Жаңалықтар

ИМАН ЖЫРШЫСЫ Түмен Балтабасұлы (1884-1957) хақында

ИМАН ЖЫРШЫСЫ Түмен Балтабасұлы (1884-1957) хақында
27.08.2014 04:01 12084

Қазақ халқы үшін жыраулар өздерінің көшпенді мəдениетінде орны ерекшеленіп тұрды. Өйткені олар елінің тарихын, салт-дəстүрін, ерліктерін, мінез-құлқын, арман-мүддесін сондай-ақ иман мен нанымын өз шығармалары арқылы ұрпақтарына жеткізіп тұрған. Сол үшін күні бүгінге дейін қазақтың поэзияға, əдеби көркем туындыларына құлшынысы өзге елдермен салыстырғанда өзгешелеу болып асқақтап тұрады. Қазақтың Маңғыстау өңіріндегі жыраулардың соңғы тұяғы іспеттес Түмен Балтабасұлының шығармашылығы Сталиндік зұлмат кезең келбетіне қарамастан қазақтың биік рухы мен берік иманын бейнелейді. Сол үшін аталарымыздың асқақ рухына, бекем иманына тағзым ету біздің перзенттік парызымыз.

Түмен Балтабасұлы сурыпсалма дарынымен елге танылған ақын. Түмекең шығыс поэзиясымен қатар ұлттық ауыз əдебиетінің дүлдүлдері Əбубəкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Нұрым, Ақтан, Қашаған сынды жыраулардың мектебін меңгерген ақпа-төкпе ақиық ақындар қатарында лайықты орны бар ақын. Түмекең жыраулық дəстүрінің соңғы буынның өкілі ретінде жазба əдебиетімен де сыңайласқан ақын. Ауыз əдебиеті мен жазба əдебиетінің йірімдерін, қарқыны мен əсемдігін ақынның өлеңдерін оқығанда оның сөз саптауы, бейнелеу шеберлігінен анық сезуге болады. Сондықтан Түмен Балтабасұлы Маңғыстау өңірінде өмір кешкен қазақтың жыраулық дəстүрінің соңғы тұяғы əрі қазақ поэзиясының жаңа дəуірінің бастаушы ақыны ретінде Қазақ əдебиетінде өзіндік орны бар тұлға екендігін айтуға болады. Түмекеңнің өмірі мен шығармашылығын жақсы біліп, насихаттап, жинақтап қағаз бетіне түсіріп жүрген көзі ашық, көкірегі ояу қариялар, қаламгерлер, ғалымдар, жыршылар аз болған жоқ. Олардың қатарында: Қабиболла Сыдиықұлы мен Ысқақ Шакратұлы, Тергеу Айдархан, Киев Мырзабай, Айым Еменұлы, Толыбек Ізбасар, Сафи Əжімұратұлы, Күріш Тасболат сынды аға буын өкілдерін атап айтуға болады. Түмен Балтабасұлы Маңғыстау облысы, Қызан елді мекенінде, Құмықты бауырында 1884 жылдың сəуір айында дүниеге келіп, 1957 жылы сонда дүние салып, Таушықтағы Итолы мазарында жерленеді.

Түкеңнің əкесі-Балтабас, атасы – Байғара, оның əкесі – Тілеулі болған. Түкеңнің есімін – атасы Байғара «Түрікпеннің Түмені болмаса да, Түменіміз өзімізде болсын. Аты- Түмен болсын»,-деп бата берген. Түкеңнің арғы атасы- Тілеулі жылқы дəулеті мол Маңғыстау өңірінің бай-ауқатты адамы болған болса, Байғара атасы көріпкел кісі екен.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға