Жаңалықтар

ІІМ шетелдік азаматтар ұйымдастырған ауқымды есірткі өндірісін жойды

ІІМ шетелдік азаматтар ұйымдастырған ауқымды есірткі өндірісін жойды
Фото: © Polisia.kz 31.10.2023 14:16 869

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті астаналық және ақмолалық әріптестермен бірлесіп, жақын шет елдердің азаматтары ұйымдастырған жасырын есірткі өндірісін жойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, күдіктілер елімізге Астанада есірткі өндірісін ұйымдастыру және оларды өткізудің ірі арнасын жолға қою үшін келген. Алдымен, яғни мамыр айында елге қылмыстық бизнестің ұйымдастырушысы келген. Ол Астанада пәтер жалдап, есірткі зертханасын іске қосуға дайындалған.

Осы мақсатта Ақмола облысының Ерейментау қаласының шетінде үй, Қазақстанға шетелден келетін сыбайластары пайдалану үшін автокөлік сатып алған. Барлық қажетті құрал-жабдық пен прекурсорларға тапсырысты қылмыскер интернет арқылы есірткі өндірісіне маманданған сайттарда беріп отырған.

Олар контрабандалық жолмен жеткізілді. Күдікті осы кезеңде полицияның назарына ілікті. Қылмыскерлер қауіпсіздік шараларын ұстануға тырысқан. Үйге жақын жерлерде түнде қарауға арналған үш камера орнатылған, олар ауланың периметрін бақылауға және сәл күдік туған кезде өндірісті жасыруға мүмкіндік берді. Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін ұйымдастырушыға көмектесу үшін оның сыбайластары жетті.

Полицейлердің жоғары дайындығы мен келісілген іс-қимылдардың арқасында есірткі зертханасының жұмысы бастапқы кезеңде тоқтатылды. Қылмыскерлер есірткі синтезінің соңғы циклінде ұсталды, бұл олардың қылмыстық әрекеттерінің қажетті дәлелді базасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қала көшелеріне 12 келіден астам мефедрон жіберілмеді. Бұл қауіпті препараттың шамамен 60 мың дозасын құрайды. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірткі өндіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары 40 жасырын есірткі зертханасын жойды. Оның үшеуінде шетел азаматтары жұмыс істеген. Заңсыз айналымнан 195 кг дайын психоактивті заттар мен 79 тонна прекурсор тәркіленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға