Жаңалықтар

«Іле» полигонында 250-дей жас сарбаз сауытты техника сынағынан өтті

«Іле» полигонында 250-дей жас  сарбаз сауытты техника сынағынан өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 01.11.2024 23:48 364

«Іле» полигонында Алматы, Қостанай, Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан шақырылған 250-дей жас  сарбаз сауытты техника сынағынан өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бір айлық жалпы әскери дайындық курсы барысында әскерге шақырылушылар жарғыларды зерделеп, саптық, атыс және дене дайындығын пысықтады. Жас десантшылар алғашқы рет іс жүзінде атыс қаруынан оқ атты. 

Сауытты көлікті жүргізіп сынау – бұл дайындықтың ең қиын кезеңі. Полигондағы көк түтін мен жанған от, жауынгерлік техниканың гүрілі, қатқыл бұйрық – мұның бәрі нақты ұрыстағыдай көрініс. Сырттан қарағанда тікенек сымның астымен еңбектеп өту, траншеяда позицияны ұстап тұру, көп тонналық сауытты машинаны өткізіп жіберіп, граната лақтыру қиын емес сияқты. 

Жас жауынгерлер іштегі үрейді жеңіп, ауыр техникамен бетпе-бет келу үшін жертаса қазды. Тапсырманы барлығы орындай алды. Сарбаздардың ешқайсы шет қалған жоқ. 

Сауытты техниканы жүргізіп сынау – бұл әскерге жаңа келгендердің мінезін қатайтуға, бойдағы үрейді жеңуге және тұрақтылықты дамытуға мүмкіндік беретін психологиялық дайындықтың бір түрі. Жас жауынгер курсынан өту барысында сарбазда базалық дағды қалыптасатын болады, – деді жиын бастығы подполковник Бақытжан Қырғызәлиев.

Қостанай облысының Октябрьск ауылынан шақырылған жауынгер сауытты техниканы сынаудан алған әсерін айтты. 

Бұл күн есте қаларалықтай болды. Сондай эмоцияға толы көңіл-күйді бастан өткіздік, – деді Всеволод Ипкайдаров. – Мен сегізінші барлау ротасының взводында қызмет етемін. Біздің взвод – ең мықты взвод, ұжым ұйымшыл.

Командирлердің айтуынша, қызметтің алғашқы айында сарбаздар өмір бойы кәдеге жарайтын көптеген дағдыларды қалыптастырады. Жас жауынгерлер тәртіпке бағынып, күнделікті өмірге бейімделеді, уақытын сауатты және тиімді өткізуді үйренеді. 

Қызмет еткен бір жыл ішінде десантшылар өздерінің әскери мамандықтары бойынша даярлықтан өтеді. Далалық жорықтарға, жауынгерлік атыстарға, жаттығуларға қатысады. Сонымен қатар әр типтегі ұшақтар мен тікұшақтардан парашютпен секіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға