қасыққа үкі байлап сатып жатыр. Оның ішіне баланың тырнағын, шашын салуға болады. Соған дейін сатып жатыр. Бұрында ол жоқ еді ғой. Сен оны еріксіз түрде сатып аласың. Бір отбасының келіндері бірдей киім тіктіреді. Дәстүр бір жағында, тұтынушылықтың өте өскенін байқадым.

Экологияға қатты жанашырмын. Адамдардың экологиялық білімі ойландырады. Біздің бала кезімізде кола-фанта немесе пакеттелген тамақты дүкеннен сатып ала беретін мүмкіндік болған жоқ. Қазір олардың бәрі қолжетімді бағада тұрғандықтан қазір бізде өте көп қоқыс шығып жатыр. Ол бізде оны сұрыптау немесе қоқысты аз шығару мәселесі жоқ. Адам өзінің не істеп жатқанын байқап, бақылап, саналы әрекет етсе, үлкендер балаларына супермаркеттен зат сатып алса, пакет сатып алу міндетті емес екенін түсіндірсе, экологиялық білімді арттырып, керек емес нәрселерді азырақ тұтынса деймін.

– Соңғы сұрақты ғалымдар мен олардың зерттеуіне арналған gylym faces жобасына арнасақ.

– Қазақстанға келіп байқағаным интернет тұтынатын адамдардың көпшілігі инстаграм әлеуметтік желісінде отырады екен. Автобуста да, көшеде де. Кімдерді қарайтынын бақыласам, әдемі боянған қыздарды, әдемі өмір сүретіндерді оқиды. Бай болғысы келеді, блогер болуды ойлайды.

Блогер болу арқылы жақсы ақша табамын, әдемі өмір сүремін деген ой қалыптасқан. Инстаграмның кеңістігіне тек жылтырақ өмір ғана емес, қазақстандық ғалымдардың не істейтіні туралы, олар қандай зерттеумен айналысатыны туралы бәрін бір жерге жинақталған платформа керек еді. Ол идеяны қолға алған PhD доктор Әсел Мұсабекова және ғылыми журналистикамен айналысатын Анастасия Горбунова. Сол екеуі бастады. Сосын маған қазақ тілді контентпен айналысасың ба деп ұсынды. Мен көбінде әлеуметтік ғылымдармен айналысатын ғалымдар туралы кеңес беремін, өзім де бір-екі сұхбат алдым, мәтіндерді қазақшаға аударуға көмектесемін. Жастардың тұтынып жатқан жеңіл контентін көріп, ішім ашыды. Мүмкін ғылымға қызығатындары бар, бірақ қазақща ақпарат таппай жүрген шығар деген мақсатпен осы топқа қосылдым.

–  Сұхбатыңызға рахмет, ісіңізге сәттілік!

Фотосуреттер Индира Алибаеваның жеке мұрағатынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға