Жаңалықтар

ІІМ трансұлттық есірткі тасымалдаушы топтың жолын кесті

ІІМ трансұлттық есірткі тасымалдаушы топтың жолын кесті
Фото: Видеодан кадр 27.06.2023 19:09 959

Синтетикалық есірткіні өндірістік ауқымда өндіру үшін елге прекурсорлар жеткізумен айналысқан трансұлттық топқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, бұл топ көршілес мемлекеттердің азаматтарынан құралған. Анықталғандай, топ мүшелері Қазақстанда бірнеше есірткі зертханаларын ашып, «синтетика» жеткізушілер мен осы есірткі түрін жасырын қойып кетушілерді «жұмысқа» тартуды жоспарлаған.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы прокуратурасының көмегімен ҚК-нің 264-бабы «Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету» негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген мәліметте. 

Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Халықаралық қылмыстық топты ұстау Ішкі істер министрлігі мен Алматы полициясының жан-жақты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мүмкін болды.

Қылмыстық топқа қатысушы әрбір мүшенің рөлін және басқа адамдардың қатысын анықтау үшін «арнайы жүк» жіберіліп, бүкіл маршрут бойы бақыланды, оның ішінде әуе барлауы да қолданылды. Прекурсорлар мен жабдықтарды тасымалдауды, оның ішінде шекарадан өткізуді құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия түріндегі тауарларды тасымалдайтын логистикалық компания жүзеге асырғаны анықталды, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Арнайы операцияның әртүрлі кезеңінде полиция қызметкерлері прекурсорлар контрабандасына қатысы бар үш шетелдікті ұстады. Операцияның соңғы кезеңінде Алматыда таяу шетелдің екі азаматы мен еліміздің тұрғыны ұсталды. Олардан мефедрон мен шет мемлекеттің құқық қорғау органдары қызметкерінің жалған куәлігі тәркіленді.

Санкцияланған тінту барысында жалға алынған қоймаларда психоактивті заттарды синтездеуге арналған түрлі прекурсорлары бар 1160 бөшке, «синтетика» жасауға арналған арнайы зертханалық жабдықтың 7 жәшігі, 2 реактор және химиялық жабдықтың 5 жиынтығы табылып, тәркіленді. Алынған прекурсорлардың жалпы көлемі шамамен 73 тоннаны құрады, - делінген (72,7).

Осылайша полиция 8 тонна синтетикалық есірткінің өндірілуінің жолын кесті. Бұл бір реттік 8 млн доза.

Бұған дейін өткен жылдың соңында есірткі күрескерлері Алматы облысының елді мекендерінде синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған шет мемлекеттердің 8 азаматынан тұратын тағы бір трансұлттық қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды. Бұл факт бойынша 3 есірткі зертханасы, прекурсорларды сақтауға арналған 6 қойма таратылды. Пайдалануға дайын 10 реактор, 13 тонна прекурсор және 84 кг есірткі тәркіленді.

Осылайша аталған екі факт бойынша ғана қуаттылығы 10 тонна мефедрон өндіретін 12 есірткі зертханасын құруға жол берілмеді. Қазақстан қалаларына синтетикалық есірткінің бір реттік 20 миллионнан астам дозасы таралуына тосқауыл қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға