ҚИМАҚ ҚАҒАНДЫҒЫ
ҚИМАҚ ҚАҒАНДЫҒЫ, кимек қағандығы – 9 ғ-дың соңы – 11 ғ-дың басында Шығ. және Орт. Қазақстан жерінде болған мемлекет Орт. Ертістің орта алабында болған. Қимақтар 7 ғ-да Алтайдың солт-не, Ертіс жағалауына орналасып, Батыс түрік қағанатының құрамына кірген. 8 ғ-да қимақ тайпалары Ертістің орта ағысын мекендеді. 9 ғ-дың алғашқы жартысынан Жетісудың солт.-батысындағы Алакөл аймағына қоныстана бастады. Олардың батыс шекарасы Оңт. Оралдың шығыс бөлігі мен Арал жағалауларына дейін жетті. 10 ғ-дың ортасында қимақтар шығыстан батысқа қарай ойысты. Олар Оңт. Орал тауының оңт. және оңт.-батыс бөктерінде, Каспий жағалауында көшіп-қонып жүрді. 10 ғ-дың соңында қимақтардың бір тобы Сырдария жағалауына қарай жылжып, Түркістанның мұсылман облыстарымен араласты. 11 ғ-да Орт. Азия тайпаларының батысқа қарай ойысуы нәтижесінде қимақтардың орналасу аймағы өзгерді. Махмұт Қашқаридың имақтар (қимақтар) туралы деректері (11 ғ.) осы уақытқа саяды. “Диуани лұғат ат-түркте” берілген картада имақтар өздері біртұтас топ болып тұрған Ертістің жағалауындағы жерлерде ғана көрсетілген. 656 ж. Батыс түрік қағандығы тарағаннан кейін қимақтар өз алдына бөлініп шықты. 840 ж. Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы эймур, баяндұр, татар тайпалары қимақтарға қосылды. Қимақ тайпалары федерациясының қалыптасуы осы кезге сай келеді. Гардизидің баяндауынша, қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан: эймур, имақ, татар, баяндұр, қыпшақ, ланиказ, ажлад тайпаларынан құрылған. Олардың билеушісі жабғу деп аталды. Шамамен, 9 ғ-дың ортасы мен соңында қимақтар оғыз көсемдеріне қаңғар-печенег тайпалары мекендеген Сырдария алабы мен Арал жағалауларын жаулап алуға көмек көрсетті. Сонымен бірге қимақтар тоғыз оғыз және Енисейдегі Қырғыз мемлекеттеріне әскери жорыққа шығып, 8 – 9 ғ-лардың екінші жартысында Орт. Ертістен Жоңғар қақпасына дейінгі аймаққа бекініп алды. Сөйтіп, Қ. қ-ның құрылуына қадам жасалды. Қ. қ. туралы алғашқы деректер 9 ғ-дың соңы мен 10 ғ-дың бас кезіндегі араб тілдеріндегі тарихи геогр. шығармаларда кездеседі. “Түркістан мен түріктер, – деп жазады әл-Иақұби (9 ғ.) – бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінеді, соның ішінде қарлұқтар, тоғыз оғыздар, қимақтар және оғыздар бар. Түркілердің әр тайпасы жеке мемлекет және бірімен бірі соғысып тұрады”. Қ. қ. құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғарғы түркі атағымен хакан (немесе қаған) деп аталды. Ол жабғу атағынан екі дәреже жоғары. Қ. қ. үлестік-тайпалық құрылымда болды. Елді қаған мен оның аймақтардағы он бір мұрагері (әмір) биледі. Ел билеушілері бір жағынан әскери көсемдер болды да, хаканнан тиісінше үлес алды. Әрбір иеліктер хаканға әскер беріп тұрды. Бұл мемлекетте салық жиналған, көне түркі жазуы болған. Қимақтар, негізінен, мал ш-мен айналысты. Олар мұнымен қатар егін ш-мен де шұғылданды, балық, аң аулады, тайгалық аймақтарда қымбат аң терілерін дайындады. Қимақтар арасында қолөнер де дамыды, мата тоқып, киім тікті, металл бұйымдар шығарды. Өз аумағында темір, күміс, алтын өндіріп, металл құйды. 9 – 11 ғ-лардағы араб-парсы авторлары отырықшы қимақтардың тұрақты мекендері болғанын жазады. Әл-Идрисидің 12 ғ-дағы дерегіне қарағанда, олардың өзендер мен көлдер жағасына, қиын таулы аудандарда, пайдалы қазба байлықтары орналасқан жерлерде 16 қаласы болғаны келтіріледі. Олардың көпшілігі сауда жолдарына жақын орналасқан. Әл-Идриси қимақтар хаканының Ертіс өз-нің жағасындағы астанасы – Қимақия (Имақия) қ. мықты қорғанмен қоршалғанын жазады. 9 – 11 ғ-ларда қимақтар арасында ежелгі түркі діни нанымының қалдықтары өріс алды, онда тәңірі мен әруаққа сенушілік басым болды. Сонымен қатар, олардың арасында түркі халықтарына кең тараған бақсылық та етек алды. Қимақ тайпалары мекендеген аймақтарда тас мүсіндер қою салты кең тараған, олар сол мүсіндерге табынған. Қимақтар әлеум. және мәдени жағынан 6 – 8 ғ-ларда ежелгі түркілер ортасында қалыптасқан дәстүрлерді ұстап, одан әрі дамытты. 11 ғ-дың басында қимақтардың орнына жаңадан нығайған қыпшақ тайпалары келді.
Әдеб.: Бартольд В.В., Соч., т. 1 –
Б. Көмеков
"Қазақ энциклопедиясы"