Жаңалықтар

ІІМ Петропавл мектебіндегі қылмыстық істің мән-жайын түсіндірді

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды
ІІМ Петропавл мектебіндегі қылмыстық істің мән-жайын түсіндірді
Фото: Үкімет 14.02.2023 10:40 1260

Петропавл қаласында №4 орта мектепте болған қылмысқа байланысты Ішкі істер министрлігі толық мән-жайын тарқатты. Бұл туралы Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«10 ақпанда Петропавл қаласының Полиция басқармасына №4 мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жедел тергеу тобы шығып, тергеп тексеру барысында сағат 07:40-та рюкзагынан асханалық пышақ, балта және қолдан жасалған маска болған 9 сынып оқушысы анықталды. Ол сағат 07:50-де екінші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, біріншіден 10 сынып оқушысының басынан балтамен 2 рет ұрып, одан кейін 10 сыныпта оқитын қыздың иығынан және басынан 2 рет ұрған және де 9 сынып оқушысының басынан ұрғаны белгілі болды. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары және мұғалімдері ұстаған. Қазіргі таңда 2 жәбірленуші қалалық емханада жатыр. Жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылған», - деді ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3 бөлігі, 99 бабы 2 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңды өкілі болып анасы анықталды.

«Күдіктінің психикалық денсаулығында мәселе бар. Алматы қаласының республикалық психикалық денсаулық ғылыми тәжірибелік орталығының жалы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген», - деді Марат Қожаев.

№4 орта мектепте екі ауысым бойынша сабақ береді. 39 сынып, 984 оқушы және 70 мұғалім жұмыс істейді. Оның біреуі психолог. Мектепте және оның аумағында 42 бейне бақылау камерасы және 5 дабыл орнатқышы бар. Оқиға болған күні мектептің бірінші қабатында күзет болғаны анықталды. Тергеу бойынша жағдай бақылауға алынғанын атап өтті.

Бұл мәселе бойынша ҚР Премьер министрі Әлихан Смайылов:

«Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдатушылық тудырды. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу керек. Бейне бақылау камераларының санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», - екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға